«Оқжетпесті» өз алаңында опындырған

«Оқжетпесті»  өз алаңында опындырған
ашық дереккөз
«Оқжетпесті» өз алаңында опындырған
«Тараз» 6-орынға көтерілді ХVІ турдан бері «Тараз» серпіліп, тәп-тәуір ойын өрнегін көрсетіп келеді.  Өйткені алдынғы ойындарда қарсыластарына қатарынан есе жіберіп, жанкүйерлерінің жүйкесіне ши жүгірткен  олар, кейінгі кездесулерде жеңіске деген ерекше жігерлерін танытуда. Атап айтсақ, өз алаңында «Ертісті» жеңіп (2:0),  Оралда «Ақжайықпен» тең түсіп, (2:2) көш басындағы «Астанаға» 0:1 есебімен ғана есе жіберіп,  Жайық жағасында «Атырауды» 3:1 есебімен тізе бүктіріп, «Ақтөбемен» тең түскен,  «Тараз» өткен сенбіде түзде Көкшетаудың «Оқжетпесін» ұтып, 6-орынға көтерілді. «Оқжетпес» ойынды өте ширақ бастағанымен, ә дегеннен  «Тараз» сауатты ойнап, қорғаныстың берік қамалын орната білді. Әсіресе, көп қауіпті төндірген оң қапталдағы Максим Фединнің екпінін басуда мүлт кеткен жоқ. Алаң иелері шабуылдарын үдеткен сайын, қайрала түскен қонақтар, қарымта жорыққа шығып, қауқарларын танытып отырды.   Нәтижесінде, «Оқжетпестің» ойыншыларын қапы  қалдырып, бірінші таймның негізгі уақытына қосылған қосымша минут басталғанда «Тараз» гол соғып, алаң иелерін  сең соққандай күйге түсірді. Андрей Горбанец сол қапталдан допты әуелете асырып, қақпа алдындағы Малик Манеге әдемі пас шығарып, ала допты аяғына барынша ыңғайлы салып берді. Сенегал шабуылшысы  оңтайлы мүмкіндікті мүлт жібермей, тепкен добын қақпада тулатты. Ал үзілістен кейін алаң иелері жабыла-жармаса шабуылға лап қойды. Бапкердің бағытын жіті түсінген «Тараз» ойыншылары өз орындарынан табылып,  тосқауыл бола білді. Осылайша, тартысты ойын тараздықтардың пайдасына шешілді. ХVІІ турдан бері түзде үш ойын өткізіп, екеуінде жеңіске жетіп, бір рет тең түскен Талғаевтың шәкірттері өз алаңындағы соңғы екі ойында ел чемпионынан ғана ұтылды.  Жеңісті жорығын үзбесе, «Тараздың» айы ағымдағы маусымда оңынан туары ғажап емес.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар