Универсиада ойындарында еліміздің құрамасы екінші орынды иеленді

Универсиада ойындарында еліміздің құрамасы екінші орынды иеленді
ашық дереккөз
Универсиада ойындарында еліміздің құрамасы екінші орынды иеленді
Алматыдағы Универсиада ойындарын екінші орынмен аяқтадық. Соңғы жарыс күнінің нәтижесіне қарамастан жалпы командалық есепте екінші орын бұйырды.

Кеше қоржынға бірнеше медаль түсті. Биатлоннан 12,5 шақырымға масс-старт бойынша жарысқан Галина Вишневская чемпион атанды. Тағы бір отандасымыз Елизавета Бельченко жүлдеге бір табан жақын төртінші орынға тұрақтады. Биатлоншы жігіттер де қарап қалмады. Олар 15 шақырымға масс-старт бойынша жарысу кезінде екі жүлде еншіледі. Роман Еремин күміс, Антон Пантов қолаға қол созды.

Шаңғы жарысында керекулік Анна Шевченко үшінші қоласын жеңіп алды. Бұл спортшыда қазір Универсиада ойындарының бес медалі бар.

Универсиада ойындарындағы ең маңызды бәсеке шорт-трекшілер арасында болды. Кореялық спортшылар төрт бірдей қашықтықтың үшеуінде чемпион атанып, алтын саны бойынша Қазақстанмен теңесті. Егер олар төртінші алтынды алғанда, үшінші сатыға түсіп қалар едік. Бірақ күтпеген жерден көмекке қытайлық спортшылар келді. Олар ерлер арасында командалық эстафетадан чемпион атанып кетті.

Ал біздің жігіттер бүгін тағы үш жүлдеге қол жеткізді. Денис Никиша 1000 метрге жарыс кезінде қола жүлде еншілесе, командалық эстафетадан ерлер де, қыздар құрамасы да үшінші сатыдан көрінді.

Хоккейден ерлер құрамасы Чехияны жеңіп, студенттер ойындарының финалына шығып отыр. Бұған дейін екі рет шешуші сында жеңілгенбіз.

ақпарат көзі: Baq.kz 

Ұқсас жаңалықтар