Меркінің мақтанышы

Меркінің мақтанышы
ашық дереккөз
Меркінің мақтанышы

Кәсіпқой боксшы Мадияр Әшкеевтің келесі қарсыласы анықталды

Кәсіпқой бокс әлеміне ауысқалы 10 жекпе-жек өткізіп, қарсыластарының барлығын жеңген, 6 қарсыласын мерзімінен бұрын ұтқан жерлесіміз Мадияр Әшкеев келесі шайқасында кіммен жұдырықтасатыны белгілі болып отыр.
Алдағы жылдың 11 қаңтарында шаршы алаңға оралатын Мадияр пуэрториколық Луис Эрнандеске қарсы шаршы алаңға шығады. 32 жасар Луис Эрнандес 22 мәрте шаршы алаңға көтерілсе, оның 16-сын жеңіспен аяқтап, 6 мәрте қарсыласына есе жіберген екен.
Жалпы бірінші орта салмақ дәрежесінде сынға түсіп жүрген Меркі өңірінің тумасы қазіргі кезде boxrec.com сайтында өз салмағында 109-орында келеді. Әлбетте, Мадияр Әшкеев әзірге деңгейі жоғары боксшыға қарсы шаршы алаңға шығып көрген жоқ. Рейтингілік шайқастарында қазіргі кезге дейін жұдырықтасқан боксшыларының барлығы дерлік қатардағы былғары қолғап шеберлері. Өкінішке қарай Луис Эрнандесті де сол қатарға жатқызуға тура келіп тұр. Алты мәрте жеңілістің ащы дәмін татқан ол рейтингте 512-орынға орналасқан.
Иә, шынында да Луис Эрнандес шаршы алаңда боксшылардың тілімен айтқанда тек «қапшықтарға» қарсы жұдырықтасқан екен. Сәл тәжірибесі бар боксшымен жұдырықтаса қалса, жеңілістің ащы дәмін татумен болған. Бірақ ең бастысы бірде-бір мәрте мерзімінен бұрын ұтылып көрмепті. Мадияр Әшкеевтің менеджері жерлесіміз аталған боксшыны мерзімінен бұрын жеңе ала ма, жоқ па деген сауалға жауап іздегенді жөн көріп отырғанға ұқсайды. Біз бұл таңдауды солай болжап отырған жайымыз бар.
Жекпе-жек 10 раундтық форматта өтетіні белгілі болды. Әлбетте, кез келген шайқас боксшы үшін үлкен сынақ екені талас тудырмайды. Алайда Мадиярдың тәжірибесінің мол, мектебінің мықты екенін ескерсек, жерлесіміз кезекті кездесуінде оңай жеңіске жетуі тиіс. Қаңтар айындағы жекпе-жектен кейін Мадиярдың командасы рейтингісі жоғарылау, тәжірибесі басымдау қарсылас таңдайтын шығар. Өйткені ол жылдам рейтингке кіріп, мүмкіндігінше жоғары деңгейдегі кездесулерге шыққаны мақұл. Сонда ғана чемпиондық шайқастың ауылы жақындай түседі.
Әлбетте, біздікі тек жорамал ғана ғой. Ал Мадиярдың командасының өз ойлағандары болуы да бек мүмкін. Өйткені әр боксшының кәсіби мансабы әртүрлі жолмен құрылады. Ал Әшкеевтің командасының ойында не бар екені әзірге бізге беймәлім. Сондықтан біз жерлесімізге тек жеңіс пен сәттілік тілейміз.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Ұқсас жаңалықтар