Жарлық берілді, енді оны абыроймен жүзеге асырайық тарихи жиын

Жарлық берілді, енді оны абыроймен жүзеге асырайық  тарихи жиын
ашық дереккөз
Жарлық берілді, енді оны абыроймен жүзеге асырайық тарихи жиын

Елімізде латын әліпбиіне көшу туралы мәселе қозғалғанына он жылдан асты. Елбасы бұл тұрғыда әр қадамды терең талдап, тіл ғалымдары мен әдебиетшілердің, тарихшылардың ойлануына мүмкіндік берді. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жарияланғанына да 6 ай өткен екен. Жуырда Елбасы «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл – әліпби мәселесін талқылауға нүкте қойылды деген сөз. Ендігі жерде осы 32 әріптен тұратын нұсқаны қолданысқа кеңінен енгізу жайын ойластырып, жедел іске кіріскен жөн. Кеше Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің мәжіліс залында қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа ұлттық әліпбиге көшіру жөніндегі республикалық жұмысшы тобының мүшесі, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешовтің қатысуымен жиын өтті. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысып отырды. Алғашқы болып мінберге көтерілген Ербол Тілешов Елбасы Жарлығын қазақ руханиятының жаңа арнаға бағыт алуы деп бағалады. Латын әліпбиіне қатысты талқылау науқанына зиялы қауым белсене қатысыпты. Республикалық жұмысшы тобына 100-ден астам нұсқа келіп түскен. Тіпті, арнайы жоба Парламент талқылауынан өткеннен кейін де 15 нұсқа, Президентке таныстырылып шыққаннан кейін 10 нұсқа келіпті. Ал мұнан бөлек Елбасының жеке өзіне 300 ұсыныс түсіпті. Бұл әрине, зиялы қауымның жанашырлығын, қандай мәселеге де бейжай қарамайтынын көрсетсе керек. Дегенмен, осы 32 әріптен тұратын нұсқа дұрыс деп танылып, Елбасының Жарлығымен бекіп отыр. Ербол Ердембекұлы ендігі жерде емле ережелерін жасап, орфографиялық сөздік жасаумен шұғылдануымыз қажеттігін, бұл тұрғыда ұлттық комиссия құрылатынын, ол комиссия құрамына жер-жерден белсенді ғалымдар да енгізілетінін атап өтті. Е.Тілешов қабылданған нұсқаның қалыптасуы оңай болмайтынын, әлі талай семинарлар, дөңгелек үстелдер өтетінін, кез келген зиялы қауым өкіліне, ерекше ойы, айтары бар азаматтарға сол жерде мүмкіндіктер берілетініне тоқталып, тараздық тұрғындарға жақсылық тіледі. Келесі кезекте «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат латын графикасына көшу ғылым, білімді терең игеруге жол ашатынын, әлем елдеріндегі барша қазақ бауырлардың тілдік норма жағынан түсінісуіне мүмкіндік беретінін айтты. Латын әліпбиіне көшу мәселесі бойынша біздің өңірде «нұротандықтар» 700 іс-шара өткізіп, оған 375 мың адам қатысыпты. Шәбден Тоқтасынұлы бұл күнді жаңа дәуірдің жаңа тынысы ашылған күн деп бағалады. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бірінші проректоры, тарих ғылымдарының докторы Асқар Абдуалы Президенттің Жарлығы талқылауға нүкте қойғанын, ендігі жерде әдістемелік жасауға көмектесіп, осы нұсқаны дамытуды қолдау қажеттігін айтты. Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі Тұрсынай Әбдіқадырова, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ әліпбидің бекітілген нұсқасы жөнінде ойларын айтып, көпшілікті парасаттылыққа, жаңа іске қолдау білдіруге шақырды. Өңір жастарының атынан республикалық тіл байқауының жеңімпазы Бахтияр Бекназаров сөз сөйлеп, кейінгі буынның жалынды тілегін, лапылдаған жігерін жеткізді. Ел ертеңін ойлаған Елбасының дана шешімдеріне ризашылығын айтып, қадамымыз оң болғай деп тілек білдірді.

Е. алдаберген.

Ұқсас жаңалықтар