Джермалл Чарло Головкинмен жұдырықтасқысы келеді

Джермалл Чарло Головкинмен жұдырықтасқысы келеді
ашық дереккөз
Джермалл Чарло Головкинмен жұдырықтасқысы келеді
WBC тұжырымы бойынша орта салмақта әлемнің уақытша чемпионы америкалық Джермалл Чарло ресейлік Матвей Коробовты төрешілердің бір жақты шешімімен жеңіп, өзіне тиесілі белбеуді сақтап қала алды. Бұған дейін бүкіләлемдік бокс кеңесі Джермалл Чарло мен Геннадий Головкинді шаршы алаңда кездестіру туралы ұйғарым қабылдаған еді. WBC президенті Маурисио Сулейман бұл шайқасты элиминатор кездесу ретінде ұйымдастыру қажеттігін тіліне тиек еткен-ді. Нақтылап айтсақ, Чарло – Головкин шайқасының жеңімпазы мексикалық Сауль Альвареспен жұдырықтасу мүмкіндігіне ие болады. Әйткенмен Геннадий Головкиннің командасы Альвареспен тікелей жекпе-жек өткізуді қалайды. Қазақстандықтың промоутері мен менеджерінің ұстанымы сондай. Алайда Чарлоға қарсы кездесу де қызық болатыны сөзсіз. Америкалық боксшы өз сөзінде Геннадий Головкинмен қолғап түйістіруге қарсы еместігін жеткізді. – Ереже бойынша Геннадий Головкин менің негізгі қарсыласым саналады. Дегенмен жұрт күткен жекпе-жектің қашан өтетінін мен білмеймін. Алайда менің ұстанымым баршаға мәлім. Мен оған қарсы шаршы алаңға шығуға тастүйін дайынмын, – дейді Джермалл Чарло өз ойын білдіріп. Геннадий Головкиннің шаршы алаңға келесі жылы оралатыны мәлім. Бірақ қазақстандық боксшы әзірге кіммен жұдырықтасатыны белгісіз. Неде болса уақытында көре жатармыз.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Ұқсас жаңалықтар