Балғын білек боксшылар

Балғын білек боксшылар
ашық дереккөз
Балғын білек боксшылар
Тараз қаласында КСРО-ның спорт шебері, білікті бапкер Кеңес Омаровты еске алуға арналған бокстан дәстүрлі халықаралық турнир өтті. Дүбірлі додада көршілес Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінің үкілеп қосқан жас таланттары да бақ сынады. Тартысқа толы өткен турнир барысында жанарынан жасын атқан жампоздар жасындай жарқырап, тамаша жекпе-жектерді жұртшылық назарына ұсынды. Турнир қорытындысында 46 келі салмақ дәрежесінде қызылордалық Зайып Ақжол топ жарса, 49 келі салмақта ақмолалық Тимур Қабдешов қарсыластарына дес бермей, чемпион атанды. Ал 52 келі салмақ дәрежесінде алматылық Айбек Досановтың мерейі үстем болса, 56 келі салмақта жамбылдық жампоз Жарқынбек Әлібекке ешкім шақ келмеді. 60 келі салмақ дәрежесінде топқа түскен ақмолалық Талғат Шәйкен өз салмағында шын мықты екенін дәлелдесе, 64 келі салмақ дәрежесінде алматылық Саматәлі Төлтаев, 69 келіде жерлесіміз Алдияр Тұрсынәлі, 75 келі салмақта астаналық Аят Мәжікбаев, 81 және 91 келі салмақта жамбылдық оғландар Элдияр Қамшыбеков, Манас Айдайбаев жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді. Ал ауыр салмақты бәсекесінде шымкенттік Нұрдәулет Ұланұлы турнир жеңімпазы атағына қол жеткізді. Халықаралық деңгейде өткен додада жерлестеріміз қатарынан оза шауып, бәйге алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орыннан көріне білді.

Абылай Әшкен, студент.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар