Қазақтың дос пейілі – өлмес өнегесі

Қазақтың дос пейілі – өлмес өнегесі
ашық дереккөз
Қазақтың дос пейілі – өлмес өнегесі

Осыдан екі жыл бұрын Елбасы Жарлығымен 1 наурыз – «Алғыс айту» күні болып белгіленді. «Мен Алғыс айту күні игі дәстүрге айналып, халқымыздың ең сүйікті мерекелерінің бірі боларына сенемін», – деп атап өткен Президент Н.Назарбаев құндылықтардың қадіріне жете алған елдің келешегі кемел екенін, Алғыс айту күнін осындай мақсатпен белгілегенін, Алғыс айту күні – енді ұлттық күнтізбедегі Еңбек күні, Отбасы күні сияқты өзге де мерекелердің қатарындағы жаңа датаға айналарын баса айтқан еді.

 width=Махметғали Сарыбеков, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, «Әулиеата» қазақ мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Алғыс айту күнін мерекелеу «Мәңгілік Ел» идеясын ортақ тарихи сана негізінде нығайту мен дамытудағы қазақстандық құндылықтарды айқын көрсетеді. Бұл – елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барша қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымының белгісі. Қазақ қиын-қыстау заманда көптеген ұлттың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді. Сөйтіп халқымыздың дос пейілі бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында өткен ХХ ғасырдың халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болғанын айтады.Тағдырдың осынша қасіретіне қарамастан, еліміз бір кездегі салқын саясаттың кесірінен қуғындауға түскен өзге ұлттардың жанына сая бола білді. Оларды өзегінен теппей, бауырына тартты. Үйінің бір бөлмесін, нанының жартысын бөліп берді. Сол арқылы қазақ халқы мейірімділік пен жомарттықтың әлемде қайталанбас жолын көрсетті. Осы үшін де Қазақстанға жер аударылып, тағдыр тәлкегіне ұрынған миллиондаған жандардың қазаққа деген алғысы шексіз. Елбасы 130-дан аса этностың әрқайсысы өзінің қайталанбас өрнегін салуының нәтижесінде біздің біртұтас ұлтымыз бірегей артықшылықтар иесіне айналғанын бекер атап өткен жоқ. Бұл – тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көп этносты халқының ортақ тарихын құрметтеу, қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдау күні болмақ. Бір сөзбен айтсақ, 1 наурыз – рухани бірігу күні. Бұл күнді бүкіл елімізбен қатар М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ұжымы да ерекше ықыласпен атап өтеді. Университетімізде 20-дан астам ұлттың өкілдері бірлесе еңбек етіп, бәсекеге қабілетті жас ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосуда. Шет мемлекеттен келген, әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған жастар еліміздегі тұрақты бейбітшілік пен келісімнің аясында алаңсыз білім алуда. Алғыс айту күні – қазақстандық патриотизмнің, достық пен бірліктің, мәдени сан алуандығымыздың жарқын күні. Рахмет айтып, көрісу, танымаса да бір-біріне құрмет көрсету – қарға тамырлы қазақтың қашаннан қанына сіңген қасиеті. Халқымыз ежелден-ақ бір-біріне ізгілік көрсетіп, бауырмалдық танытып, шексіз ықыласын білдіруді әдетке айналдырған. Бұл мереке бір жағынан сол игі қасиетімізді жаңғыртып, өзгелерге үлгі боларлық озық болмысымызды төрге оздыруға да үлкен септігін тигізеді деп топшылаймын. Қорыта айтқанда, тоталитарлық жүйенің қолдан жасаған ашаршылығы, кәмпескелеу, репрессия – осының бәрі ұлтымыздың басына зор нәубет әкелді. Қиындықтарға душар етті. Соған қарамастан, қонақжай халқымыз қамкөңіл жандарға қолұшын созды. Бар мейірімін төкті. Туысындай, ағайынындай көрді. Достық ықыласын білдірді. Кеңдік танытты. Бүгін де солай. Жарасымды тірлігі, берекелі ісі бар. Ақ көңіл, кең қолтық қазақ әлі де сол бауырмалдығынан танған жоқ. Елбасының бастамасымен өмірге келген бұл мерекенің мәнісі де сол.

Ұқсас жаңалықтар