Еңбек өнімділігі қайтсе артады?

Еңбек өнімділігі қайтсе артады?
ашық дереккөз
Еңбек өнімділігі қайтсе артады?

Еңбек өнімділігі деп алынған өнім көлемінің оны дайындауға жұмсалған еңбек үдерістеріне қатынасын айтамыз. Оның деңгейі белгілі бір уақыт ішінде өндірілген өнім санымен де анықталады. Еңбек өнімділігін арттыру ұлттық табыстың молыға түсуінің де кепілі. Осы тұрғыдан алғанда Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында атап көрсетілгендей, инновацияны қолдау және оның үлгілерін дереу жүзеге асыру – өте қажет. Шын мәнінде де өндірісте, ауыл шаруашылығында болсын озық құралдар, автоматтар, роботтар, жасанды интеллектілер көптеп қолданылса, қыруар уақыт үнемделіп, үстеме өнім алуға болары ешқандай талас туғызбас. Алайда нақты өмірде автоматтар мен роботтарды былай қояйық, өңірлердегі нақты қолданыстағы техникалық құралдардың өзі 75 пайызға ескірген. Бұл көп іске қолбайлау болуда. Әсіресе еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігі дамыған мемлекеттермен салыстырғанда, 12 есеге төмендігі де осыған байланысты. Мұндай жағдай біздің облысымызда да бар. Жуырда бір жиында сала мамандары жоғарыда атап өтілген мәселе аздай, тағы да бір «дөңбектің» алдан шыққандығын қынжыла айтысты. Ол өңірдегі кәсіпкерлік нысандары қатары көбеймегенімен, олардың құрамындағы нәтижесіз еңбекпен қамтылғандар санының күрт өсіп кетуіне қатысты. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы статистикалық мәліметтерге сәйкес салада еңбек өнімділігі бір адамға шаққанда 5900-6000 теңге көлемінде қалыптасқанын айтады. Бұл тұрғыдағы көрсеткіш соңғы екі жылды қоса алғанда 97 пайызды құрағаны анықталған. Яғни өңірлер арасында ең төменгі көрсеткіш бізде. Ал бұл мөлшер республика бойынша 1 636 мың теңгені құрайды. Осылай облыстың аудандарында нәтижесіз жұмыспен қамтылған азаматтардың ауыл шаруашылығы саласына үздіксіз жолданып, жұмысшылар санының көбеюіне байланысты салада еңбек өнімділігі айтарлықтай төмендеуде екен. «Қаңбақтан қашып, дөңбекке жолыққанның» кері, баяғы. Мұның жайын сол жолы облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев тарата айтып, түсіндіріп те берді. Оның айтуынша, бүгінде облыста бір мәселені – жұмыссыздықты жабуды ауыл шаруашылығы саласына жүктей салу мәселесі қалыптасып отыр. Мысалы, 2016 жылы Жамбыл ауданында бір жылдың ішінде ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлерінің саны 8 мыңнан 13 мыңға, Жуалыда 8900-ден 13 мыңға, Қордайда 23 мыңнан 32 мыңға, Т.Рысқұловта 5 мыңнан 11, 5 мыңға, Таласта 4 мыңнан 6 мыңға, Тараз қаласында 1 мыңға өсті деп, көбейтіліп көрсетілген. Ал қолда бар малдың саны да, өндірістің өнімділігі мен табыстылығы да артпаған, еш өзгеріссіз сол қалпында. Бұдан кейін саладағы еңбек өнімділігі тұрғысында не айтуға болады? Мәден Тоқтарбайұлы: «Бар-жоғы бір жылдың ішінде осыншама адамды ауыл шаруашылығы саласына әкеліп тоғыта салу еш абырой әпермесі анық. Міне, бұл жағдай өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнімнің құнын айтарлықтай төмендетуде. Соның нәтижесінде басқа салаларда жетістікке жеткенімізбен, дәл осы мәселеде еліміз бойынша ең төменгі көрсеткішті иеленіп отырмыз. Бұдан кім ұтты, кім ұтылды?» деп аудан басшыларына аталмыш істі жедел түрде тексеріп, зерделеуді, кемшіліктерді түзеуді, қажет болса ауыл шаруашылығы басқармасының басшысын төрағасы етіп белгілеп, жұмысшы тобын құруды да ұсынған еді. Осы ретте сала жұмысшыларының қайда, қандай ауыл шаруашылығы құрылымында жұмыс істейтіні, жұмыс берушілермен жасасқан еңбек шарты бар-жоқтығы, сондай-ақ зейнетақы қорына, әлеуметтік салыққа аударымдардың жасалу жайы қатаң сүзгіден өткізілуі қажет-ақ сияқты. Шынында да бұл қоғамымыздағы шешімін күткен күрделі мәселелердің бірі болып қалып отыр. Ал базбір агроқұрылымдар басшыларының өзі үшін тиімді боларын ойлап, малын аз-мұз ғана ақшаға адам жалдап бақтыруы қай жағынан да заңсыз екені дәлелдеуді қажет етпес. Жалпы өңірімізде еңбек ресурстары тиімді пайдаланылуда ма, осы? Мыңдаған оқу бітірген жастарымыз мамандығына сай жұмыс таба алмай сабылумен жүргенін ескерсек, олай деп кесіп-пішіп айту да қиын. Жастардың да дүниенің кетігін тауып, кірпіші болып қаланғысы келеді-ақ. Алайда жоғары оқу орнында оқуы үшін де, жұмысқа тұруы үшін де, тіпті өз бетінше жеке кәсіпкерлік ісін бастауы үшін де ақша керек. Көбісі шай-пұл табудың жолында. Содан да жастардың мектепті бітірген бойда мейрамханаларды жағалайтыны үйреншікті көрініске айналды. Облыста бүгінде жүзге жуық ірі мейрамхана бар екен. Ал оларда 500-дей адам ғана нақтылы тіркеліп, жалдамалы жұмысшы ретінде нәпақа айырып жүр. Тіркелмегендері қаншама! Базбір дерек көздерінде мейрамханаларда жастар түскі сағат 14.00-ден түнгі сағат 2-3-ке дейін жұмыс істейтіні, тәуліктік еңбекақылары 1500 теңге көлемінде ғана екені айтылады. Әрі даяшы жастарға қойылар талап та қатаң. Оларды қожайындары көбінесе заңсыз жұмыс күші ретінде пайдалануда. Ал заңдылыққа сәйкес бұл мәселеде мейрамхана қожайыны мен жұмысшы жастар арасында міндетті түрде еңбек шарты жасалынуға тиіс. Жастар ақша табу үшін не істемей жатыр? Бүгінде жедел дамып келе жатқан Оңтүстік Кореяда жұмысшы күші жетіспейтіндіктен, ондағы зауыт, фабрикалар басшылары ең қиын, денсаулыққа зиянды учаскелерде арзан, тиімділігі үшін сырттан барған мигранттарды (дені қазақстандықтар екен) пайдаланады екен. Қырық мыңдай қазақстандықтар сонда жүр. «Қыс жайлы болса, ақбөкеннің Арқадан ауып несі бар?» демекші, шаруашылық ісін жүргізетін алуан меншіктегі сан салалы құрылым басшылары жылы қабақ танытып, заңды талаптарды сақтап, тұрақты жұмыстармен қамту жайы жүйелі жолға қойылар болса, жастардың жұмыс іздеп шетелдерге аттануына тоқтам салынар еді-ау! Оның үстіне қазіргі уақытта ауыл-аймақтағы жұмыссыз жүрген жастарға мемлекет тарапынан қыруар қамқорлық жасалуда. Өзіңнің жеке кәсіпкерлік ісіңді ашып, жермен, мал өсірумен айналысасың ба, мархабат. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту ісін былай қояйық, бір ғана ауыл шаруашылығы саласының өзінде қаншама мемлекеттік бағдарлама жұмыс істейді десеңізші! Азын-аулақ тиын-тебен үшін мұхит асудың не қажеті бар, ендеше. Өзге мемлекеттің емес, өз еліміздің гүлденіп, өркен жаюына үлес қосу бір абыройлы іс емес пе? Мысалы, өңірімізде жастар мал шаруашылығында жұмыс істеуден іргесін аулақ салмас үшін агроқұрылымдар басшылары малшылық, бақташылық кәсіппен айналысуға көптеп тартып, оларға 100 мың теңгеден аса айлық жалақы беріп, тиісінше еңбек шартын, еңбек жағдайын жасасуына, олардың кезекті еңбек демалысына шығуына, зейнетақы қорларына аударым жасалуына, еңбек қауіпсіздігі сақталуына, тағы басқаларына қатысты заңды талаптарды бұлжытпай сақтауына болады ғой. Бұған ешқандай кедергі де жоқ. Бұлай етсек, бұл тұрғындарды нәтижесіз емес, нәтижелі жұмыспен қамту болып шығады әрі өңірдегі еңбек өнімділігі артып, жұмыспен қамту көрсеткіштерінің едәуір жақсаруына нақты ықпалын тигізеді емес пе? Баршамыз болып ойланып, шешерлік бір өзекті мәселе, міне, осы болып тұр. Бұл жөнінде сіз не дейсіз, әлеумет!

Баймаханбет АХМЕТ

Ұқсас жаңалықтар