Өнер иелерінің туған жерге сәлемі

Өнер иелерінің туған жерге сәлемі
ашық дереккөз
Өнер иелерінің туған жерге сәлемі

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асып жатқан жұмыстар аз емес. Соның бірі – «Туған жер» бағдарламасы. Аталған бағдарлама аясында аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Ұлбике ақын атындағы Мәдениет орталығында «Ән-жырымыз саған арналады, туған жер!» атты есімі республика, облыс жұртшылығына кеңінен танымал Талас топырағынан шыққан бірқатар композиторлар мен ақындардың шығармашылық концерті өтті. Шараны аудан әкімінің орынбасары Қадірбек Садубаев сөз сөйлеп ашып, жерлес өнерпаздардың әрбірімен мақтанатынын айтып, өнер иелеріне сәттілік тіледі. Сондай-ақ ол концертке қатысушы өнерпаздарға аудан әкімі Досмұхамет Әлиевтің Алғыс хатын тапсырып, сыйлық жасады. Әдеби-мәдени шараны айтыскер ақын Ербол Қамбатыров жүргізді. Әуелі композитор Әуезхан Салабеков «Бауырларыма», «Рахмет саған, туған ел!» атты әндерін жүректерге жеткізе орындаса, ақын Сабыр Рысбаев «Құтырған қасқалдақ», «Үкілі үміт» өлеңдерін шабыттана оқыды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын-композитор Үміт Битенова «Ақ қанат көбелек, аппақ қар», «Ұмыта алмайсың мені» әндерін орындауымен ерекшеленсе, жас ақын, республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы Нұржан Қадірәлі «Қазақи рух», «Ауыл» атты өлеңдерімен көрермен көңілін баурады. Сахнаға ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Әбиірбек Тінәлі шыға келгенде, залдағы жерлестері ұзақ қол соқты. Олар талантты перзенттеріне деген құрметін һәм сағынышын осылай жеткізді. Әбекең «Ата жұртқа оралған қарияның арманы», «Туған күн» әндерін орындап, көпшілікті сезім теңізінде тербетті. Мұнан соң Сәрсенбек Бәкір орындаған «Соғады сен деп жүрегім», «Іздеймін сені» әндері де жұртшылықтың жүрегін баурап алды. Үміт Битенова оқыған өлең жолдары сырлы сезімге, толғанысқа толы болды. Осы жолдардың авторы оқыған «Несіпбайдың ыңылы», «Көктөбеге сағыныш» өлеңдері де көпшілік назарын аударды. Кештің жоғары деңгейде өтуіне аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Пернебек Оспанов, Ұлбике ақын атындағы Мәдениет орталығының директоры Кендия Пірманованың үлес қосқанын айта кеткен жөн. «Бұл өнер кеші екінші мәрте өткізіліп отыр. Біз ауданымыздан шыққан белгілі өнер тарландарының елге сәлемі ретінде жүзеге асатын осынау шараны жылда дәстүрге айналдырмақпыз. Бұдан бөлек алдағы уақытқа белгілеген жоспар-жобаларымыз өте көп. Өз салаңа еңбек сіңіріп, елден алғыс алудан артық бақыт жоқ», – дейді Пернебек Оспанұлы.

Е.Алдаберген.

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар