Мәдениет - барлық құндылықтардың мәйегі

Мәдениет - барлық құндылықтардың мәйегі
ашық дереккөз
Мәдениет - барлық құндылықтардың мәйегі

 Терең тарихы бар облысымыздың мәдениетін дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар аз емес, десек те сол жұмыстар барысында бірқатар кемшіліктер де баршылық. Бұл туралы облыс әкімдігінің алқа мәжілісінде жан-жақты айтылып, тындырылған істер мен алдағы жоспарлар жайы сарапқа салынды.

Алқа мәжілісіне төрағалық еткен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев күн тәртібіндегі мәселелерге көшпей тұрып, бірқатар тағайындаулармен таныстырды. Өңір басшысы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының төрағасы болып Дәурен Тоқтасыновтың, ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының директоры болып Евгений Шарыгиннің тағайындалғанын айтып, олардың жұмысына сәттілік тіледі. – Бүгінде халықтың мәдениетін арттырып, өсер ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеп, ұлттық өнерімізді өркендетуге үлес қосып отырған облыс көлеміндегі мәдениет, архив мекемелерінің саны 2000 жылдары 40-қа жуық болса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 546-ға жетіп отыр. Сонымен қатар, өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 245 миллион 147 мың теңгеге 30 мәдениет нысанына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы алғанда 2009 жылдан бері «Жол картасы» инвестициялық жобасы мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 3 миллиард 331,5 миллион теңгеге облыс көлемінде 249 нысан күрделі және ағымдағы жөндеуден өтті, – деді облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев. Сондай-ақ, ол былтыр өңіріміздің рухани мәдениетін дамытуға елеулі үлес қосқан ұлы тұлғалар мен ірі қайраткерлердің еңбектерін келешек ұрпаққа жеткізу мақсатында, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен қазақ халқының ұлы ақыны Ж.Жабаевтың 170 жылдығына орай Жамбыл атындағы Руханият орталығы ашылғанын, сол арқылы алдағы уақытта облыстың шығармашыл адамдарының барлық туындылары электронды базаға енгізілетінін жеткізді. Жөндеуді қажет ететін академик К.И.Скрябиннің үй-мұражайы және Қарахан кесенесі жанында орналасқан ортағасырлық мешіт қайта қалпына келтіріліп, ежелгі Тараз шаһары аяқ басар туристердің баратын орнына айналдырылыпты. Ал Қазақ хандығының 550 жылдығы мен облыстық қазақ драма театрының 80 жылдығы қарсаңында театр ғимаратына 526,0 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл 308,0 миллион теңгеге «Баласағұн» орталық концерт залына күрделі жөндеу және абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр екен. Құрылғалы бері жалдамалы ғимаратта жүрген 60 жылдық тарихы бар облыстық халық шығармашылығы орталығы жаңа ғимаратқа (типтік) көшіріліп, оның материалдық-техникалық базасы нығайған.

Сонымен қатар, Дүйсенәлі Дыбысәліұлы қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникативтік технологиялар негізінде, мәдени, рухани ақпараттық білім беру орталығы саналатын 288 мемлекеттік кітапхана облыс халқына қызмет көрсетіп отырғанын, оларда кітап қорын толықтыру жұмысы жылдан-жылға ілгерілегенін тіліне тиек етті. Айталық, бүгінде облыс кітапханаларының кітап қоры 3 миллион 434 мың 746 дананы құраса, оның 1 миллион 638 мың 327-сі қазақ тілінде. Ал оқырман саны 261 280-ге жеткен.

Саладағы осы және өзге де атқарылған жұмыстар туралы жеткізген басқарма басшысының баяндамасын мұқият тыңдаған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бірқатар жайттарды сынға алып, ескертпелер жасады. Ағымдағы жылы елімізде өтетін халықаралық мамандандырыл­ған ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында туристерді өңірімізге тарту мақсатында қолға алынып жатқан шаралар туралы баяндамада толыққанды қамтылмағанын айтқан Кәрім Нәсбекұлы, осы туралы сөз етуді сұрады. – Ағымдағы жылы атқарылатын негізгі шаралардың бірі ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі шеңберінде жүргізілгелі отыр. Қазіргі кезде ЭКСПО-2017 көрмесіне байланысты жан-жақты дайындық жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Туристерді облысқа тарту үшін бүгінгі күні халықаралық дәрежедегі Ақыртас тарихи кешеніне облыстық бюджет есебінен автомобиль жолы салынуда. Ал ортағасырлық «Бектөбе», «Тамды», «Қостөбе», «Саудакент», «Георгиевск» қалашықтарына және бұрынғы Шахристан базарының орнына археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарына 79,0 миллион теңге бөлініп отыр. Сондай-ақ, халықаралық көрме барысында 26-30 шілде аралығында Елордада олыстың мәдениет күндері өткізіледі. Біз осы күндер ішінде бас қалада он төрт іс-шара өткізсек деген ниеттеміз. Қазіргі уақытта бізге тиесілі болатын ЭКСПО қалашығынан арнайы орындар нақтылануда. Ол ғана емес, өзіңіздің бастамаңызбен жол жүруі екі айдан аса уақытты қамтитын облыс орталығынан Астанаға мәдени керуен жөнелтуді көздеп отырмыз. Осы бағытта көрме әкімшілігімен, Астана қаласының басшылығымен келіссөздер жүргізілуде, – деді Д.Бықыбаев өз жауабында. – Бұл жобаның маңыздылығы мен жауапкершілігі зор. Сол себепті бұл орайдағы жұмыс жоспарын әлі де жүйелеп, нақтылау керектігін тапсырамын. Астанаға іссапарымда Мәдениет министрімен, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК басқармасының басшылығымен және қала әкімшілігімен кездесіп, осы тұрғыда ақылдасып көремін. Халықаралық ауқымды шара барысында өңірімізге келетін қонақтарға арнап маусым, шілде, тамыз айларында «Қымызмұрындық», «Қазақ ауылы», «Қызғалдақ» фестивальдерін өткізу және өзге де мәдени-көпшілік шараларды жоғары деңгейде, барынша қызықты түрде ұйымдастыруды қолға алыңыздар. Көрме қонақтары мен туристерге ел арасында Көне Тараз аталатын шаһарымыздың, киелі Әулиеатаның тарихи тағылымын танытуға барынша күш салу қажет. Олар өздерінің жақсы бағасын беріп, өңірімізге екінші рет қайта келуге деген ұмтылыстарын байқатса, біз ұтылмаймыз. Осылайша, тарихи өңірімізге туристерді тарту жолында жарнама жасай аламыз. Ол үшін баршамыз атсалысып, өз үлесімізді тигізейік, – деді облыс басшысы. Кәрім Көкірекбаев облыстағы тарихи-мәдени ескерткіштердің қорғалуы, сақталуы бойынша да бірқатар кемшіліктерді атап өтіп, ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік Мәдени Мұра» тізбесіне енген 5 нысанның арнайы зерделеу мониторингі кезінде қысылтаяң уақытта ғана қоршалғанын, осыған дейін бұл жұмыстың мүлде қолға алынбағанын сынға алды. Күрделі жөндеуден өткен кейбір мәдениет нысандары мен өнер ордалары ғимараттарының жылыту жүйелерінің сын көтермейтінін де ескертті. Жиын барысында Мойынқұм ауданының әкімі Бақытжан Нүркенов пен Жамбыл ауданының әкімі Мәден Мұсаев баяндама жасап, өздерінің тарапынан атқарылған жұмыстар жайында баян етті.

Жанғазы ахмет, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар