Еңбегіне қарай құрмет

Еңбегіне қарай құрмет
ашық дереккөз
Еңбегіне қарай құрмет

Ата-бабалардың аңсары болған азаттық бүгінде ұрпақтың қолы жеткен қасиетті байлығы, тәу етер тұғыры десек артық айтпағанымыз. Егемендікке қолы жеткелі еліміз өркендеп келеді. Небары ширек ғасырдың ішінде айдай әлемге танылған Қазақстан дамыған елу елдің қатарынан орын алып, озық отыздыққа енуге батыл қадамдар жасауда. Биыл ел тәуелсіздігіне 26 жыл толып отыр.

Осынау аз ғана уақытта еліміздің әр аймағы түрленіп, түлеп, экономикалық-әлеуметтік дамуды бастан кешірді.

Жыр алыбы Жамбыл ақынның есімін еншілеп жатқан облысымыздың да егемендік жылдары қол жеткізген жеңіске толы жетістіктері мен жемісті жұмыстары орасан. Ол туралы Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс әкімдігінде өткен салтанатты шарада өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев жан-жақты айтып өтті. Жиында бірқатар азаматтар Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталды.

– Тәуелсіздік күні – біздің мемлекетіміздің, ең ұлы мерекелерінің бірі және бірлігі мен ынтымағымыздың жарасқан елдігіміздің бағдары, кемел келешегіміздің кепілі. Баршаңызды осы Ұлы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздікке қол жеткен осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты мен ынтымағымыздың арқасында ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Бүгінде Қазақстан демократиялық саяси-құқықтық жүйесі бар, экономикасы тұрақты, халқының әл-ауқаты жоғары, ұдайы даму үстіндегі мемлекет ретінде қалыптасты. Тұрақтылықты қалыптастыру қажырлы еңбекпен келетіні белгілі. Жамбыл жұртшылығы тәуелсіздік жылдары қуатты мемлекет орнықтыру және өңірді дамыту жолында аянбай еңбек етті. Тынымсыз тірлік пен берекелі бірліктің арқасында облысымыз көркейіп, қарқынды қадаммен дами түсті. Жамбыл жұртшылығы тәуелсіздік жылдарында саяси тұрақтылықты сақтап, өңірді дамытуда қажырлы еңбек етіп, тер төкті, – деген Кәрім Нәсбекұлы соңғы жылдары өңірдегі экономикалық жетістіктер мен табыстарға кеңінен тоқталып, онда барша облыс тұрғындарының да үлесі бар екенін жеткізді. Бұдан соң Елбасы Жарлығымен ел тәуелсіздігін баянды етіп, табысқа жетуіне аянбай атсалысқан бірқатар азаматтарға облыс әкімі мемлекеттік наградалар мен мерекелік медальдарды тапсырды. Олардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер, еңбек ардагерлері, түрлі сала қызметкерлері мен шаруа қожалық жетекшілері және кәсіпкерлер бар. Айталық, «Ерен еңбегі үшін» медаліне облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Хыдыр Бегалиев, «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» облыстық филиалының директоры Махмутжон Давришев, «ROLA-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Тұрсымбек Нұрбаев, облыстық «Знамя труда» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Валентина Прокофьева және тағы басқалар ие болды. Ал «Шапағат» медалімен облыстық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Гүлзира Абуева, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Бағила Бегманова марапатталды. Сонымен қатар, ҚР Құрмет грамотасымен де бірқатар азаматтар марапатталды. Сондай-ақ өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев пен облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов облыстың Құрметті азаматы атағын еңбек ардагері, қаламгер Елен Әлімжан, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, Меркі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбарбек Иманалиевке салтанатты түрде табыстап, еңбектерін елеп өтті. Олардың қатарында еңбек ардагері Тұрсынбала Әбдраманова да бар. Осындай атаққа ие болған жуырда ғана дүниеден озған еңбек ардагері Рәш Шәметовтің марапатын ұлы Мұхтар Қилыбаевқа тапсырды.

Жанғазы ахмет

Ұқсас жаңалықтар