Ақкөлдің игілігін қашан көреміз?

Ақкөлдің игілігін  қашан көреміз?
ашық дереккөз
Ақкөлдің игілігін қашан көреміз?
Сары топырағы басым қыр үстінен Ақкөл көлін тамашалап қарап тұрмыз. Айдынның қақ ортасында қалтылдаған екі қайық көзге түседі. Көлдің ауылға кіреберіс тұсындағы бөгеннен ақ көбіктене бұрқырап су ағып жатыр. Есіме осыдан отыз жыл бұрынғы әңгіме түсті. Аудандық электр тарату жүйесінің бастығы Есбөкен Көлбайұлы су ағар тұстан су электр стансасын соққысы келіп жүргенін айтып, маған сызбасын көрсеткен. Айтуынша оған көп қаражат та керек емес екен. «Осы тұстан су электр стансасын соқсақ, оның қуаты Ақкөлге жетер еді әрі тұтыну ақысы электр қуатына қарағанда 3-4 есе арзанға түседі» деп отыратын. Асыл азамат ойындағысын жүзеге асыра алмай, алпысқа толған кемел шағында бұл дүниеден озып кете барды. Ал базбіреулер көлдің суын тұшытатын құрылғы орнатамыз деп, мемлекеттен миллиондаған қаржы алып, ойлағандарынан түк шығара алмай, ұятқа қалды. Ақкөл ауылына тү-у сонау Тәңірқазған, Бөріқазғаннан ауызсу жеткіземіз деп мемлекеттен қыруар қаржы алып, жұмыстарын аяғына дейін жеткізе алмай, алды шетел асқан кәсіпкерлер де ауыл тұрғындарының есінде. Осы «бас ауруына» айналған ауызсу мәселесіне облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев нүкте қойды. Өткен жылдан бастап бұл ауылдың тұрғындары тұщы судың рәтін тәулік бойы көруде. – Жаратқанның жарылқауымен, – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрғанбай Тәжібеков, – соңғы 5-6 жыл көлемінде көлдің суы төмендеген емес. Иә, қария дұрыс айтады. Әсіресе, үстіміздегі жылдың көктемінде Аса өзенінен мол су келіп, одан бөлек сай-саладан бұлақтардың суы қосылып, көл толып, ауылды алып кете жаздағаны бар. Тіпті, Талас және Аса өзендерінің елді мекендерге қауіп төндіретінін бағамдаған басшылық оған да қарсы ұйымдастыру жұмыстарын қолға алды. Ағын судың молдығы арнасы кепкен өзендер мен көлдердің, су қоймаларының, каналдардың, арық-атыздардың әлеуетін қайта қарауға итермелегені анық. – Мысалы, – дейді «Қазсушар» РМК облыстық филиалы Ақкөл бөлімшесінің басшысы Ә. Ахметов бізбен сұхбатында, – жіберілген суларды есептемегенде, Ақкөл көлінде 240-250 миллион текшеметрге дейін су жиналды. Жаз, күз мезгілдерінде ауылдағы Сұлтан және Жаңатоған каналдарымен 310 гектар суармалы алқапқа тұрақты су жіберіліп тұрғанымен, қалған ылғал көлемі де аз емес. Күні кешегіге дейін көлде 151 миллион текшеметр су қоры бар деп есепке алып келдік. Бір апта болды Аса өзенінің табаны арқылы Ащыкөлге секундына 7 текшеметр су жіберілуде. Оның айтуына қарағанда, Домалақкөл мен Ұзынкөлге апаратын каналдардағы тоспалар жабылып, Ащыкөлге баратын өзеннің тоспасы ашылған. Ақкөл суармалы алқабында осындай 8 тоспа бар көрінеді. Өкінішке қарай, иесіздіктен көбісі тозып, жарамсызданған. – Кеңес өкіметі тұсында, – дейді Ә. Ахметов, – 1628 гектар алқап гидротехникалық талапқа сай суармалы алқап ретінде пайдаланылуға берілген. Кеңес өкіметі тарағаннан соң, кеңшарлар жекешелендіріліп, жүздеген техникасы бар Ақкөл су шаруашылығы мекемесі