Құжат тарды қабылдау 26 шілдеде аяқталады

Құжат тарды қабылдау  26 шілдеде аяқталады
ашық дереккөз
Құжат тарды қабылдау 26 шілдеде аяқталады
2014 жылдан басталған «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға!» – «Серпін – 2050» жобасының әлеуметтік мәні зор. Жастарға қолдау көрсетуді көздейтін бағдарлама оңтүстік, оңтүстік-батыс өңірдің, атап айтқанда, Жамбыл, Алматы, Түркістан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының түлектеріне өндірісі дамыған, жұмыс күші тапшы басқа аймақтардың жоғары оқу орындары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында тегін білім алып, тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Білім және ғылым министрлігі Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығының ұлттық жобалар басқармасының басшысы Айгүл Сағиеваның айтуынша, «Серпін – 2050» бағдарламасы бойынша биыл алғашқы түлектер 7 оқу орнын бітіріп шығыпты. Енді осы 900 бакалавр оқыған өңірлерінде жұмысқа қаламын десе, 3 жыл еңбек етуі тиіс екен. Ал өз ауылдарынан жұмыс тапса, қайтуына да болады. – 2018 жылға мемлекет тарапынан 5089 грант бөлініп отыр. Басымдық, әрине, техникалық мамандықтарға берілген. Биыл жобаға Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Қарағанды облыстарының 24 жоғары оқу орны мен 38 колледжі қатысып отыр. Бұл алғашқы жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. 2014 жылы небәрі 25 колледж бен 7 жоғары оқу орны болған. Бесінші рет өткізіліп жатқан жобаға қатысушылар саны осылайша жыл санап артуда. Алайда осы жылы медициналық мамандықтар бойынша «Серпінге» грант бөлінген жоқ. Сондықтан бұл тізімде Қарағанды және Семей медицина университеттері енбегенін де айта кеткен жөн, – дейді Айгүл Сағиева. Қазір 9 өңірден жиналған білім беру ұйымдарының өкілдері М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік және Тараз мемлекеттік педагогикалық университеттерінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Құжаттар осы 2 оқу орнында қабылданып жатыр. Бұл туралы бізге Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті тарих пәнінің аға оқытушысы Думан Сарбаев айтып берді. Ал қасында кеңес беріп отырған 2-курс студенті Лаура Базылбаева Байзақ ауданы Көктал ауылының түлегі екен. Ақтөбедегі аталмыш университетте «Дефектология» мамандығы бойынша білім алып жатқан ол жоба аясында жасалған жағдайларды егжей-тегжейлі айтып берді. – Шәкіртақы аламыз. Жатақханамыз өте жақсы жабдықталған. Жылына 4 рет жолақы төленеді. Яғни қыста да, жазда да 2 реттен өз туған жерімізге тегін келіп қайта аламыз. Егер шет тілін білсек, өзге елде 1 семестр оқып қайтуға мүмкіндік қарастырылған, – дейді болашақ дефектолог Қазақстан университеттерінің арасындағы 7-орында тұрған білім ошағын мақтан тұтып. Еліміздің педагогикалық жоғары оқу орындарының ұлттық рейтінгінде 2-орында тұрған Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінде биыл «физика-математика», «химия-биология», «тарих-география» сияқты біріктірілген мамандықтар қайта ашылыпты. Педагогика және спорт факультетінің аға оқытушысы Саржан Асқаповтың айтуынша, 12 мамандық болса, соның 6-ауы осындай қосарланған мамандықтар екен. «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша құжаттар қабылдау 26 шілдеде өз мәресіне жетеді. Ескерте кететін бір жайт – бұл жобаның қатысушысы тек ауыл-аймақтың түлектері ғана бола алады. Мысалы, Жамбыл облысындағы Тараз, Шу және Жаңатас, Қаратау моноқалаларының оқушыларына мұндай мүмкіндік берілмейді және бұл талап қалған 4 облысқа да ортақ.

Альмира ОМАРОВА

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар