Ақүрпековтің «арландары» ресейліктерді ойсырата ұтты

Ақүрпековтің «арландары»  ресейліктерді ойсырата ұтты
ашық дереккөз
Ақүрпековтің «арландары» ресейліктерді ойсырата ұтты

Бүкіләлемдік бокс сериясының үш дүркін чемпиондары «Астана арландары» командасы Ақмола облысына қарасты Щучинск қаласында Ресейдің «Патриот боксинг тим» командасын қабылдап, 5:0 есебімен айқын басымдық танытты. С1 санатындағы былғары қолғап шеберлері өнер көрсеткен бокс кешін 56 килограмм салмақ дәрежесіндегі оғлан Ілияс Сүлейменов пен ресейлік Василий Веткин ашты. Кездесу барысында Ілияс әдемі шабуылдарымен ерекшеленіп, жеңісті жұлып алды. Мұнан соң шаршы алаңға 64 килограмм салмақ дәрежесіндегі сайыпқыранымыз Ділмұрат Мижитов көтерілді. Ол Константин Богомазовтан айласын асырып, есептегі басымдықты үстемелей түсті. Рингке үшінші болып жамбылдық жампоз, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұл көтерілді. 75 килограмм салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз Расул Алиевті айқын ұтып, есепті 3:0-ге жеткізді. Жойқын соққыларымен қарсыласының сілікпесін шығарған Әбілханның өнеріне жұрт сүйсінді. Ойқастап жүріп шабуылдаған жас періге біз де «жарайсың!» дестік. 91 килограмдағы үмітіміз Нұрбол Алтаев сенім үдесінен шықты. Ровшан Ягубзадемен қолғап түйістірген Нұрбол төрешілердің екі жақты шешімі нәтижесінде жеңіс тойын тойлады. Бокс кешін 49 килограмм салмақтағы оғландар шайқасы қорытындылады. Ақмола облысының түлегі Теміртас Жүсіпов Борис Сидоровты әбден әбігерге салды. Бес раунд бойы шабуылға иек артқан Теміртас темірдей қолдарымен сойқан соққыларын қарсыласына дарытып, теңселтіп те тастады. Жергілікті жанкүйерлердің қиқуынан қанаттанған қазақстандық боксшы қарсыласынан айласын асырып, қазақстандық команданың ірі жеңісіне нүкте қойды. Қорытынды есеп – 5:0. «Астана арландарының» пайдасында. Осылайша Нұрлан Ақүрпеков баптайтын қазақстандық команда алдымен үндістандық қарсыластарын 4:1 есебімен ойсырата ұтқан соң, ресейліктерді де сабасына түсіріп, жобада кімнің мықты екенін бір байқатып тастады.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Ұқсас жаңалықтар