Тағы да есе жіберді

Тағы да есе жіберді
ашық дереккөз
Тағы да есе жіберді

жас талант Еркебұлан Сейдахмет премьер-лигадағы алғашқы ойынын өткізді

Футболдан премьер-лигада өнер көрсетіп жүрген «Тараз» биылғы маусымда да әдеттегі қарқынынан аса алар емес. Осыған дейін екі-үш кездесу өткізген жерлестеріміз кем ойын немесе тең ойындардан көз ашпай тұр. Маусымның төртінші турында Қостанайдың «Тобылымен» жолыққан «Тараз» футболшылары тағы да есе жібергені – соның дәлелі. Өз алаңында ойнаған «тобылдықтар» 1:0 есебімен жеңіске жетті. Шынын айту керек, алғашқы таймда жерлестеріміз жігерлі өнер көрсетіп, алғы шепте жақсы-ақ доп теуіп бақты. Алайда алаң иелері екінші таймда тиянақтылық пен шапшаңдықтарын арттырғанда, «Тараздың» жағдайы қиындай түсті. Бір емес, бірнеше мәрте өткір шабуылдар жасаған «тобылдықтар» қорғаушыларымызды сан соқтырып, алдап кетіп жатты. Сондай оңтайлы сәттердің бірінде, 50-минутта Джордже Деспотович гол соғып, өз командасын алға шығарды. Бұдан соң да алаң иелері есепті еселеуге тырысқанымен, мүмкіндік болмады. Ойынның 84-минутында алаңға «Қазақтың Мессиі» атанған, жақында ғана «Тараз» клубына келісімшарт арқылы бір жылға қабылданған Еркебұлан Сейдахмет шықты. Кездесу талантты футболшының ел премьер-лигасындағы алғашқы ойыны ретінде есте қалатыны сөзсіз. Қаймықпай, өзінен үлкен және тәжірибелі қорғаушыларды алдап өтуге тырысқан ол жанкүйерлерін сүйсінтті. Ал матч соңында «Тобылдың» капитаны Томаш Шимкович тым дөрекі және қауіпті ойнағаны үшін алаңнан қуылды. Алдағы кездесулерде Вайт Талгаевтың шәкірттері ширамаса, жерлес клубтың өткен маусымдағы жағдайы қайталануы бек мүмкін. Аталмыш кездесуден соң «Тобыл» жеті ұпаймен үздік үштіктен көрінсе, «Тараз» төменгі оныншы сатыға тұрақтады.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар