«Биномның» Бектөбедегі зауыты

«Биномның» Бектөбедегі зауыты
ашық дереккөз
«Биномның» Бектөбедегі зауыты
жылына 30 мың текше метр тұрғын үйге қажетті ірі панельдер әзірлеу әлеуетіне ие «Қазақстан – 2050», «Қолжетімді баспана – 2020», «Нұрлы жер», «Бизнестің жол картасы – 2020», басқа да мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына облыс көлемінде өзіндік үлесін қосып жүрген кәсіпорындардың бірі – «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жиырма жылдық бай тәжірибесі бар кәсіпорынның бұл міндеттерді еңсеруде мүмкіндігі зор. Өйткені панельді үй құрылысына қажетті темір бетон бұйымдары, қоршаулар, блоктар мен ғимараттарды жабуға арналған шатырлар серіктестіктің өз зауытынан шығарылады. Осы тұрғыда аталған компанияның үй құрылысы комбинаты­ның атқарушы директоры Кеңесхан Аралбаевпен аз-кем сұхбаттасқан едік. – Кәсіпорынның қазіргі әлеуеті қандай? – Біздің зауыт үй жабдықтарын шығаруға арналған. Бүгінде, әсіресе ірі панельдерді көптеп дайындаудамыз. Оларды стандартты үлгіде ғана емес, салынып жатқан баспананың қабырға өлшемдеріне қарай да түрлі қалыпта шығара аламыз. Бұйымдарымыздың барлығы да сараптамадан өтеді. Кәсіпорнымыз толық қуатында жұмыс істеген жағдайда жылына 30 мың текше метр тұрғын үйге қажетті ірі панельдер әзірлеу әлеуетіне ие. Нақтырақ айтсам, 80 пәтерлі 5 қабатты үйдің 7-еуін тұрғызуға мүмкіндігіміз бар. Қазіргі таңда жылдық жүктеліміміз 80 пайызды құрап отыр. Жыл соңына дейін оны 90 пайызға жеткізу жоспарымызда бар. – Бүгінгі таңда құрылысы аяқталған және салынып жатқан тұрғын үйлер қанша? – Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылында былтыр 1 үй мемлекеттік бағдарламалар бойынша тұрғызылып, пайдалануға берілген. Биыл да аталмыш елді мекенде дәл осы жоба аясында 18 пәтерлік үш қабатты құрастырмалы үйдің құрылыс жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ Тараз қаласындағы Сүлейменов көшесінің аяқ жағынан ірі панельді 7 үй салу көзделген еді. Оның былтыр 3-еуін бітіріп бердік. Қалған 4 баспананың 2-еуін салып жатырмыз. Бірінің әрлеу жұмыстары жүргізілуде, екіншісінің қабырғасын көтеріп қойдық. Ал қалған екі үйді жаңа жылға дейін бітіру жоспарда бар. Бұлар да 18 пәтерлі үш қабатты үйлер. Демек, тұрғындар сұранысына да сай. Жалпы олардың кез келген үйдің 4-5-қабаттарындағы пәтерлерге деген қызығушылығы жоқ. Бағасына келсек, 1 шаршы метрі – 110 мың теңге көлемінде. – «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан үйлер жайлы да айта отырсаңыз. – Былтыр Сүлейменов көшесінің соңынан ірі панельді 4 үй осы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғызылды. Әр шаршы метрі 120 мың теңгеге бағаланды. Олар әрқилы көлемде. Ең азы 81, одан көбірегі 114, 125 және 227 шаршы метрді құрайды. Соңғысы екі қабатты, ол облыстық перинаталдық орталықтың арт жағына орналасқан. Бастан-аяқ жабдықтап, дайындап қойдық. Әйтсе де ол сол маңайға тасжол енді төселіп, ал су-құбыр, газ және басқа да инфрақұрылым жүйелері әлі тартылып бітпегендіктен, қолданысқа берілген жоқ. – Айтуыңызға қарағанда, мұның бәрі ірі панельді үйлер көрінеді. Ал монолитті үйлер салынуда ма? – Шілде айында ғана «Арай» алабынан 80 пәтерлік 5 қабатты 1 үйді пайдалануға тапсырдық. 15-шағын ауданнан да дәл осындай көлемде көп қабатты үй салып жатырмыз. Ол қазан айына таман тұрғындар игілігіне беріліп қалады. Ал 13-шағын аудандағы тағы бір 60 пәтерлік 5 қабатты үйді жыл соңына дейін беру көзделуде. – Демек, барлық үйдің құрылысы биыл бітеді. Ал келер жылға қандай жоспарларыңыз бар? – Тараз қаласындағы «Зербұлақ» көлі маңынан 36 пәтерлі 9 қабатты үй саламыз деген мақсатымыз бар. Қазір оның сметалық-жобалық сызбалары сараптамадан өтіп жатыр. Құжаттама дайын болса, жұмысқа кірісуге әзірміз. Сол сияқты «Бәйтерек» шағын ауданының 6 жер телімінде үй құрылысын жүргізу көзделуде. Жоғарыдан қарағанда доғалданып салынған баспаналар бар ғой онда. Тапсырысқа сәйкес, енді солардың ортасынан бір ғана кіреберісі болатын көп қабатты үйлер саламыз. – Облыс аумағында бүгінде құрылыс жүргізетін біраз компанияны білеміз. Алайда сіздер алғашқы үштіктің құрамында, тіпті алдыңғы қатарда тұрсыздар. Компания мәртебесін көтеру оңай соқпаған шығар? – Қазір ел үй сатып аларда таңдау жасай алады. Олардың тарапынан баспананың бағасы, орналасқан аумағы мен сапалылығына айрықша мән берілуде. Бір байқағанымыз, былтыр салған баспаналарымыздың бәрі де тез өтті. Сапасымен қоса уақытпен санаспай тапсырыстарды мерзімінен бұрын бітіруіміз де серіктестік мәртебесін арттырып отыр дей аламын. Себебі ірі панельден құрастырсақ та, монолитпен құйсақ та құрылыс нысандарын белгіленген мерзімінен бұрын пайдалануға тапсырып жатырмыз. Мысалы, 80 пәтерлі 5 қабатты монолитті үйдің іргетасын құюдан бастап есігі алдындағы көгалдандырылуына дейін бар-жоғы 6-7 ай жетті де тұрды. Егер ірі панельді үй тұрғызар болсақ, оған небәрі 4-4,5 ай ғана уақыт кетеді. Сондай-ақ ол бойында жылу сақтайтын, суыққа төзімді әрі сапалы болып келеді. Сондықтан көпшілік көңілінен шығып отырмыз деп ойлаймын. – Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан Альмира ОМАРОВА.

Ұқсас жаңалықтар