Шудың шаруасын шалқытуға не кедергі?

Шудың шаруасын шалқытуға не кедергі?
ашық дереккөз
Шудың шаруасын шалқытуға не кедергі?

Шырайлы Шу өңірі өндірісті өркендетуге, шаруашылықты шалқытуға өте қолайлы аймақ. Әйтсе де тоғыз жолдың торабында орналасқан аудан бұл бағытта толайым табысқа қол жеткізіп отыр деп айта алмаймыз. Оған жыл басында белгіленген индикаторлық межелердің ойдағыдай орындалмауы да негіз бола алады. Әсіресе жарты жылдықтың қорытындысындағы кейбір көрсеткіштерде Шу ауданы облыс бойынша ең төменгі орындардан көрінгені көңілді күпті етеді. Кеше аудан активімен кездескен өңір басшысы Асқар Мырзахметов аудандағы жұмысы сылбыр, тірліктің қырын таппай отырған жауапты тұлғаларды сын тезіне алып, нақты тапсырмалар жүктеді.

 width=  width=Асқар Исабекұлы жиын алдында, бір күн бұрын қылмыскерлер қолынан көз жұмған мәнерлеп сырғанау шебері, Қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Азия чемпионы Денис Теннің қазасы барша қазақ елінің, оның ішінде жамбылдықтардың да қабырғасына қатты батқанын айтып, жиналғандарды ел мақтанышына айналған саңлақ спортшыны бір минут үнсіздікпен еске алуға шақырды. Бұдан соң жиналыс өз үрдісімен жаңа қалыпта өрбіді. Облыс әкімдігінің басқарма басшылары салалары бойынша аудандағы шешімін күткен мәселелерді баяндап, кемшіліктерге жол берген тиісті тұлғаларға қатысты ойларын білдірді. Рас, өткен жылмен салыстырғанда экономикалық-әлеуметтік салалардың біразында айтарлықтай өсім болғанымен, шешімін күткен түйткілдер де жетерлік. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, ауданда түйінді келісімдегі барлығы он жеті межеге қол жеткізілмеген. Соның ішінде облыс пен аудан әкімдері арасында жасалған келісімдегі өнеркәсіп өнімінің және негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі, мың адамға шаққанда қылмыс деңгейінің өсуі бойынша шулықтар аудандар арасында соңғы үштіктен көтеріле алмаған. Сондай-ақ басқармалармен болған келісімдегі он үш индикатор орындалмағаны анықталған. Әсіресе индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында қолға алынған жобалар, туризм және тағы басқа бірқатар көрсеткіштерде жоспардың жартысы жүзеге аспаған.

Ауданда ауыл шаруашылық саласындағы олқылықтар да көзге ұрып тұр. Егіндік үлесі, майлы дақылдар мен қант қызылшасының егістік алқабы, пайдаға асырылмаған егістік алқап, сүт өндіру, жұмыртқа және кооперативтерде өндірілген ет көлемі міндеттелген межелерге жетуде жұмыстың сылбыр жүргенін көрсетеді. Майлы дақылдардың егістік алқабын 16845 гектарға жеткізу жоспарланғанымен, ол 11488 гектарға ғана, яғни 68,2 пайызға орындалған. Бұл ретте Далақайнар, Дулат, Тасөткел ауылдық округтерінің шаруалары жоспарды орындауда құлықсыздық танытқан. Ал тәтті түбір алқабының жоспары 2000 гектар болса, қызылша небәрі 601 гектарға ғана отырғызылып, орындалу көрсеткіші 30,1 пайызды құраған. Оған 12 ауылдық округ шаруаларының немқұрайлылығы себеп болып отыр. Бүгінде ауданда 4471 гектар егістік жер пайдаланусыз жатыр десек, оның 1200 гектары суармалы алқаптар. Осыған баса назар аударған өңір басшысы А.Мырзахметов шулық шаруалар тарапынан егістік жерлерге деген сұраныстың қаншалықты екенін сұрады. Өз жауабында аудан әкімінің орынбасары Әлихан Балқыбеков қазіргі таңда 48 адам егістік жер кезегінде тұрғанын, олардың барлығының сұранысы 10 мың гектарға жуықтайтынын жеткізді. Сонымен қатар ол бұған тиесілі аудандық бөлімнің жұмыс істемейтінін, бос жерлер бойынша конкурстар өткізуді енді ұйымдастырып жатқанын тілге тиек етті. – Неге бұл конкурстар сонау қыс шыға салысымен, ерте көктемде ұйымдастырылмайды? Көктемгі дала жұмыстары кезінде қайда қарадыңдар? 4500-ге жуық гектар егістік жер игерусіз жатыр. Ал 48 адам кезектегі 10 мың гектар жер сұрап отыр. Бұл не сонда? Игереміз деген шаруаны бос жатқан жердің кезегін күткізіп қою кімге керек? 1200 гектар суармалы жер екен. Ол аз алқап емес. Бабын таба білген диқан 1200 гектардың өзінен мол өнім алып, табысқа кенеледі. Қарамағындағы бөлім жұмыс істемесе, оған кім кінәлі? Неге ұстап отырсыңдар жұмыс істемейтіндерді? Мүмкін, жұмыс істемейді емес, өздеріңіз істете алмайтын шығарсыздар. Егістік жерлерінің игерілмей бос жатуы – барлық ауданға тиесілі мәселе. Бұған басқарманың қатысы бар. Тезірек мәселе шешілмесе, аудандағы жауапты басшылармен қатар тиісті басқарма басшысының да жауапкершілігі қаралады, – деді А. Мырзахметов. Бұл ғана емес, аудандық шаруалар облыс басшылығы тарапынан шешілген тегін тыңайтқыш алуда да белсенділік танытпаған. Бұл бағытта жоспар орындалғанымен, жоспар көлемінің аздығы күмән туғызады. Аудан басшылары жолдың ұзақтығын, тасымал бағасының қымбаттылығын сылтауратып, ақталуға тырысты. – Ауданда 2700-дей шаруа қожалығы бар. Ал тыңайтқышқа деген сұраныс бар-жоғы 1300 тонна. Бұл қисынсыз ғой. Ауданның әлеуеті жоғары, сұраныс та, жоспар да соған сай болуы керек. Болмашы жоспар қойып алып, асыра орындадық деу кімге керек? Бағасы қымбат дейтіндей сатулы емес, тегін тыңайтқышты алып кеп, топырақ құнарлылығын арттырып, мол өнім алуға неге ынталы емессіздер? Бұған аудан, ауылдық округ басшылары атсалысу керек еді. Аудан мен ауылдық округ әкімдері арасындағы индикаторлық келісімде минералды тыңайтқышпен қамту көрсеткіші бар ма? Басты индикаторлардың ішінде осы тұруы керек қой. Егер жоқ болса, онда бұл бағыттағы жұмыстың әлсіздігі дер едім, – деген облыс әкімі бастысы ынта болса, тасымал жағы шешілетінін ашып айтты. Ауданда ауыл шаруашылығы саласында техниканың жетіспеушілігі де байқалады. Шаруашылыққа бейім ауданда жеті ғана кооперативтің тіркелгені, оның бесеуі жұмыс істеп тұрғаны да көңіл көншітпейді. Өзге де салалардағы келеңсіздіктер жиында көтеріліп, жан-жақты талқыға түсті. Оның бірқатарын облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов жіпке тізгендей етіп баяндап берді. – Аудан бойынша 12 елді мекен қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыруға арналған полигондармен қамтамасыз етілмеген, қалдықтарды алып кету жұмыстары бойынша арнайы келісімшарт жасалмаған. Қалдықтарды жинау, алып кету, кәдеге жарату, қайта өңдеу және көму тарифтері және қалдықтардың түзілу, жинақталу нормалары бекітілмеген. Кейбір бар полигондардың өзі санитарлық-экологиялық стандарттарға және құрылыс нормаларына сай келмейді. Жеті полигонның қоршауы, екі қоқыс төгу орындарына берілген жер учаскесінің мемлекеттік жер актілері жоқ, – деген Нұржан Молдиярұлы су шаруашылығы жүйелерін тазалаудағы кемшіліктерді де мәлімдеді. Айта кету керек, бүгінге дейін аудан басшылығы тарапынан қатты қалдықтар, санитарлық тазалық бойынша кемшілікке жол бергендерге 463 ескерту берілгенімен, бірде-бір рет айыппұл салынбаған екен. Басқосуда аудан тұрғындары үшін басты мәселенің бірі – электр энергиясының тапшылығы да көтерілді. Қуат көздерінің жеткіліксіздігі кәсіпорындардың жұмысына кедергісін келтіріп, тіпті, жабылуға әкеп соғуда. 2014 жылы бұл жағдайды шешу үшін Шу қаласындағы «Жайсаң» қосалқы стансасының құрылысы басталғанымен, ол белгілі себептермен тоқтап қалған. Ал салынып жатқан тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың саны күннен-күнге артып, бұл мәселе өзекті күйінде қалып отыр. Басқарма басшысының айтуынша, осы бағытта жан-жақты жұмыстар жүргізілуде екен. Аудандағы ауызсу, «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету жұмыстарында да әттеген-айлар көп. Бүгінде аудан тұрғындарының 52,7 пайызы таза ауызсумен қамтылған. Бұл – облыс бойынша ең төменгі көрсеткіштердің бірі. Ал осы бағыттағы жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу шаралары сын көтермейді. Ауданда 100 мыңнан аса адам бар болса, табиғи газға зәру тұрғындардың саны 79 мыңнан асады. Яғни тұрғындардың жетпіс пайызы «көгілдір отынның» игілігін көре алмауда. Бұл орайда Асқар Исабекұлы газ, ауызсу құбырлары ауыл, көшелерге тартылғанымен, тариф пен кіргізу құнының қымбаттығына байланысты қамтылмай отырғандардың жайын қозғады. Көпшілікке жеңілдіктер бар екенін, тек соны түсіндіруге басшылар белсенділік таныту қажеттігін сөз етті. Денсаулық саласындағы маман тапшылығы, білім саласындағы оқушылардың қашық жерден қатынап оқуы, кейбір ауыл әкімдерінің өз орындарынан табылмайтындығы, санитарлық тазалық, жергілікті полицияның жүйесіз қызметі секілді мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Өз кезегінде аудан әкімі Қайрат Досаев кей мәліметтердің дұрыс еместігін жеткізіп, кемшіліктерді түзейтінін айтып жұмыстарды жандандыра түсетініне сендірді. Облыс басшысы кеткен кемшіліктер, ұсыныстар бойынша шешім қабылданатынын атап өтіп, айтылған сын-ескертпелер бойынша тапсырмалар берді. – Өздеріңіз көріп отырғандай, ендігі кезекте жұмыс осылай өрбиді. Талап қатал болса, жұмыс нәтижелі. Бұл әзірге бастамасы ғана. Уақыт өте бұл жүйені жетілдіре түсеміз. Керекті – керексіз индикаторларды қайта қараймыз. Әрбір тапсырма қараусыз қалмайды. Бәрі белгіленген уақытта орындалуы тиіс. Олай болмаған жағдайда жауапкершілік мәселесі қаралады. Шу ауданы шаруашылыққа да, өндіріске де бейім аймақ. Дегенмен, көрсеткіш көңіл көншітпейді. 2-3 қана кәсіпорынның тіркелгені ащы шындық. Жердің игерілу жағдайы да мәз емес. Ауылдық округ әкімдері өздері басқарып отырған елді мекендердегі жер жайынан хабарсыз. Бұған аудан әкімдігі талапты күшейту керек. Аудан әкімдігі тек бюджет қаражатын әрі-бері бөліп, нысан салумен айналыспауы тиіс. Ең бірінші экономиканы көтеру жолында жанталасып жұмыс жасаған абзал. Кіріс көлемін арттыру үшін тер төккен ләзім. Экономиканы көтеру арқылы, басқа мәселелерді шешуге жол ашылады, – деді А.Мырзахметов.

Жанғазы Ахмет

Суретті түсірген Алтынбек Қартабай.

Ұқсас жаңалықтар