Мемлекеттік тіл мерейі өсіп келеді

Мемлекеттік тіл мерейі өсіп келеді
ашық дереккөз
Мемлекеттік тіл мерейі өсіп келеді

Тіл – халықтың жаны, қаны. Тілі бар халық – бақытты, оның келешегі кемел, рухы биік, жаны азат, болмысы бүтін, табиғаты таза. Тіл мәртебесі ұлттың ұлылығын, халықтың тарихтағы орнын белгілейді. Халқымыздың тәуелсіздік үшін күресі ең әуелі рухани асыл қазынамыз – тілдің бостандығынан бастау алғандығы белгілі. Бұған Әлихан Бөкейханның өз халқының ана тіліне бостандық берілуін, іс-қағаздарының қазақ тілінде жүргізілуін айтқан сөздері дәлел.

«Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Президент Жолдауында «2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуі тиіс» деп атап көрсетілгені баршаға мәлім. Бұл талаптар мемлекеттік тіліміздің түбегейлі негіздерін күшейтуге, тұғырын биіктетіп, абыройын арттыруға бағытталған нақты қадамдар деп білеміз. Халқымыздың тарихына көз жүгіртсек, ел үшін, ұлт бостандығы үшін күрестің барлығы да тіл үшін күреспен астасып келе жатқаны мәлім. Қазақ тілі түркілік саф тазалығының арқасында өзінің төлтума қасиетін ғасырлар бойы сақтап келеді. Ол халқымыздың рухани алтын діңгегінің мықтылығында болса керек. Ұзақ жылдарға созылған күрестің әділетті шешімі ретінде елімізде Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы мен Ата Заңымызда қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді. Бүгінде осы заңдарымыздың талаптарын жүзеге асырудың, оның баптарын басшылыққа алып, нақты шешімдер қабылдаудың жауапты кезеңдері өтуде. Десек те, бұл ретте көп тіл білудің артық болмайтыны, ол басқа алпауыт мемлекеттермен тығыз қарым-қатынас жасауға өз септігін тигізетіндігі белгілі. Бүгінде үш тұғырлы тіл саясатына мән беріліп жатқандығы да тегін емес. Облыстық әділет департаменті мемлекеттік тіліміздің қолдану аясын кеңейтуге барынша атсалысып келеді. Мемлекет басшысының өткен жылғы 4 желтоқсандағы №126 Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру мақсатында түрлі деңгейде шаралар өткізіліп, белгіленген жоспарға сәйкес жұмыстар атқарылуда. «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы №221 заңының талаптары қатаң сақталып, жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне тиісті жауаптар, өтініш берушінің тілінде беріледі. Бұл департамент қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейінің жоғары екендігінің айқын айғағы. Қазақ тілін төрге оздырудың бірден-бір қадамы – мемлекеттік қызметкердің мемлекеттік тілді білуін қамтамасыз ету болып табылады. Бұл бағытта оңды іс-әрекеттер бізде де қолға алынып келеді. Мемлекеттік қызметке реформа жасаудың арқасында оң өзгерістер баршылық. Департамент қызметкерлерінің мемлекеттік тілді білу деңгейін жетілдіру және жаңадан қабылданған қызметкерлерді мемлекеттік тілдің іскерлік деңгейіне дағдыландыру мақсатында облыстық тілдерді дамыту басқармасының «Мемлекеттік тілді оқыту орталығы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнымен бірлесе отырып, қазақ тілін тереңдетіп үйрету ісі жалғасуда. Биылғы жылы департаменттің 18 қызметкері КАЗТЕСТ бағдарламасы бойынша оқып шықты. Департаментте құжат айналымының көрсеткіші жақсару үстінде. Ағымдағы жылы департаментке 83028 құжат келіп түссе, оның қазақшасы 76 пайызды, орысшасы 24 пайызды құрады. Шығыс саны бойынша 82173 құжат сыртқа жіберілген болса, оның барлығы қазақ тілінде жіберілген. Өткен тоғыз айда «Тіл туралы» заңды насихаттау мақсатында 26 семинар-кеңес, 15 «дөңгелек үстел», 31 дәріс өткізіліп, 30 мақала баспасөз бетіне шықты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш болып отыр. Әділет департаменті қалалар мен аудандарда, мекемелер мен ұйымдарда, мектептерде қазақ тілін насихаттау жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Атап айтқанда, «Тіл туралы заңдарды насихаттау», «Тілге байланысты заңнамаларды жетілдіру мақсатында ұсыныстар мен пікірлер енгізу», «Елбасының Жолдауын іске асыру мақсатында тіл мәселесі бойынша атқарылған іс-шаралар туралы жариялау», «Жалпы ұлттық жоспарды іске асыруға қатысты іс-шаралар туралы насихаттау» және тағы басқа жұмыстар қолға алынған. Бүгінде тілге қажеттілік болмаса оң нәтиже күту мүмкін емес. Бұл бағытта істелетін шаруа ұшан-теңіз. Кез-келген мекеме, кез-келген ұйым қазақ тіліне қажеттілік тудырып, жұмыс істегендері абзал. Облыстық әділет департаменті бұл бағытта сындарлы позиция ұстанып, тіл саясатын жаңа талапқа сай жүргізуге күш салып келеді. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп атап көрсетті. Демек, елімізде мемлекеттік тілге айрықша мән беріледі, ол күн тәртібінен түспейді деген сөз. Бұл ретте «Тіл туралы» заңымыз ана тілімізге тұғыр, барша ұлт тілдерінің құлаш жая дамуына тірек болары сөзсіз. Қазақстанды Отаным деп түсінетін әрбір азаматқа қазіргі кезеңде ұлттар ынтымағын, халықтар түсіністігін, ел тыныштығын сақтаудан асқан мұрат жоқ.

Асхат ОРАЗХАН, облыстық  әділет департаментінің  басшысы.

Ұқсас жаңалықтар