Өнеркәсібі өркендеген өңірге айналды

Өнеркәсібі  өркендеген   өңірге  айналды
ашық дереккөз
Өнеркәсібі өркендеген өңірге айналды

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2016 жылғы 5 ақпандағы «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» №190 Жарлығына сәйкес аудан әкімі Бақытжан Нүркенов халық алдында есеп берді. Есеп беру жиынына облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке қатысты. Әкімнің қорытынды есебінен ауданда атқарылған жұмыстар біршама екеніне көз жетті. Аудан тұрғындары да көкейлерінде жүрген сауалдарына тиісінше жауаптар алды. IMG_14962016 жыл еліміз үшін тарихи жыл болғаны жалпыға аян. Бұл жылы ауданда талай мәселелердің түйіні тарқатылып, оң шешімін тапты. Аудан бойынша былтыр нақты өндірілген өнеркәсіп өнімінің жалпы сомасы 33184,6 миллион теңгені құрап, жоспар 107,7 пайызға орындалған. Пайдалы қазбаның мол қоры бар ауданның өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысы да жылдан-жылға жанданып келеді. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгізілген «Ақбақай филиалы» өткен жылы 1610 килограмм алтын, 304 килограмм күміс өндіріпті. «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы», «Хантау цемент», «Мыңарал компаниясы» ЖШС-тары да сапалы өнімдерімен елге танылып, аудан бюджеті толығуына септесуде. Аудан бойынша 2015-2016 жылдары аймақтық республикалық индустриялық картаға енгізілген жалпы құны 2542 миллион теңгені құрайтын 4 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Атап айтқанда, Мирный ауылындағы Шолпан стансасында «Казгранит» ЖШС қолға алған жобаның жылдық қуаты 30 мың шаршы метр брусчатка, 6 мың шаршы метр гранит блоктар өндіруге (ақшаға шаққанда, 462 миллион теңге) есептелген. Ал «Ер-тай» ЖШС жылына 18,0 мың тонна мырыш және қорғасын концентратын өңдеу әлеуетіне ие Ақсүйек кен байыту фабрикасын жаңғырту жобасын іске асыруда. Сондай-ақ, «Тенардит» ЖШС күшімен Қашқантеңіз кен орнында сульфат натрийдің А, В маркасын және йодталған тұз шығаратын зауыт құрылысын салу жоспарланып отыр. «Міне, мұның барлығы да ауданымыздың қуатты өңірге айналып келе жатқанының жарқын дәлелі»,– деп атап өтті аудан әкімі. Оның баяндауынша, ауыл шаруашылығы саласында да ауыз толтырып айтарлық жетістіктер бар. Салада өнім өндірудің жалпы көлемі былтыр 4198,7 миллион теңгені құрап, орындалу көрсеткіші 110,1 пайызды көрсеткен. Оның 2918,3 миллион теңгесі – мал, 1208,4 миллион теңгесі – егін шаруашылығы салаларының үлесінде. Былтыр 2015 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара 1,2 мың, қой-ешкі 6,7 мың, жылқы 5 мың, түйе 11-ге көбейген. Өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 3 шаруа қожалығы 45,8 миллион теңгеге 257 сиыр, 13 бұқа, «Алтын асық» бағдарламасымен 4 шаруа қожалық 59,6 миллион теңгеге 2443 қой, «Құлан» бағдарламасы бойынша 1 шаруа қожалығы 15,0 миллион теңгеге 80 жылқы сатып алған. Аудан бойынша инвестиция тарту барысында «Агрофирма Түрікпен» ЖШС 2015-2016 жылдары 3003 мүйізді ірі қара, 1476 жылқы алса, үстіміздегі жылға 550 мүйізді ірі қара, 3000 етті бұқа алуды жоспарлап отыр. Ауданда барлығы 928 шағын және орта кәсiпкерлiк нысаны жұмыс істейді. «Бизнестің жол картасы – 2020» бірыңғай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 2012-2016 жылдары аудан бойынша 1409,9 миллион теңгені құрайтын 9 жоба жүзеге асырылыпты. Бағдарламаның 1-бағыты – «Жаңа бизнес-бастамаларын қолдау» сыйақы мөлшерлемесінің бөлігін субсидиялау тетігі бойынша барлығы 29,9 миллион теңгеге 6 жоба, инфрақұрылымды дамытуға 1377,0 миллион теңгені құрайтын 2 жоба және грант арқылы 3 миллион теңгеге ие болған 1 жоба жүзеге асырылуда. Ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасына «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту арқылы жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» бағыты бойынша қатысушы 7 нысан белгіленген екен. Белгіленген нысандарға республикалық бюджеттен 76 миллион 236 мың теңге көлемінде қаржы қарастырылып, 32 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Ауданда аталмыш бағдарламалардың шарапатына бөленгендер көп-ақ. «Ауданның бүгінгі күнге дейін жеткен жетістігі – еңбек пен елдіктің жемісі», – деген аудан әкімі алдағы уақытта аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін жоғарылату мақсатында жүйелі жұмыс жасай беретіндігін жеткізді. Есеп беру жиынын облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке қорытып, аудан әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген баға берді.

Уалихан ЖАЙЛАУ, «Ақ жол».

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар