Қордайдағы Атқарылған істер ауқымды

Қордайдағы  Атқарылған  істер  ауқымды
ашық дереккөз
Қордайдағы Атқарылған істер ауқымды
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев екі күндік іссапармен Қордай ауданында болды. Қасында бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, орынбасары Абдалы Нұралиев, облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев және барлық дерлік облыстық басқармалардың басшылары еріп жүруінен-ақ бұл сапардың маңызын байқауға болады. IMG_63+++18Облыс басшылары алдымен ат басын тіреген нысан – Қайнар ауылының тұсындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы бойында құрылысы басталған қызмет көрсету кешені болды. Мұнда төрт гектардан аса аумақта ұзақ жолдан шаршаған жолаушылар мен жүргізушілер үшін бір уақ аяқ суытуға арналған қоналқы жайлары, асханалары, дүкендері, гигиеналық қызмет, автокөлікке техникалық қызмет көрсету орындары болатын біртұтас кешен салынбақшы. Құрылыс иесі – «Благовещенка» ЖШС төрағасы Өмірәлі Варшакидзенің айтуынша, жалпы құны 182 миллион теңгеге бағаланған жобаның құрылысына 35 миллион теңге инвестиция салынған. Үлкен жолдың бойында жолаушыларға қызмет көрсететін нысанда ауылдың жүз елуге тарта адамы тұрақты жұмыспен қамтылады. Облыс әкімі бағалы бастаманы қуаттай келіп, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын ұдайы назарда ұстауды баса айтты. Сарыбұлақ ауылдық округінде былтыр құрылысы басталған «BioVet RZ» биокомбинаты Қазақстан мен Орта Азия елдерінде әзірге баламасы жоқ бірегей кәсіпорын болмақ. Жалпы құны екі миллиард теңгеге бағаланып, оның ішінде 800 миллион теңгеге қажетті жабдықтары орнатылатын биокомбинат іске қосылғанда жылына 65 миллион ветеринарлық вакцина шығаратын болады. Сөйтіп осыған дейін бұл өнімдерді Ресей мен Қытайдан алып келген еліміз ғана емес, көрші республикалар да қордайлық вакцинаны тұтына бастайды. «BioVet» ЖШС-ның бас директоры Қанат Мәженов облыс басшысына құрылыстың негізгі бөлігі аяқталып, енді үш қабатты ғимараттың сыртын әрлеу, қондырғыларды әкеліп орнату, төңірегін абаттандыру жұмыстары қалғанын айтты. Электр желісін, су құбырын тартуға инфрақұрылым жүйесін жүргізу үшін республикалық бюджеттен бөлінуге тиіс 204 миллион теңге қаржы түскен бойда бұл жұмыстар да қолға алынбақ. Биокомбинатты биылғы тамыз айында іске қосу ұйғарылған. IMG_581++3«Қақпатас-Қордай» ЖШС-ның швейцариялық «DeLabaL» компаниясының заманауи технологиясымен қайта жабдықталған тауарлы-сүт фермасы былтыр аудандағы үлкен жаңалық болған еді. Еуростандарт үлгісінде жұмыс істейтін мұнда жұмыс үдерістері барынша автоматтандырылған. Әр сиырдың тарихы, сүттілігі, денсаулығына дейін компьютерлік бағдарламамен бақыланып отырады. Бүкіл фермада екі сауыншы ғана жұмыс істейді. Малдың астын тазартуды, жем-азығын беруді оператор кесте бойынша атқарады. Серіктестік басшысы Дүйсехан Қошалиев асыл тұқымды мал әкелу қамымен шетелге кеткендіктен, облыс әкіміне жұмыс жайын ферма бригадирі Константин Окасов таныстырды. Фермада үш мезгілдік сауын ұйымдастырылған. Әр сиырдан күніге 13-14 литрден сүт сауылады. Фермада үш жүз сиыр бар. Өнімді түгелге жуық алматылық «Фудмастер Есік» ЖШС қабылдаушылары өздері келіп алып кетеді. Әр литріне 105 теңгеден әрі бірден төлейді екен. Ал