Депутат әлеуметтік, спорттық нысандарды аралады

Депутат әлеуметтік, спорттық нысандарды аралады
ашық дереккөз
Депутат әлеуметтік, спорттық нысандарды аралады

Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Қожахан Жабағиев Шу ауданына жұмыс сапарымен келіп, бірнеше әлеуметтік нысандардың тыныс-тіршілігімен танысты. Халық қалаулысы аудандағы жұмыс сапарын Шу қаласында орналасқан «Жетісу» тұрғын алқабындағы 75 пәтерлі көп қабатты үйді қалпына келтіру жұмыстарымен танысудан бастады. Айта кету керек, іргетасы өткен ғасырдың екінші жартысында қаланып, әбден тозығы жеткен апатты тұрғын үйді қайта жаңғырту оңай шаруа емес. Десе де өткен жылдың шілде айында осы мақсатта облыстық бюджеттен қаржы қарастырылып, жөндеу жұмыстары қолға алынған болатын. Енді міне, «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жүргізілген қайта жаңғырту жұмыстары жуық арада аяқталуға жақын. Жалпы ауданы 3459,63 шаршы метрді құрайтын нысанды мердігер компания үстіміздегі жылдың тамыз айында пайдалануға береміз деп жоспарлап отыр. Тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары аяқталған соң, аудандағы баспана кезегінде тұрған 700-ден аса тұрғынның 75-і қоныстойларын тойлайтын болады. Өз кезегінде Парламент Мәжілісінің депутаты жиырма жылдан аса уақыт қараусыз тұрған тұрғын үйді қайта қалпына келтіріп, тұрғындарды баспанамен қамтуда осындай игі бастамаларды қолға алған жергілікті билік өкілдеріне ризашылығын білдірді. Бұдан соң Қожахан Көкірекбайұлы қала маңындағы «Жеңіс» саябағына атбасын бұрды. Ондағы ескерткіштер мен саябақты көгалдандыру жұмыстарының қай деңгейде жүргізіліп жатқанын көрді. Сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаты «Тарлан» спорт кешеніне де барды. Жобалық құны 480 миллион теңгені құраған нысанның құрылысы 2015 жылы басталып, бір жылдан соң Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына орай пайдалануға берілген еді. Спортшыларға жаттығу бөлмесімен бірге 1 бокс, 2 ауыр атлетика және 1 күрес залдары қызмет көрсетеді. Екі қабатты ғимараттың спорттық-сауықтыру блогы жəне жатақхананың 25 адамға арналған жатын бөлмесі мен жеке асханасы, моншасы бар. Оған қоса спорттық нысанның ауласынан жасанды жамылғылы футбол алаңшасы мен гимнастикалық алаңдар да ашылған. Қазір осы кешенде жаттықтырушылар спорттың дзюдо, таэквондо, бокс және күрес түрлері бойынша аудандағы жүздеген жасөспірімді спортқа баулуда. Одан бөлек, мұнда кешкі уақыттарда аудан тұрғындары ақылы түрде спортпен шұғылдана алады. 2016 жылы «Тарлан» спорт кешенін Қазақстан бокс федерациясы сенімгерлік басқаруға облыстың бокс клубына берген болатын. Ал 2017 жылдың ақпан айында нысанды Қазақстан бокс федерациясынан «Тарлан батырлары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында өткізу-қабылдау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде, «Тарлан» спорт кешені серіктестік меншігіне толықтай өткен еді. Міне, содан бері мұнда бірнеше аудандық, облыстық, республикалық жарыстар ұйымдастырылып келеді. Осы жұмыстардың барысымен толық танысып шыққан Қожахан Жабағиев кешеннің басқарушысы Талғат Аяпбергеновке өзінің ризашылығын жеткізді. Депутат Шу қаласының орталық қазандығын барып көріп, 1990 жылы қолданысқа енген мұндағы КЕ-25/14С маркалы бу қазанын газбен жұмыс істейтін BOSCH маркалы UNIMAT UT-L46 су қыздырғыш қазандарына ауыстыру жұмыстары толық аяқталғанын білді. «Шу-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Руслан Көккөзовтің айтуынша, орталық қазандық «көгілдір отынға» толық ауыстырылғанымен бұрынғы көмір қазандықтары резервте тұра береді. Мәжіліс депутаты аудандағы жұмыс сапарының соңында «Паровоз» мемориалды кешенінің маңындағы демалыс орнын көріп, оң бағасын берді. Одан кейін «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында ауданның зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Ерғали Қартайған Шу ауданы.

Суретті түсірген Петр Норкин.

Ұқсас жаңалықтар