Демократиялық күштер коалициясы Үндеу қабылдады

Демократиялық күштер коалициясы Үндеу қабылдады
ашық дереккөз
Демократиялық күштер коалициясы Үндеу қабылдады

Таразда елорда атауының өзгеруіне байланысты демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» облыстық коалициясының отырысы өтті. Елдегі елеулі саяси оқиғаларға байланысты ой-пікірлерін талқыға салып, ой бөліскен саяси партиялардың өңірлік филиалдарының жетекшілері мен облыстық мәслихаттың депутаттары, жоғары оқу орындарының басшылары мен үкіметтік емес ұйым мүшелері қатысқан жиында бас қаланың атауы Нұр-Сұлтан болғанын қолдайтындықтарын жеткізді. Отырысты «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде демократиялық күштердің облыстық коалициясының бүгінгі отырысы ел тарихындағы ең жауапты әрі аса маңызды кезеңде өтіп отырғанына тоқталып, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің есімі аса көрнекті реформатор, ұлы саясаткер ретінде тарихымызға алтын әріптермен сөзсіз жазылатынын айтты. «Елбасының экономикалық және саяси реформалары мен ауқымды жаңғыру бағдарламалары еліміздің қарыштап дамуына ықпал етті. Мемлекетіміздің серпінді дамуының берік негізін қалады. Халықтың әл-ауқатының өсуі – «әуелі экономика содан кейін саясат» ұстанымының жемісі. Тұңғыш Президентіміз үнемі халықтың өмір сапасын арттыруға, жастар мен көпбалалы отбасыларды қолдауға, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамытуға көңіл бөліп, басты назарда ұстап келді, – деді Шәбден Тоқтасынұлы. Астана мен Елбасы – біте қайнасқан егіз ұғым. Тәуелсіздігімізді тұғырлы ете түскен Сарыарқаның төсіндегі жаңа ордамызда бой көтерген әрбір ғимарат, әрбір көшенің сәулеті ерекше. Одан Қазақстанның Тұңғыш Президентінің қолтаңбасын тануға болады. Жиында осы бір талқыға салынбайтын шындықты алға тартқан «Жамбыл облысының кәсіподақ орталығы» кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген: «Оны ешкім ешқашан жоққа шығара алмайды. Елордаға Қазақстанның Тұңғыш Президентінің есімін беру – халықтың ұсыныс-пікірі. Біз күнде жан-жақтан хабар алып отырмыз. Жұмысшылар, еңбеккерлер, кәсіподақ ұйымының басым көпшілігі осы қадамға қолдау білдіруде», – деді. Жиында «Ақ жол» демократиялық партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Сейсекүл Әбсаттарова, Қазақстан халықтық коммунистік партиясы облыстық комитетінің бірінші хатшысы Жарылқасын Нұралиев, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы Тараз қалалық филиалының төрағасы Қайрат Байжанов, «Бірлік» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Балтабай Ахметов сөз алып, Елбасы есімінің елордамызға берілуі ел дамуының жаңа кезеңіндегі аса маңызды қадам екенін айтты. Соңында барша қазақстандықтарды Қазақстанның Тұңғыш Президенті айқындаған елдің стратегиялық басымдықтарына сөзбен де, іспен де толық қолдау көрсетуге және Елбасының тәуелсіздікті күшейтуге, елді жүйелі жаңғыртуға, сондай-ақ әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саясатын жалғастыруға, астанамыздың атауын өзгерту туралы тарихи шешімге үн қосуға шақырған Үндеу қабылданды. Негізі демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық коалициясы «Nur Otan» партиясының бастамасымен құрылғаны белгілі. Ол 5 саяси партияның және 24 ірі қоғамдық бірлестіктің басын біріктіріп, 6,5 миллион қазақстандықтың мүддесін қорғайды. Сондай-ақ коалиция елімізде болған кез келген саяси оқиға мен стратегиялық маңызы бар бастамаларға қатысты бірден өз пікірін білдіріп, әртүрлі ұсыныстарын жолдап отырады.

«Aq jol-Aqparat».

Ұқсас жаңалықтар