Еліміздегі діни қатынастарды реттейтін Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының қабылданғанына биыл 6 жыл толады. Заңға сәйкес, ел аумағында тек ресми тіркелген діни бірлестіктерге ғана діни қызметпен айналысуға рұқсат етіледі. Егер қандай да бір ұйымдасқан адамдар тобы діни жиналыстарды өткізсе және бұл ретте тиісті тіркеуден өтпеген болса, онда оның қызметі заңға қайшы болып табылады және әкімшілік жазаға әкеп соғады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 489-бабының тиісті бөліктері бойынша тіркелмеген діни бірлестіктердің қызметіне басшылық жасау, қатысу немесе қызметін қаржыландырғаны үшін тиісінше 50, 100, 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бүгінгі күні облысымызда 11 конфессиядан құралған 334 діни ұйым тіркеуден өткен. Олардың басым көпшілігі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіттер. Сондай-ақ православтық, католиктік және протестанттық шіркеулер бар. Нақ осыларға діни қызметпен айналысуға құқық берілген. Құдайға құлшылық ету, жоралар, рәсімдер, діни жиналыстар сияқты діни шаралар заңмен белгіленген орындарда бөгетсіз өткізіледі. Барлық мешіттер мен өзге де діни ғибадат үйлерінде өздерінің ішкі ережелері бар. Олар діндер мен діни қағидалардың ерекшеліктерін ескере отырып жасалған. Мысалы, мешіттердің ішкі тәртіп ережелері Ханафи мазхабына негізделген. Дінге сенушілер ғибадат үйлеріне дұға оқу, өздерінің құдайға деген сенімдерін білдіру, рухани жетілу үшін келеді. Бұл әркімнің жеке басының ісі, оған ешкім кедергі келтірмеуі керек. Өкінішке қарай, кейде ғибадат үйлеріне келуші кейбір деструктивті діни ағымдардың өкілдері мешіттердегі тәртіпті бұзып, имамдармен дауласып, шиеленіске түседі. Бұған бірлік пен келісімге шақыратын ислам діні тұрғысынан да, сондай-ақ адамгершілік пен заңнамалар тұрғысынан да жол берілмейді. Осы ретте, имамдар мен барлық ресми тіркелген діни бірлестіктердің діни қызметшілері мемлекеттің қорғауында екендігін ескеру қажет. Діни ілімдерді таратуға бағытталған қызметті тек тіркеуден өткен азаматтар, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар жүргізе алады. Сонымен қатар олар Қазақстанда ресми тіркелген діни бірлестіктің өкілдері болуы тиіс. Миссионерлік қызмет талаптарын бұзғаны үшін ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 490-бабының 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапқа тарту көзделген.Діни әдебиетті таратудың да белгілі тәртібі бар. Азаматтар және діни бірлестіктер өздерінің қалауы бойынша діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды сатып алуға және пайдалануға құқылы. Бұл ретте мұндай материалдарды тек ғибадат үйлерінде, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар белгілеген арнайы тұрақты орындарда ғана таратуға, сатуға рұқсат етілген. Миссионерлер өз жұмысында тек сараптамадан өткен діни әдебиетті пайдалана алады. Мұндағы мақсат мемлекетте экстремистік мазмұндағы материалдарды тарату және пайдалануға жол бермеу. Діни қызмет саласындағы заңнаманы бұзушылықтың басым бөлігі миссионерлік қызметті тіркеусіз жүргізу, заңсыз діни жиналыстарды өткізу, заңсыз жерлерде діни әдебиеттерді таратумен байланысты. Қорытындылай келе, азаматтарды діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманы сақтауға шақырамыз. Маңайларыңызда заң бұзушылықтар орын алып жатқанда немқұрайлық көрсетпеулеріңіз қажет.
Еркебұлан Есмаханов, облыс әкімдігі дін істері басқармасы ислам діни бірлестіктерімен байланыстар жөніндегі бөлімнің басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді