Қоғамдық институттарды дамыту назардан тыс қалмайды

Қоғамдық институттарды  дамыту назардан  тыс қалмайды
ашық дереккөз
Қоғамдық институттарды дамыту назардан тыс қалмайды

Елімізде қоғамдық институттарды дамыту мәселесі назардан тыс қалған емес. Жуырда ғана Астана қаласында өткен «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Әріптестік. Сенім» тақырыбында Қазақстанның VIII Азаматтық форумы – соның дәлелі. Ал осы жиынға Елбасының қатысуы – қазіргі заманғы азаматтық қоғамды қалыптастыруға, азаматтық сектордың, мемлекеттік органдардың, бизнес құрылымдардың, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қоғамдастығының ашық диалогын дамытуға мемлекет тарапынан қаншалықты көңіл бөлініп отырғанын көрсетсе керек. Бұл жиынға үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік және бизнес құрылымдар, қоғамдық кеңестер, азаматтық даму саласындағы 100-ден астам кәсіби сарапшылар, министр және вице-министр, депутаттар, жалпы еліміздің барлық өңірінен 850-ден аса делегаттың шақыртылуы – мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы диалог алаңының ауқымы қаншалықты кеңейгенін байқатты. Форумға өңірімізден үкіметтік емес ұйым өкілдері мен қоғам белсенділері барлығы отызға жуық делегат қатысып, үлкен әсермен оралды. VIII Азаматтық форумның нәтижелері туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ президенті Исламбек Дастан және «Жамбыл облысының азаматтық альянс қауымдастығы» ЗТБ президенті Зайтжан Юлдашев айтып берді. – Бүгінде облысымызда 700-ден астам ұйым тіркелген болса, оның 200-ге жуығы ғана өңірдің тыныс-тіршілігіне араласып, азаматтық қоғам институттарының дамуына үлес қосып келеді. Үкіметтік емес ұйымдар дерекқорына 2016 жылдың қорытындысы бойынша облысымыздан 216 ұйым уақтылы есеп өткізсе, 31-інің кешіктіріп тіркеуінің өзі көп нәрсені аңғартқандай. Өткен жылы есеп бойынша 277 ұйымның 19-ы өз есебін кешіктіріп өткізген болатын. Бүгінде үкіметтік емес ұйымдарға сыйақы беру тәртібі өзгерді. 15 аталым бойынша байқауға түскен үміткерлерге әр бағыт бойынша берілетін сыйақы мөлшері 2 000 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Былтыр барлығы 216 өтінім түсіп, оның 15 бағыты бойынша 59 ұйым жеңімпаз деп танылған. Оның ішінде облысымыздан 11 өтінім беріліп, «Қоғамдық келісімді және ұлттық бірлікті нығайту» номинациясы бойынша «Жастар орталығы «Гуонлён» қоғамдық бірлестігі (басшысы – Рашид Бакиров) жеңімпаз атанған болатын, – деді Исламбек Дастан. Қазіргі тәртіптің өзгешелігі – сыйақыға бөлінген қаражатты ұйымның жарғылық мақсаттарына жұмсауға болатын көрінеді. Содан болар биыл сыйақы алуға өтінім білдіргендердің саны артқан. Барлығы 197 ұйым өтініш берсе, облысымыздан 8 үміткер бағын сынап көруге ниеттеніпті. Жеңімпаз атанған 63 ұйымның 3-еуі жамбылдықтар екен. Олар «Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдау» бағыты бойынша «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігі (төрағасы – Руслан Төлегенов), «Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізу» бағыты бойынша «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі (президенті – Исламбек Дастан), «Ақбұлақ» қоғамдық бірлестігі (төрайымы – Нілзия Рақышева) жеңімпаз атанып, оларды Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев марапаттады. Ал «Таным» республикалық қоғамдық сыйлықты азаматтық қоғамның дамуына қосқан үлесі үшін Серікбол Берікқожа иеленген. Осыған дейін жамбылдық Оразкүл Тастемірова мен Ғалия Қалиева «Таным» сыйлығының лауреаты болғанын еске сала кеткен жөн.

Камила БОРАШОВА.

Ұқсас жаңалықтар