Діни ақпарат алаңы басты назарда

Діни ақпарат алаңы басты назарда
ашық дереккөз
Діни ақпарат алаңы басты назарда

Бүгінгі таңда діни экстремизм мен терроризм сөздерін естімеген адам аз шығар. Баспа немесе ғаламтор беттерінен шет елдердегі және Қазақстандағы діни ахуал, соның ішінде діни экстремизм мен терроризм тақырыптарына қатысты мәліметтер жетерлік. Бұл аталған мәселенің ғаламдық деңгейде орын алып отырғандығының белгісі.

Қазақстан әлем елдеріне көптеген конфессиялар мен ұлт өкілдерінің бейбіт өмір сүру мекені ретінде танылғаны рас. Дегенмен, діни экстремизм мәселесі біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Қазірде діни экстремизм мен терроризм ұғымы ислам дініне таңылған қауіпті қосымша екендігі өкінішті ақиқат болып отыр. Ғасыр басындағы қарулы қақтығыстар жиі орын алған Ауғанстан, Ирак, Израиль-Палестина аймақтарындағы террактілік актілерді ислам атын жамылған радикалды топтардың өз мойындарына алуы ориенталистік бағыт ұстанушылардың «ислам терроризмі» теориясын іс жүзінде дәлелдеп бергендей болды. Бұл жағдай Қазақстандағы діни экстремизмнің табиғатын айқындай түседі. Өйткені, тәуелсіздік алғаннан кейінгі діни жаңару халықтың басым бөлігінің исламға бет бұруы ата дінімізге үлкен сұраныс туындатты. Кеңестік кезеңдегі діни мамандар дайындаудың үзілуі, сәйкесінше қажетті мамандардың жетіспеуі ұлты, ұстанымы басқа шет елдік ислам мамандары мен уағызшыларының елге ағылуының басты себептерінің бірі болды. Мұндай уағызшылардың арасында радикалды бағыттағы, экстремистік топтардың өкілдері де кездесті. Діни экстремизмнің қай аймақта болмасын (Қазақстан бойынша) таралуына себеп болатын бірнеше алғышарттарды атап өтуге болады. Ең алдымен бұл діни сауатсыздық. Дінге толық таныммен келмеу діни сауатсыздықтың басты көрінісі болып отыр. Бұл жерде Абайдың иманды «якини» және «тақлиди» деп бөліп қарастыруы әлі күнге өзектілігін байқатуда. Мұның алғашқысы танымнан, ақыл дәлелінен туындайтын шын иман. Екіншісі «өзі ештеңені білмей, еш нәрсе туралы ойламай, дін иелерінің сөзіне еріп, «ел қалай көшсе, мен де солай көштім» деген надандықтан шыққан соқыр сезім, үстірт наным» – бұл қазіргі қоғамға тән, діни сауатсыздықтың көрінісі, діни радикалданудың себебі болып отыр. Тұрғындардың арасында, әсіресе жастардың өзгелерге еліктеуі, белгілі бір топтың мүшесі болуға деген ынтасы соқыр сенімге негізделген діншілдікке әкеледі. Мұндай соқыр сенім діни фундаментализмнің, сәйкесінше діни фанатизмнің алғышарттары болуда. Фундаменталистік көңіл-күй экстремизмге апарар жол, өйткені экстремистік пайымда өзінің ғана діни ұстанымы ең шынайы, ақиқат әрі таза деп ұғындырылады. Сәйкесінше, өзге дін өкілдеріне төзімсіздік, қысым көрсету секілді көңіл-күй туындайды. Мұндай ұстаным өз сенімін, көзқарасын мейлінше кең тарату, қажет болса күштеп таңу әрекетіне саяды. Осы жағдайда, діни мотивтегі терроризм көрінісі мен оның өкінішті салдары орын алады. Ғаламтор кеңістігіндегі экстремистік идеялар тарататын сайттардың еркін қолжетімділігі де маңызды себептердің бірі болып отыр. Кейбір сайттар адамды бірден қарулы жихадқа шығып, зайырлы билікті құлатуға шақырмай-ақ, зайырлы билік немесе өзге діндегілер туралы сыни пікірлер білдірмей-ақ, ел ішіне іріткі салуда. Мұндай сайттардың сыртқы безендірілуі де тек исламға арналған ақпараттық портал түрінде берілуі мүмкін. Олардағы басты мақсат мемлекетте ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі дінді бөлшектеуден басталады. Мұндай сайттардың ортақ ұраны «Таухид – бұл мақсат, ал жихад – оны жүзеге асыру жолы», «жихад әркімнің жеке міндеті» деген ой. Бұл ой ашық немесе жасырын түрде мейлінше белсенді түрде таратылады, танылады. Салдары ретінде қоғамда араб елдерінің ұлттық киімін кигендер мен мешітке құлағына наушник тағып баратындар пайда бола бастады. Өзге елге жихадқа аттанып өлім құшқандар мен өз елінде экстремистік идеяларды таратып түрмеге қамалғандар саны артты. Бір ұлттың діни ұстанымдар негізінде бөлінуі салдарынан тұтас мемлекеттердің тұрақтылығы шайқалғандығын тарих көрсетіп берді. Сондықтан бұл мәселенің алдын алу кезек күттірмейтін шара. Өз Отанын сүю мен дәстүрін ұстану, тарихын қастерлеу діни сауаттылықтың негізгі қырларының бірі. Өйткені, қазақ тарихына үңілген кез-келген адам қазақ халқында өзге елді жаулау, өзге ұлт пен дінді кемсіту секілді көріністердің орын алмағандығын көреді. Сондай-ақ, ұлттық дәстүрдің ислам шарттарына қарсы келмейтіндігін, тіпті үндесіп тұратындығын байқайды.

Кенжекүл ЖҰМЕКЕЕВА, облыс әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» басшысы.

Ұқсас жаңалықтар