Аграрлық сала экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек

Аграрлық сала экономиканың  жаңа драйверіне айналуы керек
ашық дереккөз
Аграрлық сала экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек
Бақытжан ҚАЛЫМБЕТОВ, аудан әкімінің орынбасары. Елбасының «Қазақ-станның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауы жаңа қадамдарға бастайтын маңызды құжат. Бұл стратегиялық құжат еліміздің бұдан әрі қарай дамып, өсіп-өркендеуіне, ел экономикасының жақсаруына жол ашатын басым бағыттарды айқындап беріп отыр. Еліміз тәуелсіздігін алғалы бергі ширек ғасыр ішінде Елбасының бастауымен талай жетістіктерге қол жеткізді. Қазір алға қойылып отырған басты мәселе еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін дамыту екенін де жақсы түсінеміз. Бұл биылғы Жолдауда да қадап айтылды. Елбасы онда «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс», – деп атап көрсетті. Бұл құптарлық жәйт. Шынында да ауыл шаруашылығын дамытып, әсіресе, еттен жасалған түрлі өнімдерді экспортқа шығарып, әлемдік саудада «Made in Kazakhstan» брендін қалыптастыру өрлеу жолына ұмтылыс болып табылады. Мойынқұм – әйгілі шопан, екі мәрте Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев бастаған талай майталман малшы шыққан құтты мекен. Олардың ізбасарлары бүгінде ата кәсібімізді жаңғыртып, өрістету үстінде. Сондықтан ет және одан жасалған өнімдерді экспортқа шығаруда мойынқұмдықтар алдыңғы лектен көрінеді деп сенеміз. Ауданымызда мал және егін шаруашылығымен айналысатын 607 қожалық бар. Барлығы мемлекеттік несиелеу бағдарламаларының көмегімен жұмыстарын жандандырып, мал санын төлі есебінен еселеп көбейтуде. Алдағы уақытта Елбасы Жолдауында атап көрсетілген міндеттер үдесінен шығамыз, аграрлық саланың қос секторында да айтулы жетістіктерге қол жеткізіп, ел экономикасын дамытуға өзіндік үлесімізді қосатын боламыз. Бұл үшін бізде алғышарттар жасалған, әлеуетті ауыл шаруашылығы құрылымдарының қатары көбейіп отыр. Бүгінгі күннің ең бір өзекті мәселелердің бірі – шаруа қожалықтарын кооперативтерге біріктіру ісі де, сөз жоқ, салаға тың серпін бермек. Ауданымызда бүгінде 3 кооператив құрылған. Биыл олардың санын екі есеге арттыру күтілуде. Елбасы өзінің биылғы Жолдауында: «Алдымызда қандай қиындықтар кездессе де, оларды еңсере алатынымызға сенімдімін. Біздің басты күшіміз – бірлікте», – деп баршамызды жұмыла еңбек етуге шақырды. Ендеше еліміздің маңызы айрықша елеулі басты құжатында айқындалып көрсетілген бес басым бағыт бойынша алға қойылған тапсырмаларды нақты іс жүзіне асыру – баршамыз үшін де жауапты іс, абыройлы міндет. Бұл біздің еліміздің өркендеуіне қосқан лайықты үлесіміз болмақ. Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар