Әттеген-ай, Еркебұланның «Зенитте» ойнауға жасы жетпеді

Әттеген-ай, Еркебұланның «Зенитте» ойнауға жасы жетпеді
ашық дереккөз
Әттеген-ай, Еркебұланның «Зенитте» ойнауға жасы жетпеді
Гранаткин мемориалы турнирінде жасындай жарқыраған жамбылдық жас пері Еркебұлан Сейдахметтің шеберлігін шетелдік мамандар жоғары бағалаған болатын. Жасыл алаңда шалт қимылдарымен қарсыластарын қапы қалдырып кететін шабуылшының ойынын бақылау мақсатында жақында Санкт-Петербургтің «Зенит» футбол клубы оны оқу-жаттығу жиынына шақырған еді. «Зениттің» жастар құрамасымен Кипрдегі оқу-жаттығу жиынына аттанған 11-сынып оқушысының ойынын клуб бапкерлері жоғары бағалап та үлгерген. Тіпті, «Зениттің» жастар құрамасы сапында жасыл алаңға шыққан Еркебұлан Сейдахмет өз командасының пайдасына 11 метрлік айып добын да алып беріпті. Балаң шағынан ерекше ойыны­мен танылған Еркебұланды «Зенит» команда­сының жетекшілері қанша қаласа да, әзірге келісім­шартқа отыра алмайды екен. Халықаралық трансфер­лерге FIFA ережесі бойынша (ойыншының бір командадан екінші командаға ауысуы) футболшы кәмелет жасына толмайынша қол жеткізе алмайды. Ал, Еркебұлан әзірге 17 жасқа енді толған өрен екенін бағамдасақ, әзірге Еуропада аты дүркіреген «Зениттің» құрамына ауысуға мүмкіндігі жоқ. Дегенмен, Еркебұланның ағымдағы маусымды «Тараздың» бірінші лигадағы қосалқы құрамында өткізуі ықтимал. Өз кезегінде «Зенит» командасының жетекшілері қазақстандық талантты футболшының ойынын әрі қарай бақылап, Еркебұлан 18 жасқа толған сәтте оны өз командаларының сапына қосуға қайта талпынып көрмек. Қазірдің өзінде Еркебұланды еліміздегі футбол мамандары 21 жасқа дейінгі ұлттық құрама сапынан да көргілері келетіндігін айтуда.

Арайлы Жақсылық, студент.

Ұқсас жаңалықтар