Өркениет шыңына жасалған қадам

Өркениет шыңына жасалған қадам
ашық дереккөз
Өркениет шыңына жасалған қадам
IMG_0703 Облыстық мобильдік топтың мүшелері Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу жөніндегі Үндеуіне байланысты Конституцияға енгізілетін өзгерістер жобасын талқылап, тұрғындармен кеңірек әңгімелесу үшін ауданға арнайы келіп, жиын өткізді. Аудан әкімі Балабек Нарбаевтың төрағалығымен өткен жиында «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев, «Талдау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Әлмұратов жаңа саяси реформаның мәні мен маңызына тоқталды. – Біз еліміз өркениеттің жаңа белесіне қадам басқан кезеңде тағы бір тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу туралы Үндеуін жариялап, мемлекетіміз болашақта қандай даму жолын таңдайтынын айқындап берді. Бұл – ел және ұрпақтың болашағы үшін жасалған қадам. Біз егемендік алған күннен бастап тиімді президенттік басқару жүйесінің арқасында өзіміздің қазақстандық даму жолымызды қалыптастыра отырып, өте биік табыстарға жеттік. Елбасымыз айтқандай, жаңа мемлекет, жаңа экономика, жаңа қоғам құрдық. Ендігі міндетіміз – осы жетістіктерімізді сақтап, одан әрі үздіксіз дамуды қамтамасыз ету. Мемлекеттік басқаруды жаңғырту туралы бастама осыған жол ашады. Жаңа саяси реформа Конституцияға және көптеген заңдарға өзгерістер енгізуді қажет етеді. Ал бұл қадам өз кезегінде Үкіметтің өкілеттігін кеңейтіп, Парламенттің рөлін күшейтеді. Конституциялық Кеңестің, сот жүйесінің және прокуратураның қызметі жетілдірілетін болады. Президентіміздің Жарлығына сәйкес, конституциялық реформалар жобасы жалпыхалықтық талқылауға шығарылды. Біз де өз кезегімізде белсенділік танытып, маңызды реформаны табыспен жүзеге асыруға үлесімізді қосуға тиіспіз, – деді Қасымхан Төлендиев аудандық мәслихат хатшысы Сағынбек Бегеев, мәслихат депутаттары мен түрлі саланың өкілдері бас қосқан жиында. Ал «Талдау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Әлмұратов Президенттің өзінің бірқатар өкілеттігін Парламент пен Үкіметке беру туралы шешімі мемлекеттегі демократиялық үдерістерді дамытуға тың серпін беретінін сөз етті. Елді басқару жүйесінің өзгеруі сот жүйесі мен прокуратураның, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының қызметін заңдық тұрғыдан жетілдіретінін қозғады. Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Құдайберлі Әбілов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байтуған Рыспанов, мәслихат депутаты, «Айгөлек» балабақшасының меңгерушісі Галина Мороз өз ой-пікірлерін білдіріп, Үндеуге үн қосты.

Сәулембай әбсадықұлы, «Ақ жол».

Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар