Кітапханалар мобильді стандартқа көшіріліп, «Қасиетті Тараз» сайты ашылды

Кітапханалар мобильді стандартқа көшіріліп, «Қасиетті Тараз» сайты ашылды
ашық дереккөз
Кітапханалар мобильді стандартқа көшіріліп, «Қасиетті Тараз» сайты ашылды
Өңірдің мәдениетін өркендету жолында өткен жылы ауыз толтырып айтарлықтай тірліктер тындырылған. Оның дәлелі ретінде ауылдық жерлердегі мәдениет нысандарының жұмысын жүйелеу, архивтерді цифрландыру, ақпараттық орталық құру, бұдан өзге аймақта өтетін мәдени көпшілік іс-шаралардың маңыздылығын арттыру секілді жұмыстардың ойдағыдай орындалғанын айтсақ та жеткілікті. Аймақ басшысы Асқар Мырзахметовке есеп берген облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев міндеттелген межелердің көрсеткіштеріне тоқталды. Оның айтуынша, облыс әкімі мен аудан әкімдері, басқарма мен аудан әкімдері арасындағы нақтыланған межелі индикаторлардың арқасында саладағы жұмыстар жүйеленіп, оң нәтижелер бере бастаған. Атап айту керек, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес былтыр аудандарда 71 цифрландырылған ақпараттық орталық ашылған. Бұл негізінен ауыл тұрғындарының игілігіне арналған. Ауылдықтар орталық арқылы бүгінде www.egov.kz порталымен 6 түрлі мемлекеттік қызметті алуда. Сондай-ақ былтыр бірқатар жастардың бас қосатын пікірталас алаңдары – коворкинг орталықтары да пайдалануға берілген. Өңірдегі кітапханалар мобильді стандартқа көшіріліп, «Қасиетті Тараз» сайты жұмысын бастаған. Басқарма басшысы өткен жылы Әлжан ана музейі, Жуалы аудандық тарихи-өлкетану музейі мен «Желтоқсан, 86» орталықтарының ашылғанын жеткізді. Сондай-ақ шығармашылық саласында да ілкімді істердің атқарылғанын тілге тиек етіп, өңірдегі өнер ұжымдарының шетелдермен мәдени байланысы нығая түскенін айтып өтті. Жиында ағымдағы жылға арналған жоспарлы шаралар да айтылды. Биыл Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойы десек, басқарма бұл орайда өлке шежіресінен сыр шертетін көптомдық кітаптың алғашқы 80 томын жарыққа шығаруды көздеп отыр. Бұдан бөлек, ауқымды 7 мәдени шара өтеді деп күтілуде. Соның бірі – былтыр бастау алған «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысы. Қазіргі таңда республикалық айтыстың аудандық, облыстық іріктеулері өтіп, оған өңіріміздегі 100-ден астам таланттар қатысып, бақ сынауда. Атқарылған шаруалар аз емес, алайда түйткілді мәселелер де бар болып шықты. Мәселен, өңірде өнер мектебін ашу туралы ұсыныс әлі берілмеген. 26 елді мекенге клуб қажет десек, тиісті шаралар аудан әкімдері тарапынан сылбыр атқарылуда екен. Қордай мен Шу аудандарындағы мемлекеттік архивтер ғимараттарының жай-күйі де назарға алынды. Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы ғимаратының сыртына жөндеу жұмыстарының керектігі де сөз болды. Облыс әкімі Асқар Исабекұлы орындалмаған хаттамалық тапсырмалар бойынша жауаптыларға нақты жұмыстар жүргізуді міндеттеді. Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ұқсас жаңалықтар