Батыр жүкембаев – чемпион!

Батыр жүкембаев – чемпион!
ашық дереккөз
Батыр жүкембаев – чемпион!

26 жасар отандасымыз кәсіпқой бокстағы алғашқы чемпиондық атағына қол жеткізді

Қазақ кәсіпқой боксшысы Батыр Жүкембаев жартылай орта салмақта «IBO International» чемпиондық атағын жеңіп алды. Отандасымыз Монреальдағы бокс кешінің басты жекпе-жегінде мексикалық боксшы Косме Ревераны жетінші раундта нокаутпен ұтты. Қос боксшы арасындағы чемпиондық атақ сарапқа салынған жекпе-жек он раундқа жоспарланған болатын. Алайда отандасымызға қарсы жекпе-жекте мексикалық боксшының қауқары жеті раундқа дейін жетті. Жекпе-жек басталысымен Батыр алға ұмтылды. Ширақ қимылдап, қарсыласын жылдам ұтып шығудың жолын іздей бастады. Үшінші раундта Батырдың жойқын соққысынан кейін төреші нокдаун ашты. Дегенмен Косме Ревера есін тез жинады. Бесінші және алтыншы раундтарда Батыр Жүкембаев қарсыласына жойқын соққыларын дөп тигізіп, тағы екі рет қарсыласын нокдаунға түсірді. Ал жетінші раундтан кейін Косме Ревера жекпе-жекті жалғастыруға шамасы жетпеді. Нәтижесінде төреші кездесуді тоқтатып, отандасымызды чемпион ретінде таныды. Осылайша 26 жастағы отандасымыз алғашқы чемпиондық атағына қол жеткізді. Сондай-ақ кәсіпқой бокстағы 9-жеңісін тойлады. Бұдан бұрынғы 8 кездесуінде де уақтынан бұрын жеңіске жеткен Батыр жекпе-жектерінің барлығын Канадада өткізіп келеді. Айта кетейік, дәл осы бокс кешінің бірінші жекпе-жегінде отандасымыз Абылайхан Хұсайынов мексикалық боксшы Кристиан Арразоланы тізе бүктірді.

 Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар