Халықаралық фестивальдің лауреаты атанды

Халықаралық фестивальдің  лауреаты атанды
ашық дереккөз
Халықаралық фестивальдің лауреаты атанды

Орал қаласында Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен аталмыш облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйытқы болуымен ән әлемінің тарланы, композитор Ескендір Хасанғалиев әндерін орындаушылар арасында «Атамекен» атты дәстүрлі оныншы фестиваль өткізілді.

Осынау әншілер додасына еліміздің барлық қиырынан және көршілес елдерден кілең «сен тұр, мен атайын» деуге лайық мықты әншілер қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Олар дода барысында Ескендір Хасанғалиевтің көптеген әсем әндерін шырқады. Өнер аламанына композитордың жары Дарико Сопыжанқызы, Ескендір Хасанғалиевтің ұлы Біржан Хасанғалиев те қатысып отырды. Халықаралық деңгейдегі «Атамекен» әншілер фестиваліне облысымыздың атынан Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі Фариза Досболова қатысты. Жеребе тарту рәсімінде бірінші нөмір бұйырған жамбылдық әнші қыз өнер додасын ашу құрметіне ие болды. Көптеген өнер сайыстарында жүлдегерлердің қатарынан көрініп, сенім үдесінен шығып жүрген Фариза «Атамекен» әншілер фестивалінің бірінші кезеңінде Сағи Жиенбаевтың сөзіне жазылған «Жасай бер, қазақ!» әнін шарықтата шырқап, қазылар алқасының көңілінен шықты. Залға жиналған өнерсүйер қауымның да ыстық ықыласына бөленді. Осылайша екінші кезеңге жолдама алған Фариза Досболова бұл сында да сүрінген жоқ. «Айналдым елім» әнін шарықтау шегіне жеткізе орындаған жерлесіміздің шеберлігіне көпшілік көрермен де, қазылар алқасы да дән риза болысты. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Ескендір Хасанғалиев төрағалық еткен қазылар алқасы Фариза Досболованы лайықты деңгейде бағалады. Екі күнге созылған ән аламанының қорытындысында Фариза жүлделі үшінші орынды иеленіп, лауреат атанды. Жерлесіміз лауреаттық дипломмен қатар, 200 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Ұқсас жаңалықтар