жергілікті «Куликов сүт өнімдері» ЖШС 80 теңгеден қымбатқа ала алмайды, өйтсе өздері шығынға батады. «Үміт-Қордай» қазақ-қырғыз бірлескен кәсіпорны болса Қырғыз елі Еуроодаққа кіргеннен кейін тиімсіз өндіріске айналып, бір жылдан бері тоқтап тұр. Сондықтан Қордайдың сүті осылай Алматыға кетіп жатыр. Осыған орай облыс басшысы ұсыныс айтты. – Әрине, Алматы да бөтен емес, өз еліміз. Халық та өзіміздікі. Бірақ, Қақпатастан Алматыға дейін 250 шақырымға жуық. Мына жақта одан әлдеқайда жақын 130 шақырым жерде Меркі сүт зауыты бар емес пе? Меніңше олар да «Фудмастердің» бағасымен қабылдай алады. Өйткені, бұл зауыт сүттің аздығынан тек отыз пайыз қуатымен жұмыс істеуде. Егер сүтті өз облысымыздың аумағында тапсыратын болсаңыздар оған төленетін ақыдан бөлек, субсидия түрінде екі есе пайда табар едіңіздер, – деген Кәрім Нәсбекұлы орынбасарлары мен тиісті облыстық басқарма басшыларына көптен айтылып келе жатқан бұл мәселені екі жаққа да тиімді жолмен шешуге тапсырма берді. Бұдан кейін өңір басшысы Бетқайнар ауылдық округінде іске қосылған «Органик» жеке кәсіпорнының ірі көкөніс қоймасында болды. Мұнда әрқайсысы екі жарым мың тонналық екі қойма салынған. Қысы-жазы қалыпты температура қамтамасыз етіледі. Күзде сақтауға қойылған бес мың тонна пияздың төрт жарым мың тоннасын қыстай сатылған, әр килосын жиырма теңгеден есептегенде қыруар таза пайдаға кенеліп отыр. Иесі Леонид Тен енді қойманың қасынан жылыжай салып, құлпынай өсіру жоспарымен бөлісті. Облыс басшысының ауданға жұмыс сапарының негізгі бөлігі «Қордай» шекаралық бақылау-өткізу пунктіндегі жаңғырту жұмыстарына байланысты болды. Өткен жылдың екінші жартысында Сортөбе бақылау-өткізу пункті бірнеше айға қайта жаңғыртуға жабылды да, оның салмағы көрші Ауқатты бақылау-өткізу пунктіне түсті. Наурыз мейрамына орай Сортөбедегі бұл пункт қайта ашылатын болады. Ендігі кезек басты қақпа – «Қордай» бақылау-өткізу пунктіне келді. Оның да өткізу мүмкіндігі шектеліп келеді. Көпірді кеңейту, адамдарды, көліктерді сағаттап ұстап тұруға мәжбүрлікті жою қажет. Шекаралық сервистік нысандар осы замандық стандарт талаптарына сай болуы керек. Ал оны жаңғырту анау айтқандай оңай шаруа емес. Жазғы демалыс маусымында тәулігіне екі жаққа қырық мыңға дейін адам, екі-үш мыңдай көлік өтіп жататын бұл өткелді жабудан бұрын алдымен одан он бес шақырым жердегі Қарасу және қырық бес шақырым жердегі «Ауқатты» өткізу пункттерінің жағдайын жақсартып алу керек. Көршілер жақтан Чуй облыстық губернаторының бірінші орынбасары Турысбек Султаналиев бастаған үкімет өкілдері мен шекара және жол құрылысы ведомствосының басшылары келіп біздің облыс әкімімен бақылау-өткізу пункттерін жөндеу жұмыстарын екі жақтап бір мезгілде бастауға уағдаласты. Қырғыздар жағынан бұл мақсатқа 45 миллион сом (700 мың АҚШ доллары) бөлініп те қойылған көрінеді. Демек, алдағы айларда екі елдің күшімен тек жүк көліктерін өткізуге арналып келген Қарасу пункті кеңейтіліп, қосымша көпір, жаяуларға арналған терминалдар, бақылау кабиналары, автотұрақтар салынып іске қосылғаннан кейін, «Қордай» қақпасы жарты жылға тарс жабылатын болады. Сол кезде жұрттың әбігершілігін болдырмау үшін, Кәрім Нәсбекұлы, адамдарды қалған үш өткізу пункті арқылы қалыпты өткізуді үйлестіруді ұсақ-түйегіне дейін осы бастан ойластыру қажеттігін ескертті. Осы пункттердің барлығындағы жағдайды көзбе-көз көріп, тиісті ведомство басшыларына тапсырмалар берді. Аудан орталығының іргесінде алматылық мердігер «Ла-Ливера» ЖШС күшімен салынып жатқан «Қордай» шекара отрядының әскери қалашығының құрылысы да биыл аяқталады. Келісімшарт сомасы 9,2 миллиард теңгеге бағаланған тұрғындар қалашығында он көппәтерлі үй, үш жатақхана, казармалар, мектеп, балабақша, мәдениет үйі, медпункт, спорт залы мен алаңдары, монша-кір жуу кешені, оқ-дәрі және қару қоймалары, тікұшақ алаңына дейін болады. Қазір құрылыстардың барлығы бой көтеріп, әрлеу жұмыстары басталған. Жоспарға сай жылдың аяғына қарай мұнда әскерилердің үлкен қоныс тойы тойланады деп күтілуде. Он сегіз дәрігер, жетпістен аса медбике, жиырма шақты санитар жұмыс істейтін Сортөбе ауруханасы аудандық ауруханадан кейінгі үлкені саналады. Ал дәрігерлердің көпшілігі Қырғызстаннан қатынап жұмыс істейді. Мамандар тапшылығы бар. Сортөбе, Ауқатты, Масаншы, Қаракемер, Қарасай ауылдық округтерін қоса есептегенде, елу мыңға тарта тұрғынға (аудан тұрғындарының үштен бірі) қызмет көрсететін бұл аурухананы кеңейту мәселесі де туындап отыр. Өткен жылы бір ғана Сортөбеде 905 нәресте өмірге келгенін ескерсек, алдағы уақытта балабақша, мектеп мәселесі де күн тәртібінен түспейтіні түсінікті жай. Мектеп демекші, облыс басшысы Масаншы ауылындағы №50 орта білім беру мекемесінің жайымен танысты. Бір және екі қабатты үш бөлек ғимараттың сыйымдылығы 318 орындық болғанымен, мұнда бірінші ауысымда – 426, екінші ауысымда 370 бала сығылысып оқып жатыр. Сондықтан облыстық білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова мұнда 600 орындық мектеп салу ұйғарылып, сметалық құжаттары әзірленіп жатқанынан хабардар етті. Масаншыдағы «Грин Вилл» ЖШС-ның жылыжай кешеніндегі жұмыс барысына облыс басшысы риза болды. Жыл сайын мұнда бір гектарлық бір жылыжай салынып пайдалануға берілуде. Биыл да жаңасы салынбақ. Оңтүстіккореялық технологиямен өсірілген қызанақтың дәмі тіл үйіреді. Тағы бір кішігірім жылыжайда құлпынай өсіру қолға алынған. Облыс басшысы «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында болып, әсіресе бастауыш партия ұйымдарының жұмыс белсенділігін арттыруға бағытталған жұмыстардың жайымен танысты. Сондай-ақ, «Первомайские деликатесы» ЖШС-ның жаңа үлгідегі мал сою цехының құрылысын көрді. Аудандық емхананың, әскери комиссариаттың, ішкі істер бөлімінің ескі ғимараттарын көріп, оларды кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды. Қасық ауылында жаңадан салынған жеке меншік балабақшаның ашылуына қатысып, бүлдіршіндер мекемесіне теледидар тарту етті. Соңында аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен кеңесте қордайлықтарды көктемді ілестіре келген Алғыс айту күнімен құттықтады. Екі күнде жиырмадан аса нысанның жұмысымен танысып шыққанда қордайлықтардың жаңашыл, өнімді еңбегіне куә болғанын жасырмады. Сонымен қатар, барлық саладағы кезек күттірмес жаңа міндеттерге тоқталып, тиісті сала басшыларына, аудан әкіміне тапсырмалар жүктеді.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Қордай ауданы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол». (Соңы. Басы 1-бетте).

Ұқсас жаңалықтар