Ел дамуы әлемдік деңгейде сараланды

Ел дамуы әлемдік деңгейде сараланды
ашық дереккөз
Ел дамуы әлемдік деңгейде сараланды

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ, филология ғылымдарының докторы, М.Х. Дулати атындағы ТарМУ профессоры.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арналған кезекті Жолдауы ел экономикасының, өркениетінің дамуын әлемдік масштабпен өлшеп, соның көкейкесті мәселелерімен сабақтастыра ой қозғауымен, болашақ межені болжауымен маңызды деп білемін. Өйткені, біз қалайық, қаламайық, әлемдік өркениеттің бір бөлшегі болғандықтан, ондағы сын-қатерді алдын ала ескеріп, зерттеп-біліп отырмасақ, соған сәйкес іс-әрекет жасамасақ тағы болмайды. Ел басшысының айтуында, шетел инвестицияларын тарту ісіндегі бекем көшбасшылықты сақтай отырып, бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытуды көздейтін индустрияландыруды жалғастыру ісіне аса мән беріліп отыр. Сөйтіп, Үкіметтің алдына 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты 2 есе ұлғайту міндетін қояды. Бұл қарапайым біз сияқты халық өкілінің түсінуінше, алдағы уақытта біздің елдің өнімі әлемдік талапқа сәйкес келіп, экологиялық жағынан тазалығымен, пайдалылығымен, сұранысымен әлемдік нарықта өз орнын алуы тиісті деген сөз. Оған мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілетіні де Жолдауда нақтыланған. Әр уақыттың ел экономикасының алдына қоятын өз талабы, міндеті болады. Бір кездері астан-кестені шыққан экономикалық байланысты қалпына келтіруіміз, заман талабына сай жаңғыртуымыз керек деп жатсақ, енді, міне, ел өнімін экспорттау мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр. Бұл біздің экономикамыздың дамуының жаңа сатысын көрсетсе керек. Біз бұған өте қуаныштымыз. Елбасы Жолдауында Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің, логистикалық инфрақұрылымының дамыту ісіне жоғары мән берілген. Осы ретте Қазақстанның қарапайым азаматы ретінде «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасының маңызы, келешегі қызықтырады. Алдағы 15 жылдың ішінде 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етудің көзделуі мемлекеттің үлкен қамқорлығы, игілікті ісі саналмақ. Ел игілігі, келешегі – шағын және орта бизнесте. Масылдық психологиядан арылу қажеттігін, еңбектену, шағын кәсібіңді ашып, ел қатарлы тіршілік кешу, сөйтіп Отан байлығын арттыруға өз үлесіңді қосу керектігін қазір уақыттың өзі түсінігі бар адамның санасына, миына әбден құйып жеткізіп отыр. Жасыратын несі бар, базарда арба сүйреткен, «құл базарда» қол жұмысын іздеп жалаңдап, бір күндік нәпақамен шектелген жасты, не үйде масыл болып қам-қарекетсіз жатқан зіңгіттей жігітті көргенде, қарның ашып, намысың келеді. Бәлкім, оның бір кінәсі, бізде жатқан шығар. «Дайын асқа тік қасық» болып өскен шығар. Бірақ, өмір адамды үнемі маңдайдан сипамайды ғой. Қазақ жастарының әлі де бір бөлігінің қазіргі заманға лайықтала алмай жатқаны қынжылтады. Бойға біткен жардай жалқаулық, нартәуекелдің кемдігі, білімсіздік олардың алдын бөгейтін тәрізді. Ал Елбасы Жолдауында шағын және орта бизнеске үлкен қамқорлық, мүмкіндік жасалып отыр ғой. «Бұдан былай Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады», дейді. Отбасылық кәсіпкерлікті дамытуға көңіл аударылып отыр. Қазір біздің ұғымымызға мемлекет-жекеменшік серіктестігі деген атау еніп отыр. Ол тек мектепке дейінгі білім беру ісінде ғана көрініп қоймай, ықтимал барлық түрі мен нысанын пайдалану мүмкіндігі қарастырылуы қажет. Бұл қалай дегенде де, жеке бизнеске мемлекет қамқорлығы. Әрине, мұндай және өзге игілікті шаралар сапалы адам капиталынсыз жүзеге аспайды. Сондықтан да Елбасы Жолдауда бұған аса мән берген. Заман уақыт жылдамдығына ілескен білімді, алғырлықты талап етеді. IT-білім, қаржылық сауаттылық, ұлтжандылыққа баса көңіл бөлінген. Осы ретте біз ұлтжандылық дегенге баса назар аударар едік. Ұлтжандылық – әлемнің озық білімін, ғылымын ала отырып, өз ұлтыңды сүю, өз ұлтыңның, еліңнің мүддесі үшін қызмет жасау. Өз ұлтын сүйген азаматтың ұлтының тіліне, ғасырлық дәстүр-салтына, тарихына, өнеріне, әдебиетіне деген көзқарасы мен сүйіспеншілігі өзгеше болу керек. Біз жастардың бойына ұлттық мүддені жоғары қойған, сол жолда талай тағдыр тауқыметін тартқан, арды, ұятты пір тұтқан Алаш зиялыларының тағылымын әлі дарыта алмай келе жатқан тәріздіміз. Ұлттық рухқа негізделмеген жалаң білім мен ғылым бізді алысқа алып бармайтынын уақыттың өзі көрсетіп отыр. Халықтың денсаулық сақтау жүйесінде айрықша алаңдайтын жайттың бірі – дәрі-дәрмек мәселесі екені сөзсіз. Жаны-тәні ауырған адам қажетті дәрі-дәрмекті таппаса, тапқан дәрі-дәрмегін қалтасы көтермей жатса, бұл моральдық-психологиялық жағынан жеңіл емес. Жолдауда бұл мәселеге арнайы көңіл бөлінуі, белгілі тәртіпке, ретке келтірілуі туралы айтылуы көпшілікті қуантары сөзсіз. Жолдауда елдің, қоғам-тіршіліктің көптеген өзекті мәселелері кеңінен қамтылған. Біз алдыңғы кезекте соның көңілімізге жақын келген, көпшілікті толғандырып жүрген мәселелерге орай пікірімізді, қолдауымызды білдіруді жөн көрдік. Жолдау халықтың болашаққа деген сенімін нығайтады.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар