Елімізде ұлттық музыкалық аспаптарды жасайтын қолы икемді шеберлер аз емес. Алайда кез келген аспапты көз тартарлық деңгейде жасау бір бөлек те, одан жақсы әуен шығатындай шеберлікке жету – бір бөлек дүние. Әлбетте, әсем әуен мен сырлы сазды бір арнаға тоғыстыра отырып, сонымен бірге аспапты да жарқыратып жасап шығару – тек тәжірибелі шебердің қолынан ғана келетін іс. Міне, сондай шеберлердің бірегейі – Шу ауданының тумасы Қанат Қазақбаев.
Ел арасында есімі көп айтыла бермейтін Қанат Дотаұлының қолымен жасалған қобыз сонау Италияның Ватикан мемлекеттік музейінде Қорқыт бабамыздың кітабының жанынан орын алған екен. Тасада жүріп, таудай жұмыс тындырған шулық азамат туралы қызықты деректерді құлағымыз көп шалған соң, шебердің өзімен тілдесуге асықтық. Төле би ауылында тұратын шеберді үйіне іздеп барғанымызда, бағымызға орай кейіпкеріміз шеберханасында екен. Шеберхана дегені – үлкен үйдің қапталында орналасқан жалғыз ғана шағындау бөлме. Кіреберіс сол қапталға қаз-қатар қойылған аспаптар. Қабырғаға қобыздың бірнеше түрі ілініпті. Әлі бітпей, жарым-жартылай істелгендері де жетерлік. Салған жерден сөз бастау қиын ғой. Әуелгіде айналаға ілінген аспаптар туралы сөз етіп едік, бірте-бірте әңгімеміз де өз арнасын тауып жүре берді. Ол Алматыдағы А.В. Гоголь атындағы көркемсурет училищесін 1982 жылы тәмамдаған екен. Ал бүгінгі күні қазақтың ұлттық музыкалық мұраларын қазіргі заман ағымына лайықтап, өңдеп, оларды шекарадан тысқары жерлерге насихаттап жүрген елімізге белгілі дарынды қобызшы, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы Әлқуат Қазақбаев біздің бүгінгі кейіпкеріміз Қанаттың туған інісі екенін біреуі білсе, біреу білмес. Шебердің сөзінше, осыдан ширек ғасыр бұрын бауыры Әлқуат республикалық музыка мектеп-интернатында 4-сыныпта білім алып жүріп, демалыс кезінде үйіне құрама қобыз ала келген көрінеді. Міне, сол сәттен бастап Қанаттың қобызға деген қызығушылығы пайда болып, оны жан-жақты зерттей бастаған. Сол кезде тұңғыш рет қобызды қолына алып көрген ол қобыз жасау өнерінің әліппесіне, шикізатпен және құрал-жабдықпен жұмыс істеуге, түйенің терісін қалай өңдеу керектігіне ден қойып, қазақы қобызды жасауға машықтаныпты. Қанат шебердің өткенді зерделеп, ұлттық аспаптарды ұлықтаудан құралақан емес екендігін осыдан-ақ аңғаруға болады. Қалай десек те, ұсталық, зергерлік атты өнер әлеміне апарар жол кім-кімге болмасын ата-бабасынан қонып, ғасырлық тарих және шежіре арқылы, қан арқылы келетіні белгілі ғой. Сол секілді біздің кейіпкерімізге де ұсталық өнер арғы аталарынан қонған көрінеді. Ағамыздың өзінен Ватикан мемлекеттік музейінде тұрған қобыздың жай-жапсарын сұрағанымыз сол еді, ол ойымызды бірден түсінді де, «Әлем бойынша екі-ақ данасы бар «Қорқыт дада» деген аса құнды кітап бар екен. Оның түпнұсқасы Ватикан мемлекеттік музейінде тұрса, екіншісі Германияның Дрезден қаласындағы музейге қойылыпты. 2001 жылы Рим Папасы Иоанн Павел ІІ арнайы іссапармен елімізге келгенде, сол кездегі Еуразия ұлттық университетінің ректоры болған мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков Ватикандағы Қорқыт бабамыздың кітабының жанында ұлттық аспабымыз қобыз тұрсын деген ұсыныс жасап, белгілі дін қайраткеріне қобыз сыйлады. Бағыма орай, сол қобызды жасау маған бұйырған болатын», – деп сөзін жалғады. Бұдан бөлек, 2014 жылдың тамыз айында елімізге белгілі археолог Зейнолла Самашев бастаған қазақ ғалымдары Алтайдың Шығыс Қазақстан облысы аумағында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу барысында көне жауынгердің жерленген жерін тапқан. Жауынгерді шамамен VII ғасырда өмір сүрген деп топшылайды. Сондағы археологиялық қазба жұмыстарының басты олжасы – қару-жарағымен бірге жерленген жауынгердің жанынан бір аспап табылған. Зерттей келе, оның жорық алдында сарбаздарға рух беретін қобызға ұқсас музыкалық аспап екені анықталған. Мұның қай уақытта және қандай ағашпен жасалғандығын Қанекең нақты айтып бере алмады. – Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі мен археолог Зейнолла Cамашев және бір топ ғалымдар аспап әбден ескіргендіктен, оны бүтіндей ала алмай, қағазға түсірген екен. Одан кейін маған хабарласып, суретіне қарап осы аспапты жасауға тапсырыс берді. Оның қағазға түскен көлемін өлшеп, оған кәдімгі қазақтың қара қобызына салынатын жылқының құйрық қылы мен түйенің терісін салып, бас-аяғы екі айдың айналасында қобызды жасап шықтым. Бұрынғы заманда бақсылар қобызға бұғының тарамысын тартқан дейді. Оны да байқап көргім келген. Дегенмен оны ысып алатын адамды табу қиынға соқты. Жұмыс толығымен аяқталған соң, көлемі шағын ғана жауынгердің аспабын тартып көрген ғалымдар оның үніне таңғалып, оны қобыздың атасы деп таныпты. Қазір өзімде бір данасы сақтаулы. Ал еліміз бойынша бұл қобыздың жеті данасы ғана бар, – дейді ол. Сыртқы келбеті ерекше көз тартатын бұл қобызды қолыңызға ұстап, тарта қалсаңыз, жүрегіңіз селт ете қалады. Керемет, ғажап дүние. Жағымды қоңыр үн жаныңды баурайды. Мұның үні қазіргі қобыздардың дауысынан бөлек. Көлемі шағын болғанмен де, тағылымы зор аспап екені сөзсіз. Бет жағына тартылған жылқы қылы мен төменгі жағындағы өңделген түйе терісін асықпай-аптықпай әдіптеген шебер өз жұмысын өте ұқыпты, тиянақты атқарғаны көрініп-ақ тұр. Не болса да шебердің өз қолынан туған осынау қолөнер туындысы бұрын ешқайда жасалмаған. Отыз екі жылдан бері осы өнерді ата кәсібіне айналдырған ағамыздың қобыз жасау шеберлігі де ерекше. Оның айтуынша, қобыздан шығатын үн таңдалып алынған ағаш пен жылқы қылына байланысты көрінеді. «Қобыз аспабының екі түрі болады. Алғашқысы – қазіргі кезде қолданыста жүрген музыканттардың қолындағы қобыз болса, екіншісі – кезінде бақсылардың ойнаған нар қобызы. Бұлар тұтас ағаштан шабылып істеледі. Ағашты да әр шебер өзінің туған жерінің табиғатына, ыңғайына қарай таңдайды. Мен Шу өзені бойында көп өсетін жиде ағашын пайдаланамын. Одан бөлек, үйеңкі ағашымен де жасаймын. Қобыздың төменгі жағы түйенің терісімен қапталса, ішектері 5-6 жасар айғырдың құйрық қылынан жасалады. Ағашты ойғаннан соң, оны екі сағат тұзға қайнатып, содан кейін барып ағаштың бойындағы ылғал мен майды сіңіріп алу үшін сексеуілдің шоғынан қалған күлге салып, 3-5 күн аралығында кебуіне қарай ұстаймын. Содан кейін ғана әрлеу жұмыстары басталады. Бір жылдары қылқобыз дегенді ешкім қолға ұстамай, құрып бара жатыр еді. Қазір Аллаға шүкіршілік, ұлттық аспаптарға деген сұраныс жақсы. Жылына шамамен жиырмаға жуық тапсырыс түседі. Ал бір қобызды жасау 15-20 күнді қажет етеді. Бүгінгі күнге дейін бас-аяғы үш жүзден аса қобыз жасаппын. Соңғы 30 жылда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұжымы тұрақты тұтынушыларыма айналды», – дейді шебердің өзі. Ал қобыздың бағасы қанша тұрады деген сауалымызға ол аспаптың үніне байланысты болады деп жауап берді. Қанат ағамыздың қолымен жасалған қобыздың ең қымбаты 400 мың теңгеге бағаланыпты. Қанат 2006 жылы өткен І республикалық «Дана қобыз» атты ұлттық музыкалық аспап қылқобыз жасаушы шеберлер арасындағы байқаудың жеңімпазы атаныпты. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіровтің әдеби-мемориалды музейіндегі баға жетпес қазынаға айналған Молықбай Байсақұлының ежелгі қобызын қайта өңдеу Қанатқа тапсырылған. Қазақтың құлагер ақыны Ілияс Жансүгіров 1930 жылдардың басында Жетісу даласының атақты қобызшысы, үш ішекті домбыраны жетік меңгерген Молықбайға арнап «Күйші» поэмасын жазғаны баршамызға мәлім. Атадан балаға мирас болып келген поэма кейіпкерінің осы киелі қобызын Шу жерінде өңдеп, қайта қалпына келтіріп, оны Молықбай Байсақұлының 150 жылдығына арналған республикалық ғылыми-танымдық конференцияға дайындаған жерлесімізді қазақтың Страдивариі деуге келетіндей. Себебі бүгінгі таңда оның қолымен жасалған туындылар да есімі әлемге әйгілі музыка аспабының асқан шебері Страдиваридің туындыларындай бірнеше музейдің алтын қорына баланып отыр. Еліміздегі көптеген музыкалық оқу орындарының студенттері мен ұстаздары, сондай-ақ шетелдің жеке музыканттары мен танымал ұжымдары да шулық шебердің қолынан шыққан аспапқа жан бітіріп, қоңыр үнін әуелетіп жүр. Жалпы, бұл отбасын өнер қонған шаңырақ деуге болады. Қазіргі таңда Астана қаласындағы «Шабыт» өнер университетінде қызмет істейтін інісі Әлқуат Қазақбаевтың да есімін өнер әлеміндегі жұртшылық жақсы біледі. Осылайша, ағасы қобыз жасаса, інісі қобыздың ысқысынан шыққан қоңыр үнін әлемнің түкпір-түкпіріне таратып, қазақтың музыка өнеріне үлкен үлестерін қосып келеді. Есімі елге белгілі шебер немесе ұста өмірден өткенде оның тұрған жерінен дыбыс шығып, ағашты жонған темірдің соққысы, балғаның дауысы сынды тылсым дыбыстар естілетіні жайлы ел арасында көптеген әңгімелерді естіп жатамыз. Алайда біздің кейіпкерімізге бұндай қауіп төніп тұрған жоқ. Киелі аспапты төрінде ардақтаған Қанаттай шеберлер барда қобыздан шыққан сызылған үннің де сөнбесіне іштей сендік.
Ерғали ҚАРТАЙҒАН
Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді