Адал салық төлеушінің мүддесі бәрінен жоғары

Адал салық төлеушінің мүддесі бәрінен жоғары
ашық дереккөз
Адал салық төлеушінің мүддесі бәрінен жоғары

Жылдың басты құжаты саналатын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы Қазақстанның алдағы басымдыққа ие бағыттарын айқындап қана қоймай, нақты міндет-межелер жүктеді. Соның ішінде мемлекеттік органдармен бірге Үкіметке бизнес-климатты жақсартуды және оны «көлеңкеден» шығарудың жаңа тәсілдерін ойластыру тапсырылды.

Бұл, әрине, мемлекет тарапынан кәсіпкерлік көкжиегінің кеңеюіне көмектесіп, халықтың өз бетінше табыс табуына жол ашу деген сөз. Өткен жылдың 25 желтоқсанында арнайы заңмен 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап кезең-кезеңімен қолданысқа енетін жаңа Салық кодексі бекітілген болатын. Жыл басталысымен жаңа заңнаманы түсіндіру жұмыстары кірістер органдары тарапынан қарқынды жүргізілуде. Жаңа кодекстің негізгі мақсаты – адал салық төлеушінің мүддесін қорғап, экономикамыздың түрлі секторларын ынталандыру. Салық кодексінде сондай-ақ салықтық әкімшілендіруді оңтайландыру мен бизнесті түрлі кедергілерден босатып, бақылауларды қысқартудың жаңа саясаты қарастырылып отыр. Қарапайым халыққа қажетті салық бойынша өзгерістерге келсек, мүлік салығын, жер салығын ендігі жерде жыл қорытындысы бойынша төлейтін болдық. Мысалы, 2017 жылға қалыптасқан салықты 2018 жылдың 1 қазанына дейін төлеуге мүмкіндік бар. Бұрын жылдық салықты сол жылы төлейтінбіз. Халық үшін бұл, әрине, ыңғайлы. Жаңа Салық кодексінде интернет-сауда үшін де жаңа жеңілдіктер қарастырылған. Заман талабы ғой, қазіргі уақытта әлеуметтік желілер арқылы сауда жасап жатқандар электрондық алаңға көшсе, онда табыс салығын төлемейтін болды. Жеңілдік алу үшін: мәмілелерді электрондық нысанда рәсімдеу және тауарлар үшін төлеу ақысын қолма-қол ақшасыз, төлеммен жүргізу. Тауарлардың электрондық саудасынан түсетін кірістер ЖЖТ кем дегенде 90 пайызын құрауы тиіс. Өкінішке қарай, Тараз қаласы бойынша интернет-сауда жасаушылары әзірге тіркелмеген екен. Айтпақшы, биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Үкіметке шағын және орта бизнестен түсетін корпоративті табыс салығын өңірлік бюджеттерге беру мәселесін қарастыруды тапсырды. Бұл, әрине, өңірлердің дамуына үлесі зор жаңа тетік. Жалпы алғанда, жаңа кодексте сонымен қатар, ЭШФ жазу кезіндегі ҚҚС сомасын есепке жатқызу бойынша, тауарларды экспортқа өткізу кезіндегі айналымды жасау күні, жалпы ЭШФ жазу, тауарларды импорттау және экспорттау кезіндегі жанама салықтарды төлеу талаптарында біршама өзгерістер бар. Сонымен бірге, салық есептілігін ұсынуға қатысты салықтық мониторинг және салықтық әкімшілендіру, берешектерді өндіру, салықтық тексеруге қатысты тақырыптар қатары да жаңарды. Қала кірісшілері бүгінде жаңа салық және кеден кодекстері турасында іскер азаматтарға кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қызу қолға алуда.

Құдайберген РЫСДӘУЛЕТ, Тараз қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы

Ұқсас жаңалықтар