де бастапқы әлеуетінен айырылып, суармалы алқаптар иесіз қалып, танаптарды арамшөп басып, жалға алғандардың жауапсыздығынан мың гектардан астам алқап сорланып, айналымнан шығып қалды. Қазіргі жарамдысы – 310 гектар ғана. Исахметов сияқты бірен-саран шаруа қожалықтарының басшылары кәдеге асырып, азын-аулақ көпжылдық шөп егіп жүр, – дейді су саласын басқарып жүргендердің бірі – Жалғас Тәукебаев. – Егістік алқабы бабын тапсаң, өнімді еселеп береді, – дейді Ақкөл ауылының тұрғыны Жарқынкөп Райымбековте. – Осыдан отыз жыл бұрын Әкбар Тұраров ағамыз өзі бас болып, 100 гектар жерге жүгері, қауын-қарбыз егіп, мол өнім алды. – Ақкөл көлінің байлығын көршілес Сарысу ауданына берсе, – дейді Жалғас Тәукебаев, – олардың мыңдаған гектар жерді тиімділікпен игеретініне кәміл сенемін. Аталған ауданда жалғыз Ынталы су қоймасы арқылы төңірегіндегі алты ауылдың суармалы алқабының 95 пайызы игеріліп отыр. Тәукебаевтың айтуына қарағанда, екі ірі өзені, Ақкөл сияқты айдынды көлі, он алты су қоймасы бар Талас ауданының игеріп отырған алқабының көлемін ауызға алудың өзі ұят. Мәселен, Сарысу ауданындағы Игілік ауылы онсыз да тапшы суды тиімді пайдаланудың арқасында мың гектар құмақ жерге «дала аруын» егіп, гектарына 60-80 центнерден өнім алып жүр. «Айтқанның аузы, жылағанның көзі жаман»,-деп қамығады ол. Алайда, соған қарамастан бар суды тиімді пайдаланудың жолын ойластырған аймақ басшысы Ақкөл ауылында иесіз қаңырап бос қалған тұрғын үйлерді қалпына келтіруге пәрмен беріп отыр. Тіпті көктем айында, жер емген, еңбекшіл дихандарды осы төңірекке қоныстандыру да ойластырылған. Ең қуаныштысы, келер жылы Ақкөл су бөгені күрделі жөндеу көрмек. – Ол үшін республикалық бюджеттен 931 миллион теңге қарастырылмақшы. Жобалық-сметалық құжаты дайын. Бөлінген қаражатқа бөгеннің бас нысаны жаңартылып, ауылды кесіп өтетін Аса өзенінің екі қапталы бетондалатын болады, – дейді бөлімше басшысы Ә.Ахметов. Әрине, бұл қуанарлық жаңалық. Ахметовтың айтуынша, бұрынғы «Талас – су» мекемесі таратылып, оған қарасты каналдар бөлімшенің қарауына беріліп жатыр екен. Қазірдің өзінде Қазақбай, Жұмабек каналдары мен Тамды ауылындағы екі канал, Жиембет, Ойық учаскілеріндегі каналдар осы бөлімшенің бағыныштылығына өткізілген. Болашақта Ақкөл су бөлімшесі нығайып, баяғы қалпына келмек. Алайда, мекемені аралап жүріп, көзге ілігер бірде-бір қауқарлы техника көрмеген біз, оның аяғына қайтадан қаз тұруы үшін көп уақыт керек-ау деген ойға қалдық. Бірақ, бөлімше басшысы ауылдағы Жаңатоған, Сұлтан каналдары мен Ақкөл су жүйесінің бойындағы тозығы жеткен сегіз тоспаны жаңалау керек деп отыр. Оған қоса, каналдың ұзына бойынан қан тамырлары сияқты танаптарға тартылған науалар да жөнделсе жөн болар еді. Тағы бір көңілге қонатын жаңалық, «Азия даму банкінің» бұл бағытта жүзеге асырар жоспары бар көрінеді. Биылдан бастап банк өкілдері еліміздің суармалы аймағы бар бес облысындағы жарамсыз каналдарды қайта жаңғыртуға ниеттеніп отырған сыңайлы. Олар Талас ауданында да болып қайтқан. Бұл тұрғыдағы негізгі мақсат – каналдарды жөндеген