"ЖЕРҰЙЫҚТЫҢ" ЖАСЫЛ ЖЕЛЕГІН КҮТЕМІЗ

"ЖЕРҰЙЫҚТЫҢ" ЖАСЫЛ ЖЕЛЕГІН КҮТЕМІЗ
ашық дереккөз
"ЖЕРҰЙЫҚТЫҢ" ЖАСЫЛ ЖЕЛЕГІН КҮТЕМІЗ

Елімізде, оның ішінде облысымыздың өзінде мемлекет қазынасынан жыл сайын көгалдандыруға бөлінер қыруар қаражаттың құмға сіңгендей жоқ болып кетіп жатқаны жасырын емес. Әрі десе қазекең гүл өсiру, айнала-төңіректі көгалдандыру ісіне аса ынталы да емес. Ал табиғатты сүюге баланы жастан тәрбиелесе ше?.. Жеткіншектердің гүл өсіру мәдениетін қалыптастыру мен ауылдарды абаттандыру ісіне шулық жерлесіміз, Қазақ Ұлттық аграрлық университеті орман, жер ресурстары және фитосанитария факультетінің деканы, экономика ғылымдарының докторы, доцент Құрмангүл Абаеваның өзіндік үлесін қосуы өзгелерге үлгі боларлық-ақ іс. – Бүгінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі білім ошақтарымен, балабақшалармен жасыл желекті қалай өсіру, оны күтіп, баптау, гүл мәдениетін дамыту, табиғатты қорғау мақсатында бірігіп жұмыс істеудеміз, – дейді ол. Оқушыларға экологиялық білім мен тәрбие беретін аудандық білім беру бөлімінің «Жерұйық» жас натуралистер стансасындағы үйірмелер жұмысына да университет тарапынан көмек мол. Мұнда «Жасыл ел» бағдарламасының 1500-дей жасөспірім жанашырлары өңірдің өркендеп өсуіне жұмылдырылып, гүлдер мен ағаш көшеттерін егіп, өсіріп, бастан-аяқ күтімін жасауға дағдыландырылу үстінде. Бірер ай бұрын осы қосымша білім беру мекемесі Төле би ауылында «Туған елге – құрмет» тақырыбында республикалық семинар ұйымдастырып, акция өткізген екен. Аталған іс-шара аясында Құрмангүл Төлеутайқызы ауылым гүлденсін, көркейсін, көгалдансын деген ниетпен станса мен ауылдық жерлерде орналасқан М.Әуезов, С.Сейфуллин, Ы.Алтынсарин, Домалақ Ана, Амангелді, Е.Бекмаханов, Алға орта мектептеріне ағаш көшеттерінің 1600-ге жуық түрін тарту етіпті. Олардың арасында 1000 түп шырша, 100 түп алма, 500 түптей өрік, қарағай, емен, үйеңкі, терек ағаштарының көшеттері бар. ҚазҰАУ «Орман, жер ресурстары және фитосанитария» факультетінің оқытушы-ғалымдары оқушыларға оларды отырғызу және күтімдеу әдіс-тәсілдерін үйретіп, кеңес беріп, көмектескен. Бүгінде «жерұйықтықтар» 1000 түп шырша көшетін арнайы телімдерде өсіріп, тиісінше күтім жасау ісін қолға алып отыр. Әзірге бойы бір қарыс қана, себетке отырғызылған балапан шыршалар бүр жарып, балақтап өсіп жетіліп, болашақта станса аумағын, ауылдық мекемелер, мектептер аулалары мен көшелер бойын көріктендіре түседі деп күтілуде. «Шырша ағаштарын біздің құмды, жартылай шөлейтті өңірімізде де өсіруге болады екен. Ауданымызды, ауылымызды өзіміз егіп-өсірер жас көшеттер есебінен жасыл желекке бөлейміз деген сенімдеміз», – дейді жас натуралистер стансасы директорының оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Қуаныш Садықова. Елбасымыздың «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша әр азаматтың елінің, жерінің көркеюіне өз үлесін қосуы міндетті парыз екені шулық жас өрендерге жете түсіндірілуде.

Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар