Жарыс бар жерде, жеңіс бар

Жарыс бар жерде, жеңіс бар
ашық дереккөз
Жарыс бар жерде, жеңіс бар

Бірақ кейбір аудандар спорт саласына әлі немқұрайды қарайды

Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбеков өткен жылы атқарылған жұмыстарын қорытындылап, есеп берді. Есеп беру жиынына облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысып, жүргізіп отырды. Алдымен негізгі баяндаманы жасаған Гамлет Төреханұлы саладағы жетістіктер мен олқылықтарды тізбелеп, алдағы міндеттерге де тоқталды. Басқарма басшысы баяндамасында мешін жылы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық торқалы тойы тойлануымен ерекшеленгенін, оған спортшылардың сүбелі үлес қосқанын, Рио Олимпиадасында еліміздің спортшыларымен бірге облысымыздан боксшы Олжас Сәттібаев, дзюдошы Елдос Сметов, жеңіл атлет Михаил Красивов, таэквондошы Руслан Жапаров, жеңіл атлет Светлана Голендова қатысқаны көңіл қуантқанын сөз етті. Елдос Сметов пен Зүлфия Ғабидуллинаның жарқын жеңістеріне тоқталды. Үш дүркін «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаевты да ризашылықпен атап өтті. Жалпы былтыр облыс спортшылары барлық деңгейдегі жарыс түрлері бойынша 1039 медальді иеленіпті. Былтыр басқарманың қолдауымен 2871 спорттық іс-шара өткен. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда анағұрлым жоғары көрсеткіш. Елбасы қазақстандықтардың 30 пайызы бұқаралық спортпен шұғылдануы қажеттігін міндеттегені белгілі. Қазіргі таңда облысымызда 297 мың азамат бұқаралық спортпен айналысады екен. Бұқаралық спортпен шұғылданушылар облыстық «Көше ойындары», «Ауыл спорты» додаларында өздерін жақсы жағынан көрсетуге мүмкіндік алған. Дене мүмкіндігі шектеулі адамдардың спортпен шұғылдануына да мүмкіндіктер бар. Былтыр дене мүмкіндігі шектеулі 881 спортшы Паралимпиада, әлем чемпионаттары және халықаралық, республикалық жарыстардан 55 алтын, 38 күміс, 20 қола медаль олжалаған. Белгілі кәсіпкерлер де спорт саласына қамқорлық танытуда. Қордай, Шу аудандарында демеушілердің есебінен жаңа спорт сарайлары бой көтерген. Облысымызда 1024 спорт нысаны болса, 398-і Тараз қаласында, 626 нысан аудандарда орналасқан. Ұлттық спорт түрлерін дамытуға бүгінде ерекше көңіл бөлініп отырғанын да баяндамашы атап өтті. Қазақ күресі, асық ату секілді спорт түрлері бүгінде жоғары қарқынмен дамуда. Облыс әкімінің қолдау көрсетуімен ауыл мектептерінің спорт залдары бұқаралық спортпен айналысушылардың игілігіне айналып отыр. Өткен жылғы есеп беру жиынында 13 сын-ескертпе айтылған болатын. Ұсыныстар таразыланып, тиісті қорытынды шығарылып, оң шешімін тауыпты. Дегенмен, сала басшысы бірқатар «әттеген-айларға» да тоқталды. Ауыл округтердегі спорт нұсқаушылары штаты 101-ден 81-ге қысқарған. Облыста аула клубтарының саны 25 болса, оның 17-сінде ғана спорт секциялары бар екен. Байзақ, Шу аудандарында аула клубтары мүлдем жоқ. Жекелеген спорт мектептерінің қаржылары қысқарғаны байқалады. Жамбыл, Жуалы, Меркі, Сарысу аудандарының басшылары «Аула ойындары» жарысына құрама жасақтауға селқос қарайды. Ал Сарысу ауданы Президенттік сынақтың өзіне команда қатыстырмаған. Гамлет Төреханұлы басқарманың биылғы жылғы міндеттеріне де тоқталды. Оның ішінде тұрғындарды бұқаралық спортқа тарту мәселесіне, спорт жарыстарын жергілікті жерлерде көбірек өткізуге көңіл бөлетіндерін ерекше баяндап өтті. Мұнан соң мінберге көтерілген Қордай ауданы әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дидар Молдағалиев, облыстық №2 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Марат Стамқұлов өздері атқарған жұмыстарға тоқтала келіп, басқарманың жыл бойғы жұмысына оң баға берді. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қорытындылап, әр аудан, әр спорт мекемесінің басшылары саламатты өмір салтын насихаттауды естен шығармаулары қажеттігіне, спорт мекемесінің басшылары келісімшартқа сай спортшыларының тәртібіне де жауап беруі тиіс екендігіне тоқталды. Тұрғындардың бұқаралық спортпен шұғылдану деңгейін әр аудан, ауылдарға тікелей барып қадағалап, назарда ұстау керектігін ескерткен Ерқанат Нұрбапаұлы басқарма басшысының жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады.

Есет ДОСАЛЫ,

"Ақ жол".

Ұқсас жаңалықтар