Cаяси реформа санамызды сергітті

Cаяси  реформа  санамызды  сергітті
ашық дереккөз
Cаяси реформа санамызды сергітті
Қаржаубай Бекболатов, қалалық Қоғамдық кеңестің төрағасы. Елбасы ұсынып отырған жаңа саяси реформа мемлекеттік билік жүйесін өзгертуге бағытталған. Бұл жүйе екі бағытта жүреді. Біріншісі – билік өкілеттіктерін қайта бөлу, яғни, Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беру. Бұл қадам Үкімет, министрліктер және әкімдіктердің жауапкершілігін арттырады.Өкілеттіктерді беру заңдық негізде жүргізілуі тиіс. Сол үшін реформаның екінші бағытында аса күрделі міндетті жүзеге асыруымыз қажет. Ол – билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету. Конституцияға енгізілетін өзгерістер жобасы, әрине, демократиялық құндылықтарға сай, халық талқысынан, сарабынан өтеді. Ұсынылған жобаға қатысты тұрғындар азаматтық белсенділіктерін көрсетіп, пікірлерін білдіруде. Тараз қалалық Қоғамдық кеңестің мүшелері де Президент саясатын қолдайды. Жалпы, мемлекеттік билікті реформалау Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарының негізгі қағидаларына сәйкес келетінін айта кетуіміз керек. Онда жаңа қазақстандық қоғам құру жолдары айқындалған. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер жанындағы қоғамдық кеңестердің құрылымы, олардың өкілеттіктерін заңмен бекіту және рөлін айқындау туралы да Ұлт жоспарының «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» бағытының 99-қадамында көрсетілгені белгілі. Қалалық Қоғамдық кеңес «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» аясында іргесі қаланған құрылыс нысандарына бақылау жасап, жұмыстардың сапалы жүргізілуі үшін тиісті шаралар қабылдауда. Мақсаты индикаторларға қол жеткізу бойынша мемлекеттік органдардың есептерін тыңдап, маңызды мәселелерді шешуде бірлесе әрекет етуде. Атап айтсақ, қалалық қоғамдық кеңес былтыр 41отырыс өткізіп, онда қала өңіріндегі өзекті 31 мәселе қаралды. Ағымдағы жылдың ақпан айының 1 мен 15 аралығында Тараз қаласы әкімі Н.С Календеровтің қала тұрғындары алдындағы есепті 12-кездесуіне қатысып, 2016 жылда атқарған жұмыстары бойынша есеп беру кездесулерінде әлеуметтік салаға қатысты айтылған 87 ұсыныс-пікірді кеңес отырысында қарап, тиісті мекеме басшыларына ұсыныстар бердік. Елбасының бес институционалдық реформасын жүзеге асыру мақсатында қабылданған «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарының әрбір қадамы қазір жемісін беруде. Бұл жаңа жаңғыртуларға жол ашты. Ендеше, Президент ұсынған бастама да Үшінші жаңғыруға негіз болып, өз жемісін беретіні анық. Санамызды сергіткен жаңа саяси реформа мемлекеттік басқаруды мейлінше тиімді етері сөзсіз. Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар