Өз үлесімізді қосамыз

Өз үлесімізді қосамыз
ашық дереккөз
Өз үлесімізді қосамыз

Саид Ақаев, шешен ұлтының өкілі, «Ақтоған» шаруа қожалығының жетекшісі.

Еліміздегі ауызбіршілік пен ұлтаралық келісімнің нәтижесінде бейбіт қоғамның бейнесі қалыптасты. Тәуелсіздік алғалы бергі ширек ғасырда Қазақстан экономикасы дамыған, әл-ауқаты артқан елге айналды. Бүгінде тұтастай достықтың, ынтымақтастықтың ордасы. Бірлігі бекемделген, тірлігі тындырымды. Біз ел экономикасының дамуы үшін тамшыдай болса да терімізді төгіп, өз үлесімізді қосып жатқанымызды мақтан тұтамыз. Біздің «Ақтоған» шаруа қожалығы 1999 жылы құрылды. Бүгінгі таңда қожалықтың 10600 гектар егістік жері бар. Үстіміздегі жылы қожалық 6000 гектар алқапқа еккен егіннің әр гектарынан орташа 25 центнерден түсім жинады. Кәсіпорнымыздың өз диірмені бар. Онда тартылған ұн 2-50 килограмдық қалта-қаптарға салынып, өткеріледі. Ұнның бір бөлігінен макарон мен жарманың 30 түрі өндіріледі. Заманауи үлгідегі италиялық және ресейлік жабдықтарда шығарылатын өнімнің сапасына мамандар, тұтынушылар жоғары бағасын беруде. Бүгінде сыртында «Ақтоған» деген жапсырмасы бар макарон мен жарманы еліміздің түкпір-түкпіріндегі сауда орындарынан кездестіруге болады. Өнімнің денін тұтынушылар өндіріс орнынан өздері келіп әкетеді. Тауар кластерлік жүйемен өндірілгендіктен өнімнің өзіндік құны да төмен. Бұл бір жағынан оны тұтынушыларға қолжетімді бағамен өткеруге мүмкіндік беруде. Қожалық қажетті техникамен қамтамасыз етілген. Жиырма техникамыз бар. Өткен жылы егін жинайтын 5 комбайнды лизингтік жүйемен алған болатынбыз. Кәсіпорында тұрақты отызға жуық адам жұмыс істейді. Науқан кездерінде олардың саны 40-қа дейін жетеді. Кәсіпорнымыз жылына 15 миллионнан астам теңгенің өнімін өндіреді. Шығарылған тауардың барлығы арнайы зертханада тексеруден өткізіліп, сертификат беріледі. Бірер жыл бұрын макарон мен жарманы ыдысқа салатын екі желі сатып алып, орнаттық. Бұл қол жұмысын азайтумен қатар, өнімнің өтімділігіне өз әсерін тигізуде. Келешекте өндірісімізді кеңейтіп, жарманың тағы да бірнеше түрін өндіреміз және мақсары дәнін өңдеп, май шығарамыз. Мұның өзі тағы да 10 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Осының барлығы да Тәуелсіздіктің, бейбітшіліктің, Елбасының жүргізіп отырған дана саясатының арқасында іске асып жатқан игі шаруалар. Лайым, аспанымыз ашық, жұлдызымыз биік бола берсін!

Т. Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар