Қарияларға құрмет көрсетілді

Қарияларға құрмет көрсетілді
ашық дереккөз
Қарияларға құрмет көрсетілді

Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс әкімі Асқар Мырзахметов Тараз қаласында тұратын бірнеше қарияның шаңырағына атбасын бұрып, сәлем берді.

Өңір басшысы алдымен ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметованың үйінде болып, белгілі қаламгерге «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісін тапсырды. Абыз ана да өз кезегінде ел азаматына ақ батасын беріп, алғысын жаудырды. Асқар Исабекұлы содан кейін Ұлы Отан соғысының ардагері Мұсахан Бердібаевтың, облыстық ардагерлер ұйымының мүшесі Анатолий Гусаровтың шаңырақтарына барып, Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Облыс әкімі оларға да «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісін тапсырып, сый-сияпат жасады.

* * *

Байзақ ауданындағы Қызыл Жұлдыз ауылының тұрғыны, биыл жүз жасқа толған Социалистік Еңбек Ері Мәрзия Ибрагимова кезінде адал еңбек пен төккен терінің арқасында танылған жан. «Еңбегім елге болсын» деген ұстаныммен күн кешкен адам қай кезде де қоғам тарапынан елеусіз қалмайды. Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков Мәрзия Рысбайқызының үйіне арнайы барып, мерейлі мерекемен құттықтады. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің сәлемін жеткізіп, гүл шоқтарын ұсынды. Сонымен қатар қарт ананың кеудесіне аймақ басшысының өкімімен бекітілген «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісін тақты. – Сіздің елге сіңірген еңбегіңіз көптің көз алдында. Тынымсыз төккен тердің арқасында көпке танылған ақ жаулықты аналарымыздың ісі бізге үлгі, ұрпаққа өнеге. Тегінде қазақ «еліне елеулі, халқына қалаулы» деп сіздей кісілерді айтса керек, – деді Бекболат Серікбекұлы. 1918 жылы дүние есігін ашып, 29 жасында қант қызылшасын межеден асыра орындағаны үшін «Социалистік Еңбек Ері» атағын алған кейуана өз кезегінде жастық шағын сағынышпен еске ала отырып, өнегеге толы өмірінен естелік айтты. – 1939 жылы өмірлік жолдасым Тасболат Ибрагимовке тұрмысқа шыққалы бар ғұмырым балтамыр баптаумен өтті. Сегіз әйел төрт гектар жерге қант қызылшасын егіп, соның күтімімен айналыстық. Таңның атысы, күннің батысы жерді өңдеу барысында алқапқа өгіз арбасымен қи таситынбыз. Ол уақытта қызылшаның шөбін шабу, жекелеу, суару секілді жұмыстың бәрі қолмен атқарылатын. Қызылшаны егіп, қара күзде қазып алғанша егістікті 11-12 мәрте суаратынбыз. Осы еңбегіміздің арқасында звено жетекшісі бола жүріп, лайықты құрметке ие болдық. Отбасымда екі ұл, үш қыз тәрбиелеп, немере-шөберенің қызығына бөленіп отырған жайым бар. Мені елеп-ескерген облыс, аудан басшыларына рахмет! Бүгінгі ұрпақ бақытты. Себебі Тәуелсіздік күні – мерекенің сұлтаны. Алла бізді осы бейбіт өмірден айырмасын, – деді Мәрзия Ибрагимова.

* * *

Облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке де мереке қарсаңында Тараз қаласында тұратын 4 соғыс және еңбек ардагерінің шаңырағына атбасын бұрды. Тимур Амантайұлы алдымен ерлі-зайыпты майдангерлер – Владимир мен Галина Колесниченколардың отбасында болып, қарияларды мерекемен құттықтады. Владимир Васильевич әлі тың. Екеуі де Беларусь майданында болған. Отағасы пулеметші, ал отанасы байланысшы болып, сұрапыл соғысқа бастан-аяқ қатысқан. Соғыстан кейін екеуі облысымызға көшіп келіп, шаңырақ көтерген. Владимир ақсақал нан зауытында механик болып жұмыс істесе, Галина 40 жыл бастауыш сыныпта мұғалім болып зейнетке шығыпты. Олар бүгінде бес ұл-қызынан 12 немере, 14 шөбере сүйіп отыр. Тимур Жанке ардагерлерге өңір басшысы Асқар Исабекұлының атынан «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісін тапсырды. Осыдан кейін облыс әкімінің орынбасары қала орталығында тұратын Гарафутдин Галимов пен Марат Дәрмахановтың шаңырақтарында болып, ардагерлерді мерекемен құттықтап, өңір басшысының наградасын табыс етті. Қос қарияның да әскери лауазымдық шені полковник екен. Екеуі де зейнетке шыққанша әскери салада қызмет етіпті. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен қариялар бұл құрметке айрықша риза екендіктерін жеткізді.

* * *

Тәуелсіздік мерекесіне орай облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев та Тараз қаласында тұрып жатқан Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлерін құттықтап барды. Еркебұлан Әбілханұлы алдымен бүгінде жасы 96-ға қараған қария, соғыс ардагері Махмут Бесибаевтың шаңырағына атбасын бұрды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің арнайы тапсырмасымен құттықтап келіп отырғанын жеткізіп, гүл шоқтарын ұсынды. Сонымен қатар «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісін тапсырды. – Бастарыңызға бақ берсін, елімізден тыныштық кетпесін! Алладан өзіме не тілесем, сіздерге де сондай жақсылық нәсіп етсін, – деген ақсақал барша жамбылдықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, ақ батасын берді. Тоғыз баланы бағып-қағып, өсірген Махмут ақсақал сол балаларынан қазір қырықтан астам немере-шөбере сүйіп отыр екен. Соғыс біткеннен кейін әскер қатарында 1950 жылға дейін саяси қызмет атқарған, одан кейінгі бейбіт күнде де еселі еңбегімен еленген Тілеуқабыл Төребеков те осындай құрметке бөленді. Бүгінде жасы 93-ке келген облысқа сыйлы ақсақалды Е.Дауылбаев аймақ басшысының атынан «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапаттады. –Сіздің облыс экономикасына сіңірген еңбегіңіз орасан зор. Өздеріңізден кейінгі буынға берген тәрбиеңіз, еңбегіңіз бен көрсеткен үлгі-өнегеңіз аз емес. Мереке қарсаңында ел дамуына сіңірген еңбегіңізді елеп-ескеріп, тарту етіп отырған марапатымызды қабыл алыңыз, – деді Е.Дауылбаев Тілеуқабыл Төребековке гүл шоқтарын ұсынып. Одан кейін мерекелік лебізге толы әңгіме дастархан басында жалғасты. Т.Төребеков облыс жұртшылығын мерейлі мерекемізбен құттықтап, бата берді. Бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, білім беру саласына арнаған еңбек ардагері Елизавета Костененконың да өңір дамуына қосқан үлесі мол. Е.Дауылбаев 92 жасқа қараған Елизавета Акимовнаның да шаңырағына бас сұғып, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісін және гүл шоқтарын ұсынды. Сөз арасында қарт ұстаз облыс басшылығына рахметін жаудырып, «Балалардың, оқушылардың бас амандығы мен қауіпсіздігіне, денсаулығына көбірек назар аударыңыздаршы» деген нағыз ұстазға тән тілегін жеткізді.

* * *

Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев тараздық төрт ардагерге «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісін тапсырды. Майдангер Бердалы Қарымсақов, Мұхан Бужуков, Зинаида Вострикова және тыл ардагері Қалбүбі Райқұлова – екінші дүниежүзілік соғыстың куәгерлері. Сондықтан олардың тек облысқа ғана емес, елге сіңірген еңбегі орасан. Ал бейбітшілік үшін күрескендерге қандай құрмет көрсетілсе де лайықты дейді Мұратхан Жүнісәліұлы. «Облыс әкімінің атынан өңіріміздегі ең жоғары награданы сіздердей азаматтарға құрметпен табыстап жатырмыз. Мереке құтты, дендеріңіз сау болсын! Бала-шағаларыңыздың, немере-шөберелеріңіздің тек жақсылығын көріңіздер! Болашақ үшін еңбек еткен сіздерге енді бүгінгі ұрпақ қызмет көрсете берсін!» – деп, мерейлі мерекемен құттықтады. Республикадағы ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы болса, өңірдегі ең үлкен марапат қастерлі мереке – Тәуелсіздіктен бастап алғаш рет табыстала бастаған осы белгі. Ені – 32, ұзындығы 50 миллиметр муар лентасына ілінген алтын түстес, мыс-мырыш қорытпасы жезден құйылған 34 миллиметрлік шеңбер белгінің аверсінде жыр алыбы Жамбылдың ескерткіші, ал оның екінші бетінде аймақтың контурлық картасы бейнеленіпті. Шеңбердің жоғары жағына «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» жазуы жазылған. Қалған жолағы ұлттық оюмен көмкерілген. Ал реверске «Жамбыл облысы» деп жазылыпты. Бұл – өңірге сіңірген айрықша еңбегін, экономиканы, әлеуметтік, қоғамдық салаларды, ғылым мен мәдениетті, спортты дамытуға қосқан елеулі үлесін, құқық қорғау органдарындағы үлгілі қызметін, белсенді қайырымдылық ісін бағалаудың белгісі. Азаматтарды көтермелеу мен моральдық ынталандыру мақсатында тағайындалатын өңір басшысының бұл наградасы жамбылдықтармен қатар, аймақтың, еліміздің басқа облыстары мен өзге мемлекеттердің азаматтарына, сондай-ақ Әулиеата өңірінің дамуына өз үлестерін қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлеріне де табыс етіледі. Дәл осы күні Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов облыс орталығында тұратын, Ұлы Отан соғысына қатысып, қан майданда фашистерге төтеп берген Федор Устинов пен Геннадий Иванов есімді ардагерлерге де осындай белгі тапсырды. Екінші дүниежүзілік соғыстың қатысушыларына бұдан өзге гүл шоқтары мен сыйлықтар табыс етілді. Көпті көрген қариялар да өз кезегінде алғыс пен бата беріп, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

* * *

Бұл – тілімізді жаңғыртып, дінімізді қайтарған, тарихымызды түгендеп, тағдырымызды таңдаған ұлы күн. Бұл – халқымыздың ғасырлар бойғы қаһармандық күресінің, өршіл рухы мен өшпес жігерінің жемісі. Осынау қастерлі мереке – Тәуелсіздік күні облысымыздағы сан сала мен барша мекеме басшылары, түрлі қоғамдық ұйым мен бірлестік өкілдері «Тәуелсіз Қазақстан» монументіне гүл шоқтарын қойды. Ескерткішке гүл шоғын қойған азаматтардың бірі, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, қоғам қайраткері Жандар Кәрібаевты сөзге тартқанымызда: – Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келе салған жоқ. Халқымыз 3 ашаршылықты бастан өткерді. Алаштың 103 мың баласы қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңы атылып кетті. Ұлы Отан соғысында мың-мыңдап қатысқан қазақстандықтың жартысы ұрыс даласында жан тапсырды. Тәуелсіздігіміз – сол қасіреттердің өтеуі. Ұлы Дала 27 жыл ішінде қайта түледі, Ұлт Көшбасшысының сарабдал саясатының арқасында еліміз көркейіп, енді дамыған 30 елдің қатарына енуді басты мақсат етіп отыр. Осы жолда аянбай тер төге берейік! Мейрам құтты, егемендігіміз баянды болсын! – деді. Гүл қою рәсіміне келген қала тұрғыны Жазира Оңғарбаева да мерекелердің ішінде Тәуелсіздік күнінің орны бөлек екенін айтады. «Сондықтан осындай шараға қатысып, елдікке үндеген азаматтарға үн қосу керек», – дейді. Іс-шара соңы «Жігіттер» квартеті мен облысқа танымал өнер иелері қатысқан концертке ұласты.

Марат ҚҰЛИБАЕВ, Альмира ОМАРОВА, Жасұлан БАҚЫТБЕКҰЛЫ, Нұрым СЫРҒАБАЕВ.

Ұқсас жаңалықтар