ҚАЗТЕСТ мемлекеттік тілдің мәртебесін көтереді

ҚАЗТЕСТ мемлекеттік тілдің мәртебесін көтереді
ашық дереккөз
ҚАЗТЕСТ мемлекеттік тілдің мәртебесін көтереді

Бүгінгі таңда ҚАЗТЕСТ жүйесі еліміздің аумақтарына толыққанды енгізілген үрдіс болып отыр. Мемлекеттік тілді түрлі себептермен меңгермеген азаматтарды, қазақ тілінде хат алмасу барысындағы қиындықтарды жеңу, ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілде қарым-қатынасын, еркін сұхбаттасуын дамыту мақсатын көздейді. «ҚАЗТЕСТ» деген ұғым мемлекеттік қызметпен тығыз байланысты. Қазіргі күнде мемлекеттік қызметтің «А» корпусына үміткер орталық және жергілікті атқарушы орган өкілдерінің барлығы бұл жүйенің талаптарын жақсы түсінді. Біздің облыста алғашқы кезеңде ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекеттік қызметшілер байқау сынақтарынан өткізілсе, соңғы жылы тестілеудің басым бөлігі білім саласы қызметкерлері болып табылуда. Қазақстан республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының міндеттерін орындау үшін біздің тестілеу орталығында ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша 2015 жылдан бастап бір айлық оқыту курстары ұйымдастырылып келеді. Бұрынғы қалыппен бастауыш, жалғастырушы, тереңдетілген 3 топ емес, тыңдаушыларымыз қарапайым А1, базалық А2, орта В1, ортадан жоғары В2, жоғары С1 деңгейі бойынша бағдарлама жасап, оқытылуда. Бұл үрдістің тиімділігі бастауыш тобында басқа тілде сөйлейтін қазағымыз да, басқа ұлт өкілдері де бірге отырады. Ал тілді қолдану қабілеттері жер мен көктей. Себебі, біздің тілді қолдану қабілетіміз қанымызға енген, ана сүтімен берілген, басқа ұлт өкілдерімен салыстыруға мүлдем келмейді. Сондықтан, бастауыш тобын А1 және А2 топтарына бөліп, әр деңгейді меңгеруге 100-120 сағат қарастырылуы қажет. Қазақ тілі ана тілі болып саналатын азаматтар А1 қарапайым деңгей бойынша оқу курсына қатысқаннан кейін бір жылдың ішінде А2 базалық деңгейге көшуі тиіс. А2 базалық деңгейді көрсеткен азаматтар осы деңгейдің ең жоғары балына ұмтылып, бір жылдан кейін В1 орта деңгейге өту динамикасын байқауы керек. Өкінішке қарай, қазіргі кезде басшылықтан «ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілеуден өткізілсін» деген тапсырма берілсе, кадр бөлімінің қызметкеріне жүктейді. Ол маман барлық қызметкерді жинап, түгендеп ҚАЗТЕСТ жүйесінен өткізеді. Ал әрі қарай не істеу қажеттігі ешкімді қызықтырмайды. Оқу курсы аяқталғаннан кейін қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалауға арналған сертификаттық тестілеуден өту ұсынылады. Бұл – ҚАЗТЕСТ жүйесінің екінші кезеңі. Сертификаттық тестілеуде тыңдалым, лексикалық-грамматикалық құрылым, оқылым бөлімдерімен қатар жазылым бөлігіне сәйкес тілдік құзыреттілік бағаланады. Әр сөйлеу әрекетінің түрі бойынша 60 пайыздық меже балынан өту қажеттілігі талап етіледі. Осындай талаптардан сәтті өткен азаматтар екі жылға жарамды мемлекеттік үлгідегі ҚАЗТЕСТ сертификатына ие болады. Қазақстан республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында ҚАЗТЕСТ жүйесі арқылы анықталатын мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметшілердің үлесін В1 деңгейінде меңгергендерді 2020 жылға қарай – 35, С1 деңгейінде меңгергендерді 2020 жылға қарай – 15 пайызға ұлғайту көзделген. ҚАЗТЕСТ диагностикалық тестілеуден бүгінгі таңға дейін 11838 қызметші өткен. Оның 6397-сі мемлекеттік қызметкерлер болса, 5230-ы бюджеттік сала қызметшілері, 211-і өзге сала өкілдері. Өткен жылғы ҚАЗТЕСТ диагностикалық тестілеудің нәтижесі В1 деңгейінде меңгерген мемлекеттік қызметшілер – 33,36, ал С1 деңгейін меңгергендер үлесі 1,34 пайыз екенін көрсетті. Бұл – жоспарлы көрсеткіштен төмен нәтиже. Өз кезегінде мемлекеттік қызмет атқаратын қызметкерлер В1 деңгейі – 36, 59, ал С1 деңгейін 3,98 пайыз орындап, жоспарлы көрсеткішке жақындай түскен. Жастарымызда «Мен қазақ тілінде еркін сөйлеймін, неге ҚАЗТЕСТ сынағын тапсыруым керек» деген ұғым бар. Қазақ тілін еркін білген кісі тестілеуден неге қашады? Қайта өз білімін, деңгейін дәлелдеп шықпай ма? Мемлекеттік тілді қай деңгейде меңгергеніңізді біліп жүру өзіңізге де пайдалы. Тіл мамандарының әр ұсынысы біз үшін өте маңызды.

Айгүл Бохшиева, облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы

тілдерді оқыту орталығының әдіскері.

Ұқсас жаңалықтар