Логопедиялық орталық институт іргесінде

Логопедиялық орталық институт іргесінде
ашық дереккөз
Логопедиялық орталық институт іргесінде
оның ашылу рәсіміне Білім және ғылым вице-министрі  Эльмира Суханбердиева қатысты Балалар арасында тіл кемістігі потологиясы жиі ұшырасады. Ал елімізде логопед-дефектолог мамандар тапшы. Тараз мемлекеттік педагогикалық институты арнайы орталық ашып, осы олқылықтардың орнын толтырмақшы. Енді тілінің мүкісі бар бүлдіршіндермен жұмыс жүйелі жүргізілетін болады. «Балалардың сөйлеу тілін түзету мен дамытуға қолдау көрсету» және «Өзін-өзі тану» орталықтарының ашылу салтанатына қатысқан Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева осылай деді. 50 жылдық тарихы бар «ұстаздар ұстаханасына» алғыс айтты. «Республика бойынша мектептерде бұндай орталықтар біртіндеп ашылуда. Бірақ, Тараз мемлекеттік педагогикалық институты білім ордалары арасында алғаш бастама көтеріп, оны жүзеге асырып отыр. Институттан аталмыш мамандық бойынша теориялық білім алатын студенттердің бұл жерде тәжірибе жинақтауына да мүмкіндік мол. Қазір дефектолог мамандарға сұраныс жоғары. Сондықтан, студенттердің білім мен тәжірибені қатар алуына мүмкіндік тудырғаны үшін педагогикалық институт ұжымына рахмет айтамыз», – деді Эльмира Амангелдіқызы. Ол өз сөзінде аталмыш мамандық бойынша білім алуға алдағы уақытта гранттардың көбірек бөлінетіндігін мәлімдеді. Мәліметке сүйенсек, Тараз қаласында 2 арнайы логопедиялық балабақша жұмыс істейді екен. Ал өзге балабақшаларда арнайы логопунктер қызмет көрсетеді. Яғни, логопедтерге сұраныс бар. Осы сұранысты қанағаттандыру мақсатында ТарМПИ-дың «Арнайы педагогика» кафедрасы білім беру бағдарламасы аясында дефектология мамандығы бойынша болашақ логопедтерді даярлау үстінде. Жұмысын жаңадан бастағалы отырған орталыққа қазірдің өзінде тіркелген бүлдіршіндер баршылық. «Ұлым Даниял жеке меншік «Нұрбала» балабақшасында тәрбиеленіп жүр. Тілінің кеш шыққанын байқап, әлеуметтік желідегі хабарламаны оқып, баламды осында алып келдім. Бүгін 3-сабаққа кірдік. Мұндағы мамандардың, әсіресе, логопед Гүлназ Оңласынованың кәсіби шеберлігі бізді қуантты», – дейді Гүлмира Әміркенова. «Балалардың сөйлеу тілін түзету мен дамытуға қолдау көрсету» орталығында сөйлеу тілінде түрлі бұзылыстары бар балаларға түзете дамыту және тәрбиелеу жұмыстары жүргізіліп, қолдау көрсетіледі. Мұнда оқу орнының 3-4 курс студенттері ұстаз-логопед ретінде тәжірибе жүргізе алады. Ал «Өзін-өзі тану» орталығы балаларды рухани-адамгершілік дамытудың үйлесімділігін сақтау мақсатында ашылған. Алдағы уақытта орталықта түрлі оқыту семинарлары, «дөңгелек үстел» отырыстары, шебер-сыныптар өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, бұл өзге облыстар мен қалалар үшін тәжірибе алмасу аймағы бола алады.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар