Лаула, лаула, ақ аламан алауы!

Лаула, лаула, ақ аламан алауы!
ашық дереккөз
Лаула, лаула, ақ аламан алауы!

Бүгін Таразда әйгілі спортшылар облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевпен бірге қысқы универсиаданың алауын алып жүру эстафетасына қатысады

Егемен еліміздің тарихында қысқы Азия ойындары жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны баршамызға мәлім. Сол ақ аламан еліміздегі қысқы спорт түрінің қарыштап дами түсуіне ықпал еткен. Енді міне, тағы бір спорттық үлкен додалардың бірі Алатау баурайындағы әсем қала Алматыда өтеді. Ол – бүкіләлемдік қысқы Универсиада. Әлемнің 55 елінен 2000 спортшы сынға түсетін бәсі мықты додаға дайындық шаралары мәресіне жетті. 17-28 жас аралығындағы студенттер бәсекесі тартысқа толы болады деп күтілуде. Астанадан бастау алған қысқы Универсиада алауын жағу рәсімі еліміздің біраз қалаларын аралап, бүгін Таразға жетті. Бұл – облысымыз үшін үлкен оқиға екені сөзсіз. Дуы басым доданың алауын алып жүруге арналған дайындық жұмыстары жұма күні Таразда жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Алау эстафетасын ұйымдастыру бағдарламасының кейбір сәттерімен бөлісе кеткенді жөн көріп отырмыз. Көне Тараз тарихи-мәдени орталығынан басталатын шара барысында алдымен Ежелгі Тараз қалашығында байырғы кезең алауының дүниеге келуі сипатталады. Деректі фильм арқылы тарихи Тараз төрінде ежелгі алаудың жағылу салтанатын көзімізбен көреміз. Ханнан рұқсат алған жаршы саңлақтарды ел намысын қорғауға шақыратын эпизодтар да лэд экран арқылы көрсетілмек. Мұның бәрі әлбетте, жастардың патриоттық рухын жани түсетіні аян. Анығырақ айтқанда, алау эстафетасы шарасы барысында көне шаһардың тарихы да ел назарына ұсынылады. Ежелгі Тараз қалашығынан байырғы алауды көкпар спортынан еліміздің тоғыз дүркін чемпионы «Әулиета» ат спорты клубының өкілі, ат спортынан елімізге еңбегі сіңген жаттықтырушы Нұрдәулет Момынов жарау атпен алып келіп, үш дүркін «Қазақстан барысы» додасының жеңімпазы, қазақ күресінің шебері Бейбіт Ыстыбаевқа табыстайды. Өз кезегінде байырғы алауды Бейбіт Ыстыбаев облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевқа табыстайды. Өңір басшысы алау құтысын тұтатқан соң шара әрмен қарай қыза түседі.

IMG_8302Ортаға ақ аламанның символына айналған сұңқар құс шақыртылады. Кейіннен алау эстафетасына 15 студенті қатысып отырған, қаламыздағы іргелі жоғары оқу орындарының бірі – М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың ректоры, педагогика ғылымдарының докторы Махметғали Сарыбеков Алматыда жалауы желбірейтін бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың алау эстафетасын облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевқа табыстайды. Кәрім Нәсбекұлы алау құтысын тұтатып алған соң, алғаш болып өзі жүгіру жолына шығады. Одан әрі қарай алау эстафеталық түрде спортшылардың қолына тиіп, «Көне Тараздан» басталған салтанатты шара 2 кезең арқылы (Тұңғыш Президент саябағында 10 минут үзілістен соң қайта жалғасады) «Тараз-Арена» спорт кешеніне жеткізіледі. Жалпы, алау эстафетасын алып жүру мақсатында комиссия шешімімен алпыс азамат таңдалып алынған екен. Олардың қатарында әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғаған спортшылар бар. Мәселен, облыс әкімінен эстафетаны еркін күрестен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров қабылдап алса, шараның көркін бокстан Азия чемпионы Олжас Сәттібаев, әлем чемпионатының қола жүлдегері Ғани Жайлауов, «Астана арландары» жартылай кәсіпқой бокс клубы сапында бүкіләлемдік бокс сериясында топ жарған Асланбек Шымбергенов, паратхэквандодан тірек-қимыл аппараты зақымданған азаматтар арасында өткен әлем чемпионатының жеңімпазы Өмірәлі Нышан және өзге саңлақтар қыздыра түспек. Спортшылардан бөлек, түрлі өнер додаларының, жастар форумдарының қатысушылары да шараға белсене атсалыспақ. Түйіп айтқанда, Тараз төрінде өткен бүкіләлемдік қысқы Универсиада алауын алып жүру эстафетасы үлкен думанға айналады. Әлемдік деңгейде өтетін байрақты бәсекенің Таразда ұйымдастырылған маңызды шарасы туралы газетіміздің келесі санында толығырақ баяндайтын боламыз.

Табиғат АБИЛДАЕВ,

"Ақ жол".

Ұқсас жаңалықтар