Биылдан бастап кәсіптік білім – тегін

Биылдан бастап  кәсіптік білім – тегін
ашық дереккөз
Биылдан бастап кәсіптік білім – тегін

Президент Н.Ә. Назарбаев жыл сайынғы Жолдауында отандық жұмысшы-қызметші кадрларды дайындау қажеттілігіне үнемі назар аударып келеді. Әсіресе, Қазақстанда 2017 жылдан бастап жалпыға бірдей тегін кәсіптік білім беру туралы идеясы қоғамда үлкен резонанс туғызды. Яғни, болашақта техникалық мамандықтарға бөлінетін оқу гранттары көбейеді, мемлекет әрбір қазақстандық азаматтың алғашқы техникалық білімді тегін алуын қамтамасыз етеді. Мұнымен бірге, Жолдауда «Бізге техникалық кадрлар даярлау барынша қажет. Техникалық және кәсіби білім беру инвестициялық саясаттың негізгі бағыттарының бірі болуы тиіс. Бұл үшін Германия, Канада, Австралия және Сингапур сияқты мемлекеттермен бірге кадрлар дайындау орталықтарын бірлесіп құру керек. Олар бүкіл еліміз үшін техникалық және кәсіби білім беру жүйесінің моделі болады», деп нақты тапсырма берді. №16 Жуалы колледжі – аудандағы техникалық және кәсіптік салаға орта буын мамандар даярлайтын бірден-бір білім ошағы. Оқу орны мемлекеттік жалпыға білім беру стандартына сәйкес кәсіптік және техникалық білім беруді қамтамасыз етуде. Сондықтан бүгінгі студенттеріміз – ертеңгі жас маман. Біздің заманауи талаптарға жауап бере алатын, білімді де білікті маман даярлауды мақсат етіп отырмыз. Білім ошағында кәсіптік бағдар бойынша автокөлікті жөндеу, пайдалану және қызмет көрсету, ферма шаруашылығы, электр жабдықтарына қызмет көрсету бойынша электромонтері, тігін өндірісі және киімді модельдеу сынды мамандықтар бар. Бүгінге дейін 521 жас диплом алып, «Жол картасы» бағдарламасы бойынша 219 маман даярланды. Қазіргі таңда колледжде 175 студент білім алуда. Болашақ мамандарға сапалы білім алуға жағдай туғызу мақсатында колледждің материалдық-техникалық базасы үнемі жетілдірілуде. Оқу кабинеттері жаңа технологиялық, ақпараттық құралдармен жабдықталған. Сонымен қатар, колледждің асханасы, спорт кешені, жатақханасы бар. Білім ордамыз осы уақытқа дейін көптеген жетістіктерге жетті. Әрбір жетістігін өткен күннің еншісіне санап, бүгінгі заманғы білім беру мен кәсіптік даярлауға жаңа технологиялар мен тың идеяларды, инновациялық дамудың соңғы жаңалықтарын пайдалануды колледж оқытушылары өздерінің басты бағыттары санайды.

Болат ТҰРМАХАНБЕТОВ, №16 Жуалы колледжінің директоры. Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар