Ассамблея мүшелері тарихи орындармен танысты

Ассамблея мүшелері  тарихи орындармен танысты
ашық дереккөз
Ассамблея мүшелері тарихи орындармен танысты

Тарихи орындарға жасалған экспедицияның танымдық маңызы зор. Осыдан біраз уақыт бұрын алматылық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы «Ұлы Дала елінің қасиетті мұрасы» атты тарихи-экологиялық акциясын ұйымдастырып, тарихи жерлерді аралауды бастаған болатын. Жақында көрші облыстың жастары эстафетаны жамбылдықтарға тапсырды. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Рано Убайдуллаева, бірқатар этномәдени бірлестіктердің өкілдері эстафетаны Қордай ауданында күтіп алды. Бұған жамбылдық жастар, нақты айтсақ, Ассамблея жанынан құрылған «Жаңғыру жолы» қозғалысының жетекшілері бастамашы болғанын айтқан жөн. Алматылық экспедиция мүшелерімен кездесу Қордай батырдың ескерткішінің алдында өтті. Шараға қатысушылар еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің маңыздылығын, сондай-ақ жалпы мемлекеттік міндеттерді жүзеге асыруда Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін талқылады. Осыдан кейін көпшілік Өтеген батыр кесенесіне бет алды. Онда облыстық музейдің қызметкері Сейітали Қойшыбекқызы келген қонақтарға батырдың өмірі мен ерліктерін әңгімелеп берді. Ал акцияға қатысушылар «Өтеген батыр» аймақтық мұражайының аумағын тазартып, сенбілік өткізді. Осы күні «Нұр Отан» партиясының Қордай аудандық филиалы ғимаратында «Жамбыл облысының қасиетті орындары» тақырыбында семинар өтті. Семинарда жас ғалымдар Р.Тобажанов, Т.Тәжиева, А.Сайлаухан аймақтың қасиетті жерлеріне қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстарын таныстырып, көптеген тың деректерімен бөлісті. Алматылық эстафеташылар облыстық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының жетекшісі Хамида Тұрдыеваға Қазақстан халқы Ассамблеясының туы мен акция альбомын тапсырды. Кез келген тарихи экспедицияның Тараз қаласын айналып өтуі мүмкін емес. «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының өкілдері «Ақыртас» кешеніне де атбасын бұрды. Бұдан кейін оларды 2000 жылдық тарихы бар көне шаһардың «Қарахан баба», «Тектұрмас» секілді тағылымы мол қасиетті орындар күтіп тұрған болатын. Экспедицияның мүшелері жергілікті аймақтанушылар және этнографтармен кездесіп, аймақтың тарихи және мәдени мұраларының ескерткіштерінің маңыздылығын талқылады. Алматыдан бастау алған экспедиция мүшелері ендігі эстафетаны жаңа Түркістан облысына ұсынбақ.

Назерке ОҢҒАР, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесі баспасөз қызметінің маманы.

Ұқсас жаңалықтар