ТАУЫҚ ЖЫЛЫНА ЖАҢА ҚҰС ФАБРИКАСЫМЕН

ТАУЫҚ ЖЫЛЫНА ЖАҢА ҚҰС ФАБРИКАСЫМЕН
ашық дереккөз
ТАУЫҚ ЖЫЛЫНА ЖАҢА ҚҰС ФАБРИКАСЫМЕН
онда 4 мың тоннаға дейін ет өндіріледі img_5529Байзақ ауданында қуаттылығы 4 мың тоннаға дейін құс етін өндіретін «Әулие-Ата Феникс» фабрикасы іске қосылды. «ҚазАгро» ұлттық холдингінің қаржыландыруы есебінен жүзеге асқан бұл жобаның жалпы құны 2 миллиард теңгені құрайды. Бөлінген қаржыға түрлі арнаулы ғимараттарды жөндеу жұмыстарымен қатар, бройлерді бағып-күтуге арналған жабдық, құс қорасын жылыту және басқару жүйесі, инкубациялық және тоңазытқыш, құрама жем өндірісі жабдығы, сою желісі секілді арнайы жабдықтар сатып алынған. Құс фабрикасының ашылу салтанатына облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысып, құттықтау лебізін білдірді. «Индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде өңірімізде «Әулие-Ата Феникс» кәсіпорны іске кіріскелі отыр. Бұл облыс тұрғындарын сапалы, экологиялық таза құс етімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біздің өңір қой, сиыр, жылқы етінен тапшылық көрген емес. Ал құс етіне қатысты біршама мәселе туындап жататын. Жаңа фабриканың ашылуымен бұл мәселе де біржақты шешімін таппақ. Кәсіпорынның іске қосылуы облыс экономикасына оң ықпал етумен қатар, аудан тұрғындарын жұмыспен қамтып, халықтың әл-ауқатын арттыруға да септеседі. Сондықтан, бұл істі облыстың әлеуметтік-экономикалық өміріндегі маңызды оқиға деп бағалаймын. Сіздерді ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен, келе жатқан жаңа жылмен және құс фабрикасының ашылуымен құттықтаймын. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін», – деген облыс басшысы өндіріс орнының экономикалық тиімділігі мен әлеуметтік маңыздылығын атап өтті. 1978 жылы іргетасы қаланып, 1990 жылдарғы тоқырау кезеңінде жұмысы тоқтап қалған кәсіпорынның қайта іске қосылуы облыс экономикасына айтарлықтай оң ықпал ететіні сөзсіз. «Әулие-Ата Феникс» ЖШС-ның директоры Фарида Жүнісованың айтуынша, кәсіпорын «халал» стандарты бойынша жоғары сапалы құс етін шығаратын болады. Сондай-ақ, кәсіпорын басшысы өнімді жергілікті нарыққа шығарумен қатар, Қазақстанның өзге өңірлеріне жеткізу, Ресей, Қытай, Вьетнам сынды елдерге экспорттау мәселелері қаралып жатқанын жеткізді. Ал осынау жобаны қаржыландырған «ҚазАгроҚаржы» АҚ инвестициялық жобалар департаментінің директоры Бауыржан Сәбитов республика бойынша холдингтің қолдауымен құс фабрикаларының 24 жобасы мақұлданып, қаржыландырылғанын жеткізді. Олардың жалпы сомасы 46,7 миллиард теңгені құрайды екен.

Маржан рақай, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар