Политехникалық колледжді бітірген

Политехникалық колледжді бітірген
ашық дереккөз
Политехникалық колледжді бітірген

жас мамандар кәсіпорындарға шақырту алуда

Біз кәсіби білім беру жүйесінің қызметін тиімді ұйымдастырғанда ғана қоғамның әрбір мүшесіне тиісті кәсіптік білім бере аламыз. Ал нарықта сұранысқа ие жоғары білікті дәрежеде дайындалған кәсіптік мектеп, колледж не жоғары оқу орнын бітірген мамандар ішкі еңбек ресурстарын толықтырып, жұмыссыздықты жоюға жол ашады. Сондықтан Мемлекет басшысы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 77-қадамында кәсіптік-техникалық білім беретін үздік 10 колледжді анықтап, әрі қарай үлгілі оқу орны ретінде қалыптастыруды міндеттеген болатын. Бүгінде республикада сол озық оқу орындары нақтыланып, солардың қатарына облыс орталығындағы Жамбыл политехникалық колледжі енгізіліп отыр. Үздік колледж 2017-2018 оқу жылында 17 мамандық бойынша 474 кадр даярлап шығарды. Оның 58-і оқуда озат болып, үздік дипломға ие болды. Колледж директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Жанар Орынбаеваның айтуынша, диплом алған мамандар қазірдің өзінде жұмыс берушілер тарапынан сұранысқа ие болып отыр екен. – Түлектерге диплом тапсыру рәсімінде біздің колледждің дуалдық оқыту бойынша практика базалары саналатын серіктестер – «Таразқұрылыспроект», «ҚазТрансГаз» өнімдері, «Амангелді ГӨЗ», Тараз механикалық зауыты, «Қазфосфат» ЖШС, Жамбыл электр жүйелері, Жамбыл керамзит зауыты, «Әулие-атаТрансПасс», «Би-Дәулет» ЖШС, «MASTER -MEDIA» жарнама агенттігі, «Көмеск-Өмір» АҚ, «Ахметов» ЖК және тағы да басқа өндіріс орындарының өкілдері арнайы келіп, өндірістік тәжірибеден өту кезінде кәсіби білімдерін іс жүзінде қолдана білген жастарға Алғыс хаттар, тіпті кейбірі жұмысқа қабылдау туралы сертификаттар мен жолдамалар тапсырды. Жұмыс берушілердің біздің студенттердің білім деңгейіне көңілі толатынын осыдан-ақ көруге болады. Жалпы биылғы бітірушілер табысты болды. «Нұр Отан» партиясының Тараз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Арын Асқарбеков партияның бастамасымен ұйымдастырылатын қоғамдық-саяси, мәдени, спорттық іс-шараларға белсене қатысқан колледж түлектерін арнайы грамоталармен марапаттап, «Сәтті қадам» партиялық жобасы аясында төрт түлектің жұмыспен қамтылатынын хабарлады, – дейді Жанар Рымбекқызы. Білім беру – үздіксіз жүретін үдеріс. Сондықтан колледж түлектері біліктілігін әрі қарай жетілдіріп, кәсіптік білімдерін жоғары оқу орындарына шыңдаса да болады. Ол үшін оқуға құжат тапсырып, кешенді тестілеуге қатысуы тиіс. Оның үстіне биыл Президент бөлінетін мемлекеттік гранттар санын 20 мыңға дейін ұлғайтуды тапсырып, түлектердің жоғары білім алуына қол жеткізу мүмкіндігін арттыруды міндеттеп отыр.

Ардақ Үсейінова

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар