Бастауыш партия ұйымдарында жаңғыру бар

Бастауыш партия ұйымдарында жаңғыру бар
ашық дереккөз
Бастауыш партия ұйымдарында жаңғыру бар

Бүгінде «Нұр Отан» партиясының халықты ортақ мақсатқа жұмылдырып, елдік мүдде үшін өзара біріктіруші саяси күшке айналғаны – уақыт шындығы. Өткен жиырма жылдың белесінде партия елімізде атқарылған ауқымды шаруалардың басы-қасында болды. Игі шаралардың бастауында тұрды. Мемлекеттің берік стратегиялық мақсаттарының қалай жүзеге асырылып жатқанын назарда ұстап, қоғамдық бақылаушының рөлін атқарды. Осы істерді үйлестіре жүріп, ең бастысы, тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ түріп, жұрт тілегін билік органдарына жеткізіп, орындалуына ықпал етті. Уақыт – барлық іске төреші. Саяси ұйым құрамының санынан гөрі сапасына көбірек көңіл бөлген партия 20 жылда талай іске бастамашы болды. Дегенмен қазіргі заман талабы ішкіпартиялық жұмыстарды жаңғырту қажет екенін алға тартып отыр. Әсіресе бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жаңа бағытта, жаңаша жүргізу керектігі айқындалды. «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы жұмыс жоспарын осы бағытта құрып, тың серпіліспен, жаңа тыныспен алға қарай қарқынды дамып келеді «Нұр Отан» партиясының ішкіпартиялық жұмыстарын жаңа биіктерге көтеру, қоғаммен арадағы кері байланысты нығайтуда бастауыш партия ұйымдарына жүктелер жауапкершілік аз емес. Ал оларға талапты жаңаша қою үшін біз аудандағы 30 бастауыш партия ұйымының барлығын жеке жұмыс кабинетімен қамтыдық. Біздің ішкіпартиялық жұмыстарды жетілдіруімізге «Ең үздік бастауыш партия ұйымы» республикалық байқауының тигізген әсері көп болды. Осы шара партияның аудандық филиалына жаңаша леп әкелді десем, артық айтқандық емес. Мысалы, 2016 жылғы байқауда аудандағы «Орталық» бастауыш партия ұйымы республикалық бәсекеде бас жүлдені жеңіп алғаны басқа ұйымдарды да ынталандырды. Сөйтіп, өзгелері де өз жұмыстарын көрсетуге ұмтыла бастады. Өткен жылғы республикалық бәсекеде «Б.Момышұлы» бастауыш ұйымының жүлделі 2-орынды иеленуі – соның жемісі. Республикалық байқауда аудандық филиалдан екі бірдей бастауыш ұйымның жеңімпаз атанғаны – үлкен жетістік. «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының қолдауымен жүзеге асырылып келе жатқан бұл ізгі бастама бүгінгі таңда партия жұмыстарының нәтижесін көрсетіп отыр деуге болады. Жалпы былтыр біз бірқатар жетістіктерге қол жеткіздік. «Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумын іске асыру мақсатында ұйымдастырылған «Арыңды таза ұста» үздік әлеуметтік бейнеролик республикалық байқауында жеңімпаз атандық. «Нұр Отан» партиясының соңғы жылдары қолға алынған партиялық кадрлық резерв саясаты ауданда жүйелі іске асырылуда. Мәселен, партиялық кадрлық резервтен іріктелген бастауыш партия ұйымдарының белсенді жетекшілері Г.Мұсаханова мен Р.Сайлаубаев осы жүйе арқылы аудандық мәслихат депутаты мандатына ие болды. Жоғарыда атап өткенімдей, «Нұр Отан» партиясы әрқашан тұрғындар жанынан табылып, солардың өтініш-тілектерінің орындалуына атсалысып келеді. Партияның аумақтық филиалдарындағы қоғамдық қабылдау бөлмесі бұл міндетті мінсіз атқарып отыр. Соңғы екі жылда мұнда тұрғындардан түскен 659 өтініштің 353-і оң шешімін табуы, қоғамдық қабылдауларда 306 азаматқа құқықтық кеңестер берілуі – соның дәлелі. Тіпті 2018 жылы «Ең үздік қоғамдық қабылдау бөлмесі» республикалық байқауының облыстық кезеңінде жүлделі 3-орынға ие болғанымыз – осындай жоспарлы жұмыстарды жүргізгеніміздің нәтижесі. Елбасы-Партия Төрағасы Н.Назарбаев Жолдауларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесіне кеңінен тоқталып өтетіні белгілі. Сондықтан филиалдың Партиялық бақылау комиссиясы мен филиал жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес бұл бағыттағы жұмыстарды бәсеңдеткен емес. Нәтижесінде соңғы жылдарда Сыбайлас жемқорлыққа жол берген партия мүшелері тіркелген жоқ. Партияның идеологиялық жұмыстарының негізгі бағытына айналған жобалары жергілікті тұрғындарды, оның ішінде жастарды Елбасы-Партия Төрағасының қасына топтастырып отыр. Жуалылық жас өрендер Жастар жылының ашылу салтанатында сөйлеген Президент сөзін ерекше ынта қойып тыңдады. Өйткені Мемлекет басшысы елімізде мемлекеттік жастар саясатын жан-жақты қолдау мен жүзеге асыруға бағытталған ауқымды іс-қимыл жоспарының жаңаша жүргізілетінін жеткізді. Бұл жолы да «Нұр Отан» партиясына үлкен жауапкершілік жүктеді. Нұротандықтар Ұлт Көшбасшысының барлық бастамаларын жүзеге асыруда үнемі алда жүреді. Мәселен, былтыр ауылды жерлерде коворкинг орталықтарын ашу туралы бастама көтерілгенде, біз облыста алғашқы болып екі орталық аштық. Ал партиялық жобалар аясында ашылған ақпараттық технологиялар тілін үйрететін сыныптарда оқушылар бағдарламалар жасап, робототехника жетістіктерін игеруде. Партияның қоғамдағы рөлі мен белсенділігін арттыру үшін біздің филиал әрқашанда өз жұмысын нақты нәтижеге қол жеткізуге, қарапайым адамдардың мәселесін шешуге бағыттайды. Себебі біз көпшілік сеніміне осындай қажырлы еңбектің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Біздің алдымызда әлі қыруар істер мен міндеттер тұр. Соның бірі – «Нұр Отан» партиясының мерейтойын лайықты атап өту.

Анар АХМЕТОВА, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар