Әпке

Әпке
ашық дереккөз
Әпке

Әкемнің әпкесі бар екен. Оны біз әбден кеш білдік. Абай ауылынан отбасымен ауылдың шеткі жағындағы дарбазасы биік үлкен үйге көшіп келгеніне де көп бола қоймаған еді. Сол жақта ұзақ жыл жұмыс істеп, зейнетке шыққан соң, елге келіпті. Тана көздері тұп-тұнық, толқындана түскен бұйра қара шашты, ақ сары өңді екен. Мұрны да біздікіне қарағанда өзгешелеу көрінді. Тіпті түрі қазаққа еш ұқсамайды. Бірақ адамға мейірлене қарағанда, жанарынан меймілдеген жаспен бірге бар мейірімі төгіліп кетердей елжіреп тұрады. Сонысын көргенде «әпкесі болса – болар» дегем іштей, бала кезімде. Әйтсе де бұл жерде бір жасырын сыр бар шығар деген ой да қылаң берген-ді... Кейін естідім, үлкендердің әңгімесінен. Шешесі бөлек екен. Е, бәсе дедім іштей, бір үлкен құпияны ашқандай-ақ. Сөйтсем, оның ешқандай жасырын сыры жоқ болып шықты. Әкем әпке деп жүрген Маржан сонау бір зұлмат жылдарда Кавказдан көшіп келген қарашай Әзірет пен Мәриямның қызы екен. Арып-ашып, аш-жалаңаш елге жеткенде, колхоздың жапсарлас салған тамында атам Үсейінмен көрші қоныстаныпты. Нан тапшы, тоя тамақ ішпейтін, шалақұрсақ жүретін соғыстан кейінгі қиын-қыстау кез. 47-нің көктемінде бір шатырдың астындағы үйдің бірінде шыр етіп нәресте дүниеге келгенде көрші Мәриям оны жерден көтеріп алып, кіндігін қиыпты. «Ақ жауын ала келді ғой» деп, үлкендер кішкентай Тоқанның аузына салып, ұлдың есімін Жаңбыршы қойыпты. Әкем қарашайдың қызымен осылай туыс болыпты. – Бізді тағдыр туыс қылды ғой. Ол кезде баламыз, не үшін бір күнде Қап тауынан үдере көшкенімізді қайдан білейік. Өмірі көрмеген, естімеген аядай ауылға қалай келдік? Әкемізді қайда айдап әкетті? Бәрі жұмбақ. Көз жазып қалдық па дегенде, Алланың қарасқаны ғой, қайта қауыштырды. Үйелмелі-сүйелмелі шиеттей бала-шаға, Үсейін мен Ақшайдың ақ пейілінің арқасы, аман қалдық. Әкем Әзірет «Кавказға көшуге рұқсат берсе, жиған малымның жартысын Үсейінге беріп кетер едім» деп көршісіне риза болып жүретін, – дейді Маржан апа. Соғыстан кейінгі ел еңсесін көтере қоймаған кез. Әсіресе киім жағы жұтаң. Тоқан сабақты түске дейін оқиды (әкемнің ағасы). Бала болып, көшеде ойынға алдана алмайды екен, себебі түстен кейін оның күпәйкесін көрші үйдің қыздары кезектесіп киіп баруы керек. Кешіксе, анасынан ұрыс естірі анық... Маржан апа сонау бір сұрқай жылдарды жиі еске түсіріп, әңгімелейді. Онысы ұлы мен келініне, немерелеріне, мына маған ауылдас, ағайындықтан бөлек, үлкен туыстықтың сыры осындай дегені екенін іштей сеземіз. Сол бір кезеңге қайта оралғандай өткеннен сыр ақтаруының мәнін ұғынамыз. Ауыртпалығы көп болса да, балалық шағы емес пе?! Кейде жадырап күліп те алады. Тағдыр табыстырған қос бауырын айтып, мұңайып қалатыны да бар Маржан апаның.

Ардақ Үсейінова

Көкдөнен ауылы, Т. Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар