Ежелден өркениеттің ошағымыз

Ежелден өркениеттің ошағымыз
ашық дереккөз
Ежелден өркениеттің ошағымыз

Журналистер жолда көп жүреді. Кейде апталап іссапарда болады. Алуан адамдармен кездесесің... Лұқпан хакім айтқандай, жақсы, зиялы азаматтармен әңгімелессең, жансарайың ашылып, бір жасап қаласың. Көңілің құлазып, мұңға бататын кез де болады. «Бақ – бағалағанның басында тұрады». Аспандағыны аңсап, жердегіге мұрнын шүйіріп жүргендердің астамшыл сөздерін естігенде, «Біз осы барымызды бағалай алмай жүрген жоқпыз ба?» деген ойлар мазалай береді. Таяуда автобуста кетіп бара жатқан бір топ жолаушыны алаңдатқан, дұрысы – ашындырған бір әңгіме болды. Ортадағы орындықта отырған, жасы отызды алқымдаған бозбала қасындағыларға әрнәрсені айтып, бастарын қатырып келеді. Арасында саясат та айтылып жатыр. Бір кезде ол: «Қазақстанға өркениетке жету қайда?» деді шімірікпей. Мына сөз онсыз да одан ығыр болған жолаушылардың шымбайына батып кетті. Оны жабайы аралардай бас салды. – Қазақстан – ежелден өркениеттің ошағы емес пе? – Мына бала Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласын оқымаған ғой... – Көрмес – түйені де көрмес... – Өз еліңді жамандап, жақсыны қайдан табасың? Ол жаңбырша жауған сауалдарға жауап бере алмай дағдарып қалды. Үні өшті. Ел іші болған соң біліп те, білмей де сөйлейтіндер болады. Жоғарыдағыдай ұшқары сөйлейтіндер ілуде бір кездессе, көз жұмып қарауға болар еді. Кейде «Менмін» деп жүрген азаматтардың еліміздің келешегіне күмәнмен қарап, сары уайымға салынып, Америкадағыдай өмірді аңсап жүргеніне қайран қаласың... Рас, Америка – экономикасы қарыштап дамыған бақуатты ел. Әйтсе де ол біз үлгі алатын, мақтан тұтатын мемлекет пе? Христофор Колумб 1493 жылы ашқан, Еуропадан келген қоныстанушылар жергілікті 12 миллион тұрғынды өлтіріп, солардың сүйектерінің үстіне орнатқан мемлекет қандай тарихымен мақтана алады? Елбасы: «Қазақтың тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ», деді. Тарихқа үңілсек, қазақ айналасындағы елдердің жерін жаулап алу үшін басқыншылық пен шапқыншылық жасамаған. Өз жерін қорғап қалу үшін қасық қаны қалғанша күрескен. Ұлт болып ұйысқалы бері халқымыз жері мен бостандығы жолында Тәуелсіздік алғанға дейін 300-ге жуық ұлт-азаттық күресін бастан кешіріпті. Осы мерзімде еліміз мың өліп, мың тірілді. Жазушы Ілияс Есенберлиннің «Алтын орда» кітабында 1660 жылдары қазақтардың саны 2 миллионнан асқан деген дерек келтіріледі. Жоңғар, ойрат және қалмақтармен болған жойқын ұрыстар, әйгілі Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан кейін халқымыздың саны 1 миллион 200 мыңға кеміп кеткен. Бұдан кейін де қазақ жерінде қаншама қанқасап шайқастар болды десеңізші?! Әйтсе де ата-бабаларымыз ұшса, қыран қанаты талатын, шапса, тұлпар тұяғы тозатын, дүниежүзінде көлемі жөнінен тоғызыншы орынды алатын ұлан-ғайыр жерді ұрпақтарына сақтап қалды. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ». Біле білсек, қазақтардың, қазақстандықтардың басты байлығы – Тәуелсіздік пен кең байтақ жеріміз. Ғұндардың атақты билеушісі Мөде: «Жері жоқ ел бола алмайды, жері жоқ ел мемлекет құра алмайды» деген екен. Тарихқа көз жүгіртсек, әлемде соғыс атаулының дені жер үшін болғанын анық аңғарасың. Азия мен Еуропаны күрд деген ұлт мекен етеді. Әр елде өмір сүріп жатқан олардың саны кейінгі кезде 60 миллионға жетті деген дерек бар. Олардың жері жоқ болған соң мемлекеті де жоқ. Жапонияда, аядай ғана аралда 150 миллионға жуық адам тұрады. Бұл елде 1 шаршы метр жердің құны 37 миллион иенге бағаланады. Онда 1 гектар жері бар азаматтың қандай байлыққа ие екенін есептеу қиын емес шығар... Еуропада бірнеше миллион тұрғындары бар Бельгия, Бомако, Швейцария, Люксембург және Голландия сияқты мемлекеттер алақандай жерде күн кешіп жатыр. Ол елдерде басқаны айтпағанда өлген адамды жерлеу – үлкен мәселе. Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди Қазақстанға ресми сапармен келген кезде біздің елдің тұрғындары небәрі 18 миллион екенін естіп, құлап қала жаздапты. Дүниежүзінде жер көлемі жөнінен жетінші орын алатын, халқының саны 1,5 миллиардқа жуық, Дели, Калькутта және Бомбей сияқты қалаларда 18-25 миллионға дейін тұрғыны бар мемлекеттің басшысының бұл таңқалысын әбестік санауға да болмайды. Жатжұрттықтардың жиі-жиі шапқыншылығы халқымыздың бейбіт өмір сүріп, өркендеуіне, еңсе тіктеуіне мүмкіндік бермеді. Ресейдің бодандығында болған 300 жыл ұлттың болмысы мен санасына кері әсерін аз тигізген жоқ. Демек, Елбасы: «Бұрын біз тірі болу үшін күрессек, енді ірі болу үшін күресуіміз керек» деп текке айтпаған. Біз КСРО тарихынан «Ұлы Қазан төңкерісіне дейін қазақтардың екі пайызы ғана сауатты болған» деген жала мен жалғанды оқып өскенбіз. Арамызда бұған сеніп жүргендер әлі бар. Әйтпесе, «ертеңіміз» деп жүрген жас жігіт «өркениеттің ауылы алыс» деп сәуегейсір ме еді? Кезінде КСРО мемлекеті өркендеу бойынша әлемдегі дамушы мемлекеттерден 50 жылға кенжелеп қалғаны белгілі. Ал кеңестік империяның шикізат базасы болған, өңдеу өнеркәсібі дамымаған Қазақстан өркениет көшінен қанша жылға кешеуілдеп қалғанын есептеген жан бар ма екен? Отарлаушылар бодан елді оңдыра ма? Ол аздай жеріміздің 22 пайызын полигонға айналдырды. Тілімізден, ділімізден және дінімізден айырылып қала жаздадық. 1980 жылдары ҚазМУ-дің журналистика факультетінде оқып жүрген кезімізде бізге сабақ беретін бірқатар жазушылар: «Енді 30 жылдан кейін қазақ кітаптарын оқитын оқырман қалмайды» деп алаңдаушылық білдіретін. «Барға – қанағат, өткенге – салауат», «Ештен кеш жақсы», «Игілікті істің ерте-кеші жоқ». Құдайға шүкір! Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері ғаламат өзгерістер жүзеге асырылуда. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілуде. Республикамызды әлемге таныту, әлеуметтік-экономикалық жағдайымызды жақсарту жолында көптеген игілікті істер атқарылуда. Тұтас ірі қалалар салынып, ауылдағы елді мекендер жаңа келбетке ие болуда. Осы тұста бір оқиға еске түсе береді. 1980 жылы бір топ азаматпен бірге аты аңызға айналған Айша бибі кесенесіне келдік. Аты дардай ескерткіштің қолды болған кірпіштерін, қираған мүшкіл кейпін көріп, көңіліміз су сепкендей басылды. Сонда ортамызда тұрған бір азамат: «Қасиетті жерге зиярат ету үшін алыс жерден күнделікті ондаған адам келеді. Кесене айналасына неге гүл өсірілмеген?» деп қынжылған болатын. «Дін – апиын» деп өзеуреген заманда оны жасауға кімнің батылы барды? Тәуелсіздік алған жылдары бұл олқылықтың да орны толды. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен ол әлем халқына мақтанышпен көрсететін нысанға айналды. Елімізде бүгінде жан жадыратар, көкірегіңді мақтаныш сезіміне толтыратын осындай игілікті істерді мыңдап мысалға келтіруге болады. Тарихи-мәдени мұраларымызды түгендеуде де ұшан-теңіз жұмыстар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Елбасы еліміздің алдына әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына қосылу міндетін қойды. Бұл – біреулерге, пессимистер үшін утопия болып көрінуі мүмкін. Қазақ елінің бұл биікті бағындыруға адами және материалдық әлеуеті толық жетеді. Бұған дәлелдерді мыңдап келтіруге болады. Қазақстанда Менделеев кестесіндегі элементтердің бәрі кездеседі. Кестеде осыдан 40 жыл бұрын 105 элемент болса, қазір олардың саны 116 ға жетті. Рений, осмий және висмут сияқты өте қымбат, әр грамының құны 100 мың долларға бағаланатын элементтер тек еліміздің аумағынан ғана табылады. Ғалымдар «Қазақстан аумағында барланбаған жер әлі де баршылық» дейді. Тек Жамбыл облысының аумағында ғана 140 миллиард АҚШ долларына бағаланған болжанған кен қоры бар екен. Елімізде тәуелсіздіктің ширек ғасырында ғана ел игілігі үшін ғасырға пара-пар орасан істер атқарылды. Кәсіпкерлікті дамыту жолында 40-қа жуық мемлекеттік бағдарлама қабылданып, жүзеге асырылуда. Облысымыздағы көршілес мемлекеттерге барып-келіп жүрген кәсіпкерлер біздегі шағын және орта бизнесті өркендетуге жасалып жатқан жағдайларды естігенде ол жақтағы бизнесмендердің қызғаныштан жылап жібере жаздайтынын күле отырып әңгімелейді. Бізде кәсібін өркендетемін деушілерге бағдарлама аясында өсімі аз несие беріледі. Салатын кәсіпорныңа инфрақұрылым жүргізіледі. Нысан салуға жұмсалған қаржының жартысына жуығын мемлекет өтеп береді. Әлбетте, кәсіпкерлердің адымын аштырмай қолдан жасалып жатқан кедергілер аз емес. Банктер мен шенеуніктер, басқа да кәсіпкерлерді әуре-сарсаңға салушылармен күрес жүргізілуде. Ең өкініштісі, көп кәсіпкерлерде отансүйгіштік сезім жетіспейді. Қаншама мүмкіндіктер жасалып жатқанына қарамастан кәсіпкерлеріміз мейрамхана, қызмет көрсету орындарын салумен шектелуде. Өңдеу өнеркәсібін өркендетуге құлықсыз. Соның салдарынан ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеретін ауыл шаруашылығы шикізаттарын өңдеуге жете көңіл бөлінбей келеді. Басқаны былай қойғанда, импорттан келетін тауарлар арасында азық-түлік өнімдері әлі де көп. Ал біздің кәсіпкерлеріміз оларды дүкен сөрелерінен қашан ығыстырады? Дейтұрғанмен экономика саласында ілгерілеушіліктер аз емес. Мемлекеттік Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында елімізде жыл сайын жүздеген ірі кәсіпорындар салынып, іске қосылуда. Нәтижесінде қазақстандықтар халық шаруашылығына аса қажетті тауарлармен қамтамасыз етіліп, бір бөлігі экспортқа шығарылуда. Бүгінде Қазақстан әлемнің 120-дан астам еліне 1000-нан астам тауар түрлерін экспорттайды. Шетелдік сарапшылар еліміз ауыл шаруашылығын дамыту арқылы ғана әлемдегі ең бай да қуатты мемлекеттер қатарына қосыла алатынын жиі айтып келеді. Бұл – орынды. Қазақтың ауасы мен суы таза кең-байтақ жерінде экологиялық жағынан мінсіз өнім өндіріледі. Сондықтан да оған келешекте сұраныс арта түседі. Қазақстанның флорасы мен фаунасы туралы әңгіме қозғалғанда да көкірегіңді мақтаныш сезімі кернейді. Президент «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында Қазақстанның алма мен қызғалдақтың отаны екеніне айрықша тоқталды. Еліміздің аумағында 6 мыңға жуық өсімдік түрлері кездеседі. Ғалымдар дүниежүзінде жер көлемі бойынша бірінші орынды иеленетін Ресейде өсімдік түрлері біздегіге қарағанда едәуір аз екенін жазады. 1985 жылы республиканың бұқаралық ақпарат құралдарында Ақсу-Жабағылы қорығы аумағында 6010 түрлі өсімдік кездесетіні туралы хабарланды. Олардың арасында медицинада кеңінен қолданылатын, дәрі жасалатын өсімдіктер де көп. Олар әзірге шикізат ретінде шет мемлекеттерге арзанға өткерілуде. Келешекте дәрі жасайтын кәсіпорындар ашылса, қыруар пайдаға кенелеріміз сөзсіз. Республикадағы аузы дуалы, көзі қарақты бірқатар азамат Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы уақытынан біршама кешігіп шықты деген пікірлер айтты. Олардың пайымы дұрыс та шығар. Көрген көзде, естіген құлақта жазық жоқ. Арамызда орыс болып тумағанына өкініп, қазақ болып туғанына қапа болып жүргендер де кездеседі. Ондайлармен әңгімелессең, өмірінде ана тілінде газет және кітап оқымағанын аңғарасың. «Уызына жарымаған» олардың ұлт, тарихымыз, мәдениетіміз және әдебиетіміз туралы түсінігі қараңғы. Бұған кінәлі кім? Әлбетте, әуелі ата-ана. Әйтпесе, қазақтың әлемге жар салып, мақтан тұтатын, шаттанатын рухани байлығы мен құндылықтары аз ба? Кейінгі кезде дүниежүзі ұлтымыздың сөздік қоры мол екенін мойындай бастады. Ағылшынның атақты жазушысы У.Шекспир барлық шығармаларында 14 мыңнан астам, ал заңғар жазушымыз М.Әуезов тек «Абай жолы» эпопеясында 16 мыңнан астам сөз қолданғаны белгілі. Қазақтың сөздік қорында 166 мың сөз бар. Біріккен Ұлттар Ұйымының тіліне, әлемдік халықаралық тіл мәртебесіне ие болған орыс тілінің қорында 60 мың ғана сөз бар екен. Халықаралық тіл мәртебесін алған португал, бенгал, малай және хинди тілдерінің сөздік қоры қазақпен салыстырғанда жіп есе алмайды. Қазақтың аса дарынды халық екенін ежелден талай әлемге әйгілі кемеңгерлер, ұлы адамдар, зерттеушілер мен шежірешілер жазып кеткен. Әміре Қашаубаев 1925 жылы Парижде ЭКСПО көрмесінде әлем жұртшылығын аузына қаратты. Одан басқа дүниежүзіне танымал жезтаңдай әншілеріміз бен дәулескер күйшілеріміз қаншама? Күй атасы – Құрманғазының өзі 200-ден астам, ал шертпе күйдің шебері Тәттімбет бабамыз соңына 40 тан астам күй қалдырып кетіпті. Қазақта 300 эпостық жыр бар. Мұндай мол рухани қазынаны қанша халықтан шырақ алып іздесең де таппайсың... Белгілі жазушы, этнограф және зерттеуші Ақселеу Сейдімбек «Күңгір-күңгір күмбездер» деген кітабында ұлтымызда 6 мыңға жуық күй, жеті мыңға жуық ән бар деп жазады. Байлықтың ең үлкені – рухани байлық. «Бәрін айт та бірін айт» демекші, «өркениеттің ауылы қайда?» дейтіндер мен Америкада тұруды аңсайтындар тарихымыздың терең әрі бай, қазақтың қабырғалы ұлт екенін, материалдық және рухани құндылықтарымыздың орасан көптігін білсе, өз елінің патриоттары болса, шіркін! Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалаларын жазғандағы мақсаты да осы емес пе? Ақылжан МАМЫТ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар