Демократияландыру - ел игілігінің бастауы

Демократияландыру -  ел игілігінің бастауы
ашық дереккөз
Демократияландыру - ел игілігінің бастауы
Жанар БЕКБЕРГЕНОВА, М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, педагогика және психология магистрі. Елбасының билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуі – еліміздің жаңа даму белесіне аяқ басқанының нақты айғағы боларлық құнды құжат. Осыған байланысты конституциялық реформалар жүзеге асырылмақ. Жалпы, Ата Заңымыз қоғамды басқарудың ең басты заңдық құралы екені белгілі. Ол әлеуметтік-экономикалық жағдайлары күнделікті өзгеріп жатқан қоғамға да сай болуы тиіс. Уақыт оған өзгеріс енгізуді де талап етуде. Ол өзгеріс, біріншіден, Парламенттің жауапкершілігін күшейту, екіншіден, Үкіметтің құзыреті мен жауапкершілігін арттыруды көздейді. Бұл елдегі демократиялық үрдістердің әрі қарай дамуына жол ашады. Жалпы, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында жас мемлекетіміздің қалыптасып, нығаюы жеңілге түскен жоқ. Бұл жағдайлар көз алдымызда болып жатты. Небір қиындықтармен де бетпе-бет келдік. Әлденеше мәрте қайталап соғып, елді есеңгіреткен дағдарыс тегеурінінен де жол тауып шыға алдық. Дамудың даңғыл жолына түсіп, бүгінгідей деңгейге көтерілуіміз үшін де мемлекет тізгінінің бір қолға шоғырлануы аса қажет болды. Кез-келген елдің мемлекеттілігі демократиялық дамуының жүйелілігін де айғақтайтыны мәлім. Біз бұған қол жеткіздік. Бұл жолда тоқырап, тоқтап қалуға болмайды. Ата Заңымызға енгізілер өзгертулер Үкімет пен Парламент қызметтерін тиімді бағалауға мүмкіндік беретін болады. Өз кезегінде оларға қабылданған заңдар мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына толықтай жауап берулеріне тура келеді. Елдегі саяси реформалар «күшті Президент – мәртебелі Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына негізделетін болады. Бүгінде аталған конституциялық реформалар жобасы қазақстандықтар арасында қызу талқылану үстінде. Әрбір азамат бұл мәселеге байланысты өз ой-пікірін білдіріп, ұсыныстарын енгізе алады. Жобаны жалпыхалықтық талқылау азаматтық белсенділігіміздің көрінісі екені даусыз. Біз аталған реформалар тәуелсіз еліміздің одан әрі гүлденіп, дамуына қалтқысыз қызмет етеді деп сенеміз.

Ұқсас жаңалықтар