соң, егіспен айналысатын шаруалар егін егіп, мемлекетке өнім өткеруді қамтамасыз етуі керек. Сөз жоқ, бұл – айналымнан шыққан егістік жерлерді игеру тұрғысындағы Үкіметтің саясатымен астарласып жатқан мәселе. Осы мүмкіндікті пайдаланып, ауыл шаруашылығы құрылымдары, су шаруашылығы мекемелері және жергілікті атқарушы билік шаруалардың басын біріктіріп, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруды қолға алса болар еді. Елбасы биылғы Жолдауында тиісті тараптарға иесіздіктен айналымнан шығып қалған 600 мың гектар алқапты қайта жөндеп, іске қосуды тапсырғаны мәлім. Талас ауданында суармалы алқап көлемі 13 мың гектарға таяу. Амал не, соның 3-тен біріне ғана түрен түсті деп есептеледі. Ендеше ауыл шаруашылық құрылымдары егістік алқаптарын қайта қалпына келтірудің кешенді жоспарын жасайды деп сенеміз. Өйткені, жерге иелік етпесек, ертеңгі күні опық жеріміз анық. Бұрынғыдай су тапшылығын айтып, қол қусырып отыратын заман өткен. Құдайға шүкір, Ақкөл көлін тиімді пайдалану арқылы мыңдаған гектар егіс алқаптарын қалпына келтіріп, өңір тұрғындарын жергілікті жерде-ақ азық-түлік өнімдерімен жеткілікті қамтамасыз етуге болады. Әрі көлдің балығын сүзіп ала бермей, туристік кластерді дамыту үшін жағасына демалыс орнын салуға қаржылы азаматтарды көптеп тартатын кез де туды. Оның үстіне үстіміздегі жылы Талас өзені арқылы секундына 39-40 текше- метр су тасталып, шабындықтарға күзгі су жіберілуде. Судың алды Сарысу ауданындағы Тоғызкент және Досбол елді мекендеріне де жетіп қалды. Әрі кейбір су қоймалары да толығуда. Біз реті келген соң, Шәкіров ауылының маңындағы Қазақбай су қоймасы туралы да сұрастырдық. Шәкіров ауылының әкімі Нұрбол Көпәділов мұнда аудан әкімі Досмахамбет Әлиевтің өзі екі мәрте іссапармен келіп, қайтқанын айтты. Ал аудандық су бөлімшесінің басшысы Ә.Ахметов осыған байланысты аталған қоймадағы әзірге су қоры аз, соны пайдаланып бөгеттерді қалыңдатып, биіктетуді қолға алсақ деп отыр. Былтырдан бері «шәкіровтіктер» су қоймасының рәтін көре бастады. Ауыл ақсақалы Мәдібек Мылтықбаев төңіректегі егістік алқаптарына егін егудің ұмыт қалғанын айтып қынжылады. «Тауықтың өзіне жемді қаладан таситын күнге жеттік» деп күйінеді ол. Шынтуайтында, ауданда су жоқ деп ақырзаман орнатудың қажеті жоқ сияқты. «Істің көзін тапқан, табыстың өзін табады» демекші, Ақынбек Бектай секілді ілкімді азаматтар Бөрібай каналы арқылы азын-аулақ су алып, жеміс-жидек, бау-бақша дақылдарын егіп, шаруасын шалқытуда. Сондай-ақ, қаратаулық кәсіпкерлердің де біразы Ақкөл көлінің суын пайдаға жаратып, қауын-қарбызға қарық болып жүр. Су – тіршілік көзі. Сусыз өмір жоқ. Су болмаса жер тозады, адам азады. Ауданымызда судың осындай мол қоры болса да, әрбір тамшы суды ысырап етпей, орнымен жұмсай білген ел байлыққа кенелері анық. Ауданда су мұраптарын көбейтіп, су пайдалану бөлімшесінің материалдық-техникалық базасын нығайтып, әр ауылда істің көзін табатын су мамандары мен агрономдарды даярлауға мән берсек, құба-құп болар еді.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар